Қала тазалығы – мәдениеттіліктің өлшемі

Пятница, 07 Апрель 2017 05:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 18580 раз

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Шымкенттің ажары оның тазалығына да байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент республикадағы үшінші мегаполиске айналатынын және тұрғындарының саны миллионға жетуі тиіс екенін айтқан еді. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында.

DSC 1509

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Содан болар, көктем, күз мезгілдерінде қала тұрғындары сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуда. Дегенмен өз үйінің ішкі жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Себебі, қоқысты көшеге төгетін, үйдің жоғары қабатынан далаға лақтыратындар да кездеседі. 

Қаламызда 2 мыңнан астам көше, 2010 көпқабатты тұрғын үй, 1400-ге жуық аула бар. Бүгінде 1, 2, 3 санатты 156 көшенің тазалығына санитарлық-тазалық мекемелері жауапты. 

Дамыған шетелдерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Малайзияның тұрғындары бұл жағына өте ұқыпты. Егер көшеге адам темекі тұқылын тастаса, 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісің. Сондай-ақ Германияда тазалықты таңнан кешке дейін комиссарлар қадағалайды. Ережеге бағынбайтындарға заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Сондай-ақ Швейцария әлемнің таза мекені деп есептеледі. Өйткені қала ғана емес, кішкентай елдімекендер де мұнтаздай жарқыраған көрінеді. Бұл заң бәріне қатысты.

DSC 1629

Әрине біздің Шымкент тазалық мәселесінде әзірге Швейцариямен теңесе алмас. Дегенмен Швейцария да бірден бүгінгідей жағдайға жете қоймаған шығар. Ендеше...

 

Қалада қоқыс контейнерлері бар ма?

2016 жылы біздің қаламызда да тазалықты насихаттайтын орындықтар қойылды. «Туған қаламызды бірігіп таза етейік!» деген ұран жастарға әсер етпей қойған жоқ. Бұрын орындыққа отырып, шемішке шағып, сағыз қалдығын тастайтындардың қатары азайып келеді. «Қаламыз таза болса, көңiлiмiз де таза жүредi» деген қала басшысының сөзі жадымызда. Шымкенттің тазалығы үшін өткен жылы 830 қоқыс урнасы қойылды. Бұл тұрғындарға жауапкершіліктің артқандығын білдірсе керек. Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату жұмысы үлкен серпінмен алға басып келеді. Өткен жылы аудандарда 1140 қоқыс контейнерлері қойылды. Бұл көшелердің таза болуына, әрі қала мәдениетін қалыптастыруға тиімді болды. Ал қанатқақты жоба аясында қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлер Қарасу, Қабанбай батыр көшелеріне және теміржол вокзалына орналастырылды. Енді қала тұрғындары үйден шыққан, үй маңындағы қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлерге сала алады.

 

Көше тазалаушы – кемсітетін кәсіп емес

Соңғы жылдары өңірдің шырайы күннен-күнге айшықтала түсуде. 

Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі аз емес. 

Шымкентте «ЛТД Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ», «Югдорсервис» және «СМД» ЖШС тазалық мекемелері қызмет етеді. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды. 

DSC 1649

Алайда олар қала тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек екенін айтады. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. 

– Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Кейде қолындағы умаждалған қағазын, сусыннан босаған баклажкасын тастаған жастарға, кейде тіпті ересек кісілерге ескертсең: «Сендердің жұмыстарың емес пе, сол үшін айлық аласыңдар ғой», – деп кемсітетіндері бар. Біз барлық жағдайда да өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқарамыз, – дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тазалық-санитария бөлімінің жұмысшысы Замира Байтілеуова. 

Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша Шымқалада тағы да 15 көшеге тазалық жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, бұлардың қатарында Сайрам, Бадам-1, Бадам-2, Жұлдыз, Қарабастау елдімекендері бар. Сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығымен бірлескен «Таза қала» байқауы өз жемісін беруде.

 

Асылхандай ағалар көп болса ғой

Иә, «Таза қала» байқауының маңызы ерекше. Қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді.

DSC 1649

2016 жылы байқауға қатысуға 300-ден астам өтініш келіп түскен. ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбектің айтуынша, шымкенттіктер байқау өткізілгелі тазалыққа бей-жай қарамайтын болған. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының да белсенділігі жоғары көрінеді. Байқаудың нәтижесінде Шымқала біршама тазарып қалды. «Қаланың әдемі көшесі», «қаланың таза көшесі» деп айтатын жағдайға жеттік. Айта кету керек, байқаусыз да ауласын абаттандыратын тұрғындар да бар. Мәселен, Еңбекші ауданына қарасты «Ұлағат» шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Асылхан Ағманов шағынаудандағы Айдын көшесін көркейтуге өзіндік үлесін қосып келеді. Зейнеткер өз қаржысы есебінен көше бойына автобус аялдамасын салған. Асылхан аға қариялар мен балалардың күз бен қыстың, жауын-шашынды, көктем мен жаздың ыстық күнінде көлік күтіп тұратынына жаны ашығандықтан осындай игі іс жасапты. 

– Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген бабалар. Әр тұрғын көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Жасыл желек бізге өте қажет. Түрлі кеселден аулақ болу үшін ағашты көбейтіп, аулаларды абаттандыру керек, – дейді бағбан. 

Қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтуге талапшыл тұрғындардың бары рас. Бірақ өкінішке қарай ондай жандар көп емес. Жанашырлық, қамқорлық әрбір адамның жүрегінде болса дейсің. Ұқыптылық санитарлық тазалық мекеме жұмысшыларына ғана керек пе? Әлде тазалық мәселесін «Таза қала» байқауымен ғана шектеу қажет пе? Қала, аудан әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған аяқ жолдар, абаттандырылған аулалар, балалар және спорт алаңшалары қандай?! Мұның бәрі қаланың келбеті, тұрғындардың игілігі үшін ғой... 

Шымшаһар «таза, жасыл қала» ретінде өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол. Сырттан келген қонақтар қандай таза, шырайлы» деп тамсанып, танданса, ол біздің де көңілімізді көркейтпей ме?! Бұл – біздің қала деп мақтанбаймыз ба?!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.