«Forbes»-ке енген кәсіпкер

Пятница, 07 Апрель 2017 09:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6412 раз

Шымкенттің кілемі! Дәл осындай брэндтік атау қалыптастырған еліміздегі ең ірі кілем фабрикасы «Бал Текстиль» деп аталады. Оның орындаушы директоры жас кәсіпкер – Жомарт Керімшеев (суретте). Жас болса да, жауапкершілігі мол жұмысты мойнына алып, оны ойдағыдай атқарып жүрген Жомарттың бұл салаға қызығушылығы ерек. Ол өткен жылы қараша айында Астанада өткен республикалық жастар форумына Оңтүстік Қазақстан облысының атынан қатысып қайтты.

zhomart 27-3

Жас маман текстиль саласын жетік меңгеру үшін шетелде білім алып келген. Кейіпкеріміз елімізде білімін жетілдіріп, жаңа кәсіп меңгеріп, өндіріске жаңалық енгізгісі келетін жастарға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтады. 

– Қазіргі таңда фабрикамызда 260 жұмысшы бар. Оның 70 пайызы – 30-ға толмаған жастар. Кәсіпорын өндірісінде құрылғының барлығы – жаңа технология. Сол жаңа ииновацияны өндіріске енгізуде жастардың рөлі өте жоғары деп ойлаймын, – дейді Жомарт. 

«Бал Текстиль» кілемдерінің өтімділігі 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың фабрикаға ат басын бұрғанынан кейін бірден артқан. Мемлекет басшысы отандық өнімді қолдауға шақырып еді сол кезде. Ал таяуда жасаған Жолдауында Президент: «Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді», – деген болатын. «Мемлекет қолдауымен ОҚО-да кілем және басқа да өндірісті дамыту үшін арнайы экономикалық аймақ құрылды. АЭА аумағында жол, газ, кәріз, су жүйесін жүргізіп берді. Біз ешқандай да салық түрін төлемейміз. 6 гектар жерді 10 жыл тегін пайдалануға берді, жалға беру мерзімі біткеннен кейін кадастрлық құнына сатып алмақпыз», – дейді жас кәсіпкер. Осы орайда төменгі пайызбен «Даму» қорынан несие алған кәсіпорынның кілемдеріне қазірдің өзінде елімізден басқа Ресей, Қырғызстаннан да сұраныстар түсуде. Фабрика жылына 2 миллион 300 мың шаршы метр кілем шығара алады.

zhomart 27-2

Отандық кілемнің мақтаулы шетелдікінен еш айырмасы жоқ. Бельгия мен Германиядан әкелінген қондырғылардың арқасында өнім сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес шығарылуда. Бұршақ дәнінен де кішкентай ақшыл капсулалар. Шымкенттік «Бал Текстиль» кілем фабрикасында өңделген табиғи газ осылай көрінеді. Кілем тоқуға қажетті жартылай пропиленді жіптер фабриканың өзінде шығарылады. Бұл оларға өнім бағасын 20% төмендетуге мүмкіндік береді.

«Бал Текстиль» жетекшісі Жомарт Керімшеевтің айтуынша, алғашқы уақытта халық арасында отандық кілемге таңырқай қарағандар да болған. Қазір тапсырыстың көбі қазақи үлгідегі нақыштарда, ою-өрнектерде болып отыр. «Тапсырыс берушілер қандай ою-өрнек қаласа да, оны орындау үшін жергілікті дизайнерлер барын салуда. Әсіресе жас мамандардың қиялы жүйрік», – дейді кәсіпорын басшылары. 

«Бал Текстиль» ЖШС былтыр қаржылық-экономикалық, іскерлік Forbes халықаралық журналының үздіктер рейтінгісіне енген еді. Себебі, кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» жергілікті байқауының жеңімпазы әрі республикалық «Алтын сапаның» жүлделі екінші орнын иеленген.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.