Жанға жайлы «Жайлаукөл»

Среда, 31 Май 2017 08:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1011 раз

Шымкентте Орта Азияда биіктігі жағынан екінші орында тұрған аттракцион бар. Ол «Жайлаукөл» саябағында орналасқан. Ондағы ойын-сауық орталығы маңында аттракциондар, жайқалған жасыл желек, көзтартар көркем көл, бәрі-бәрі, жаныңызға ерекше әсер сыйлайды. Біз де осынау мамыражай қызыққа толы саябақты тұрғындармен бірге тамашалап қайттық.

DSC 6302

Серуенімізді «Тұлпар» көлінен бастадық. Жағасында қыдырушылар қарасы көп екен. Дені жастар. Көл бетіндегі қызылды-жасылды катамаран мен қайықтар көздің жауын алады. Қақ ортасында «Махаббат аралы» бар. Бұл жас жұбайлардың, жалпы жастардың жиі көңіл сергітетін жері. Аралда тамақ ішетін арнайы орын жасалыпты. Онда асықпай дем алып, махаббат символына айналған қос аққудың қасында серуендеуге болады. Міне, алдымызда катамаранға мінген екі жас сырлы сұхбат құрып келеді. Ал талдың саясындағы орындыққа жайғасқан егде жастағы кісілер атырапты мұқият барлап, көз тастайды. 

DSC 8509

Кенет айналамыз «ызылдап» кетті. Дыбысты іздеп жан-жаққа қараймыз. Сөйтсек, көл үстінде «Сиқырлы сым» орнатылған екен. Онымен адамдар ары да, бері де сырғанап жүр. Үстіндегілер құдды бір джунглидегі Тарзан секілді жіпке жабысып алыпты. 

Біз көрген бұл нәрселердің барлығы да көл маңындағы асханадан анық көрінеді. Ағаштан жасалған ас ордасындағы дем алушылардың назары да осы жаққа ауған. Ауызы аста болғанымен, көзі көлде. Түтіні сызыла көтерілген кәуәп иісі таза ауада демалушы кезкелген кісінің тәбетін ашатыны анық. 

DSC 6379

Көл жағасымен жүріп өтіп, баспалдақпен адамдар жүретін аяқжолға шықтық. Бұны саябақтың «Басты көшесі» десе де болады. Көше бойында түрлі аттракциондар тұр. Бірақ біздің көздегеніміз «Жайлаукөлдің» төріндегі «Shymkent Altyn eye» («Шымкенттің алтын көзі»). Кейбіреулер оны «Алтынай» деп те атайды. Дөңгелек пішінді алып аттракцион ТМД елдері арасында биіктігі жағынан үшінші орында, ал Орта Азия бойынша екінші орында тұр. Қаланы 50 метр биіктіктен көрсететін айналма әткеншектің алдында кезек үзілмейді. Көкке көтеріліп Шымқаланың келбетін тамашалайтындар көп-ақ. Міне, біз де көп ұзамай көпшілік арасына келдік. Біреулер түсіп, біреулер шығып жатыр. «Қалай екен?» дегендей көзіміз күнге шағылысып жоғарыдағыларға қараймыз. Кезек келіп, шағын кабинкаға міндік. Кабинканың ішінде жазда салқындататын, қыста жылытатын құрылғы орнатылған екен.

DSC 6400

Барлығы 18 кабина бар. 1 кабинаның сыйымдылығы – 6 адам. Баяулатып жоғары көтеріліп келеміз. Ең биік нүктесіне жеттік. Шымшаһар алақандағыдай. Қала көрінісі көздің жауын алады. Әсіресе облыс әкімдігі мен жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлер ерекше көзге түсіп тұр. «Қайтпас», «Самал» шағынауданындағы жер үйлер қаз-қатар тізілген. Айналаның барлығы жап-жасыл. Анықтап қарасақ, алдымызда Зообақ, одан әрі Дендросаябақ, оң жақта ипподром, сол қанатта облыстық тарихи-өлкетану және бейнелеу өнерi мұражайы мен салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы, ал артқы жақта этносаябақ, Қазақ елі монументі мен «Бәйдібек би» ескерткіші секілді ұлттық құдылықтар бір маңайға топтаса орналасқан. Маңайымызды асықпай қарап шықтық. Алып аттракцион әуе кеңістігінде 15 минуттай айналды. 

DSC 6320

Төменге түсіп кішкентай балалардың балдай тәтті қызығын тамашаладық. Мұқият құлақ салсақ, саябақтан қазақша әуен қалықтап тұр. Бұл да бір көңілге ерекше сезім сыйлап, жаныңды жадырата түседі екен. Осындай әсермен «Жайлаукөл» ойын-сауық саябағының әкімшісі Исабек Түктібаевпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелестік. Күн ысыған сайын адам қарасы көбейіп жатқанын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. 

– Саябаққа келушілердің қарасы өте көп. Өйткені, саябақ маңы салқын және ойын алаңдарының бағасы келушілердің қалтасына салмақ түсірмейді. Алдағы уақытта бассейндер, аттракциондар, субұрқақтар және тағы да басқа қызықты ойын-сауық орындарын саламыз. Саябақтың аумағы өте кең. Қазіргі таңда біз оның жартысын ғана қамтып үлгердік, – дейді. 

DSC 6262

Жарасымды әңгімеден соң кассаға жақындадық. Маңдайшада аттракциондардың атауы мен бағалары жазылған екен. «Ат каруселі», «Аватар», «Шытырман айна», «Паравоз», «Әуе велосипеді»... Бас-аяғы 22 түрлі ойын аттракционы бар. Басым бөлігінің бағасы 300 теңге. Кассадағы есепшімен де аз-кем тілдесіп, шығатын есік жаққа келдік. Мұнда да қалың жұртты сыртынан бақылап отырған күзетшімен хал-жағдай сұрасып, бір-екі сұрағымызды қойдық. Айтуынша, тынығамын деушілерге күн сайын үзіліссіз сағат 11:00-ден, түнгі 00:00-ге дейін есік ашық. 

Серуеніміздің соңында қақпадағы «Жайлаукөл» жазуын көріп «Музарт» тобы әніне қосқан «Жайлаукөл кештері» еске түсті. Иә, расымен де Шымкенттің аптап ыстығында, тау маңындағы жайлауды еске түсіретін саябақ болды бұл. Осылайша ерекше көтеріңкі көңіл күйде қош айтысып, қала қойнына кіріп кете бердік.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.