Самарқаннан – Астанаға... Избранное

Среда, 07 Июнь 2017 05:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3547 раз

ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында «Самарқан-Астана-Нұрлы жол» жүрдек пойызы жолға шықты. Өзбекстаннан алғаш рет Астанаға жол тартқан №452-ші бағыттағы пойыз Шымкент темір жол вокзалында 20 минут аялдады.

samarqand astana

Сарыағаш вокзалы арқылы Шымкентке жеткен жүрдек пойызды шаһар жұртшылығы сән-салтанатымен қарсы алып, жолаушыларға сәтті сапар тіледі. Айта кетерлігі, қос елге ортақ теміржол бағыты осы жылдың наурыз-сәуір айларында екі ел Президенттерінің Астанадағы, Сарыағаштағы басқосулары және Қ.Мамин бастаған үкіметтік жұмыс тобының Ташкентке баруының нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Бұл пойыз Астана мен Самарқан арасындағы жолды 38 сағатта жүріп өтеді. Жолақы құны – 28 мың теңге. Әзірге аптасына бір рет қатынайды. Жол бағыты жұма күні Шымкент арқылы Астанаға жол тартса, жексенбіде Шымкенттен Ташкент арқылы Самарқан бағытына шығады. Пойыз Сарыағашта 1 сағаттан аса, ал Шымкентте 20 минут тоқтайды. Жолаушыларға ескерте кететін жайт, егер Өзбекстанға өтуіңіз керек болса, халықаралық төлқұжаттың болуы шарт.

Жаңа теміржол бағыты бауырлас елдердің сауда-саттық, туризм және мәдени байланыстарын нығайтады деп күтілуде. Сонымен қатар, елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қонақтарды тасымалдауға айрықша атсалыспақ.