×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қаланың бас мешітІ – халық игілігіне

Среда, 07 Июнь 2017 06:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1936 раз

DSC 8139

Рамазан айының қасиетті жұма күнінде Шымкенттегі Ордабасы алаңында орналасқан Абдулxамид Қаттани мешіті күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Құрылысы 8 айға созылған ғимараттың қасбеті толығымен ақ мәрмәрмен апталыпты. Жаңарған мешітті жамағатқа қайта табыстау үшін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов салтанатты шараға қатысып, тұрғындарға ізгі лебізін жеткізді.

– Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы 103 мешіт тұрғындарға қызмет етеді. Бұл қатарда, қаланың бас мешіті мәртебесіне ие нысанның жөндеу жұмыстары жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асты. Сауапты іске үлес қосқан Дархан Сатыбалды, Әсет Қайыпбеков сынды азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – деп атап өтті Ғабидолла Рахматоллаұлы. 

imam

Айта кетейік, құлшылық үйі 1997 жылы бой көтерген. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген мешіттің ішкі-сыртқы келбеті аздап ескіре бастаған болатын. Осы орайда, мешіт әкімшісі, бас имам Бақдәулет Әбдірахманов мешіт ғимаратын ретке келтіру үшін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтан көмек сұраған болатын. Игілікті шараға ұйытқы болған шаһар басшысы аталған нысанды күрделі жөндеуден өткізіп беруге уәде еткен. Нәтижесінде, өткен жылдың қазан айында басталған жөндеу жұмыстарын «Сити-Строй» ЖШС жүргізіп, қасиетті Рамазан айында қала тұрғындарының игілігіне берді.

Нысанның ішкі қасбетін әрлеуге арнаулы мешіт безендірумен айналысатын ұсталар Ташкент қаласынан шақырылған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, мешіт ауласындағы қорған-қоршаулар алынып, сауда-саттықпен айналысатын дүңгіршектер өз қызметін тоқтатыпты. 

DSC 8159

Мешіттің есік-терезесі, едені, жарық, жылу жүйесі де жаңаланған. Кілем-төсеніштер де ауыстырылды. Енді мұнда 60 кісіге арналған дәретхана да бар. Мешіттегі қабылдау және құран оқу мен әйелдерге арналған бөлме, діни қызметкерлердің залы толығымен соңғы заманауи үлгідегі жаңа жиһаздармен жабдықталды.

Мешіт аумағында 250 орынды асхана мен діни дүкендер де қызметін бастады. Құлшылық үйінде 15 діни қызметкер жұмыс істейді. 

DSC 8114

Сауд Арабиясына қарасты Қаттани ауылының азаматы Абдул Хамид Қаттанидің демеушілігімен бұл нысанның құрылысы 1995 жылы басталып, 1997 жылғы қарашада пайдалануға берілген. Сол себепті, бұл ғимаратқа осы қайырымды жанның есімі берілген.

Мешіт ғимараты үлкен намаз оқу залы, Құран оқу бөлмесі, имам бөлмесі, наиб имам мен баспасөз хатшысының бөлмесі сынды 7 бөлмеден тұрады. Ішкі сиымдылығы 800 орындық болса, сыртымен қоса есептегенде 2000 адам бір уақытта намаз оқи алады.

Тек, 2006 жылғы шілде айында күмбез жаңартылып, алтын түстес сары металмен қапталды. Елордадағы «Нұр-Астана» және Алматы орталық мешітінен кейінгі елдегі күмбезді мешіттің бірі осы «Абдул Хамид Қаттани» мешіті.

DSC 8105

Күмбездің тотықпайтын алтын түстес сары қаңылтыры балық қабыршығының көрінісін білдіретін өрнекпен өрнектелген. Күмбез ішіне «Фатиха» сүресі жазылып, бұған қосымша мешіт михрабының көрінісі бейнеленген. Михрабта «Аятул курси» сүресі өрнектелген.

Мұнда дінімізді насихаттау үшін арнайы кітапхана, дәрісхана бөлмелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, көпшілікке рухани көмек көрсету мақсатында «Сабырлық» бөлмесі ашылған.

Мешіт айналасы электр шамдармен жаңартылып, жеке жылыту газ қондырғысы орнатылған. Ауласында 100 автокөлікке лайықталған арнайы автотұрақ бар.

Мешіт ауласында Діни басқарманың ислам дінін насихаттайтын, арнайы сараптаудан өткен кітаптары мен кітапшалар, қолөнер бұйымдары, ислами тұрғыдағы т.б. да түрлі заттар сататын дүкендер мен қатар, Астанадағы Хазрет Сұлтан мешітінің «Мұмтаз» кафесінің осындағы бір бөлімшесі жұмыс істейді. 

Діни басқарма өкілдерінің айтуынша, Тәуелсіздікке дейін ел аумағында 68 ғибадат үйі қызмет еткен болса, бүгінде ҚМДБ-ға қарасты 2500-ден астам мешіт бар. Оның 808-і Оңтүстік өңірінде тіркелген.