×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Бүлдіршіннің есімі – Астана

Среда, 05 Июль 2017 09:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4594 раз

Шымкент қаласында Астана есімді екі жасар бүлдіршін тұрады. Ақсары келген, сөзі балдай балақай дүниеге келгенде атасы Жамбыл немересінің есімін өзі таңдап қойған екен.

5

Бүгінде «Самал-2» шағынауданында тұратын Молдабаевтар отбасын жергілікті тұрғындар жайдары, көпшіл мінезіне сай парасат иелері ретінде таниды. Отбасында төрт ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірген Жамбыл қария көршілес Өзбекстан елінен Шымкент қаласына 2004 жылы көшіп келіпті. Бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған атай Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Шыназ ауданында 20 жыл бойы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінде басшылық міндетін атқарған.
– Біз тұрған Шыназ ауданында 18 қазақ мектебі болды. Яғни, қазағы басым ауданда ұл-қыздарым өз тілі мен ұлттық дәстүр, мәдениетінен алшақ кеткен жоқ. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң, тәуекел етіп, елге оралуды жөн көрдік, – дейді ол.
2014 жылдың 30 желтоқсанында атайдың екінші ұлы – Тұрланның отбасында ұл бала дүниеге келді. Бұл Тұрлан мен Меруерттің көптен аңсаған қуанышы еді. Үш қыздан кейін көріп отырған ұлының есімін қоюды балалары Жамбыл қарияның қалауына қалдырады. Нақ сол сәтте бір байламға тоқтаған атай Қазақ мемлекетінің еңсесін тіктеп, арман қалаға айналған Астананың құрметіне нәрестеге қала атауын беруді ұсыныпты.
– Астана өз қатарластарымен салыстырғанда өте қабілетті. Естіген өлең сөздерін жылдам жаттап алады. Мейірімді, көпшіл, қолына тиген бар тәттіні өзгелермен бөлісіп жүреді. Билеген кезде де алдына жан салмайды әрі өте бауырмал, – дейді атасы.
Қазіргі таңда бүлдіршін «Алтын арай» балабақшасының сәбилер тобында тәрбиеленуде. Айтпақшы, осыдан бір ай бұрын ғана Тұрлан мен Меруерттің отбасын толықтырып, тағы бір сәби дүниеге келді. Оның есімін әкесі Әсел деп қойыпты. Бұл – Жамбыл атайдың ұл мен қыздан тараған отызыншы немересі екен.
Байқағанымыз, ойын қызығына енген Жамбыл атайдың кішкентай немерелері шынында да, аса зерек-ақ. Үлкен баласы– Ертайдың ұлының есімі—Нұрсұлтан. Елбасының құрметіне қойылған. Ол жуырда ғана Ақтөбе қаласындағы «Ұлан» әскери училищесінің бірінші курсын тәмамдап келіпті. Талапты жас алдағы болашақ өмірін ұшқыш мамандығымен байланыстырғысы келетінін айтады. Ертайдың онан кейінгі ұлы Мұса биыл Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағыты бойынша 10 сыныбын бітірген.
– Ендігі Алладан медет етер арман-тілегім – Қазақ мемлекетіне адал қызмет етіп, абыройға жеткен балаларымның орындалған мақсатын сезіну ғана, – дейді Жамбыл қария. Татулығы жарасқан отбасы мүшелерінің ырысты да қарышты тіршілігін зерделей отырып, біз де атайдың асыл армандарының орындалуын іштей тіледік.