Жол сапасы – жіті бақылауда Избранное

Пятница, 28 Июль 2017 05:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3680 раз

Шымкент қаласының көшелерінде орташа жөндеу, аяқжолдар салу жұмыстары қызған шақ. Жыл басынан бері 71 көшеде орташа жөндеу аяқталды. Таяуда мердігер анықталып, тағы 12 көшеде қайнаған құрылыс басталып кетті. Ал аяқжол құрылысы 11 көшеде жүріп жатыр. Оған 175 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Әрине, құрылыстың сапасы – басты назарда. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі тікелей бақылап, мамандарға тиісті міндеттер жүктеген.

DSC 8657

Қала әкімінің тапсырмасы орындалуда

Өткен жылы қала көшелерінде аяқжол салуға 1 млрд теңге жұмсалған еді. Қала әкімі халықпен есепті кездесуде осылай деген. Бұл – қаланың тарихындағы елеулі оқиға. Биыл да жұмыстар жоспарға сай жүзеге асады. 

Бүгінде 12 көшеде орташа жөндеу жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының берген мәліметінше, жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталмақ. Бұл мақсатқа 795 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Алдымен қаланың орталық көшелері – Темірлан тас жолы, Иляев көшесінде (Еңбекші ауданы) құрылыс қарқын алғанын айта кетейік. Сонымен қатар, Ұлықбек (Сайрам тұрғын алабы), Балқыбеков («Таскен» шағынауданы), Жамауов және Наурыз (жалғасы) көшелері (Қайтпас 1 шағын ауданы), Алатау көшесі, Абылай хан («Тұрлан» шағынауданы), Бақшалы («Қазығұрт» шағынауданы), Мұқанов («Қызылжар» шағынауданы), Сареми көшесінде (Тассай бөлімшесі) де құрылыс қарқынды. 

Бұл жұмыстарды межелі мерзімде аяқтау «Береке А» корпорациясы», «Шымкент дорстрой» ЖШС, «Арт-құрылыс», «Строй монтаж» және «Отан құрылыс» ЖШС-не жүктелген.

DSC 8683

Аяқжолдар құрылысы қарқынды

Соңғы кездері қалада аяқ жолдарды ретке келтіру шешімін тапқан. Жұмыстар одан әрі жалғаспақ.

Мәселен, биыл жалпы ұзындығы 14 шақырым 11 көшеде аяқжол құрылысы салынатыны мәлім болған-ды. Бұл үшін қазынадан 175 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Мердігер мекеме – «Ата Нұр құрылыс», «С. Строй – Экспорт» ЖШС-і. 

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне көз салайық. Бүгінде қалада Айдарқұл (Жаңаталап тұрғын алабы), 8 наурыз («Қарасу» шағынауданы), Бабашұлы («Таскен» шағынауданы), Құртаев («Қызылжар» шағынауданы), Игілік («Самал 3» шағынауданы), Шымқорған («Шаңырақ» тұрғын алабы), Сәтбаев («Тұрлан» шағынауданы), Бекболатов көшесінде («Құрсай» шағынауданы), «Қайнарбұлақ» саяжайында аяқжолдар салынып жатыр. 

DSC 8716

Қала әкімі құрылыс сапасының деңгейін қадағалауына алған. Бұған дейінгі жөндеу жұмыстарының нәтижесіне тұрғындар шағым айтқан еді. 

– Кейбір жөндеу жұмыстарының игілігі бір жыл уақыт мерзіміне де жетпейді. Құрылыстың сапасына тікелей өзім бақылау жасаймын. Сапаға салғырт қарайтын жауапты мердігер мекеменің жұмысы қабылданбайды. Бұл ретте, қызметін тиянақты әрі жылдам атқара білетін шетелдік мамандардан лайықты үлгі алған жөн, – деген еді қала әкімі.

Сол себептен, құрылыс жұмыстардың сапасына жіті мән берілуде. Оған қоса, мамандар жұмыс өз мерзімінде аяқталатынына сенімді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.