Мемлекеттік бағдарламалар дамуға серпін береді Избранное

Пятница, 28 Июль 2017 06:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 573 раз

Биыл Шымкент қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6 мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы бойынша баяндама жасаған қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Абай Тұрханов мәлім етті.


Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда қала аумағында 7 мектеп және 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 12 миллиард теңге бағытталған. Салынып жатқан 6 мектеп ғимараты биыл жыл соңына дейін, ал 558 пәтерлі 11 тұрғын үй ғимараты алдағы қыркүйек айына дейін пайдалануға тапсырылмақ.

Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов бағдарлама аясында қала аумағында салынып жатқан кәріз жүйелерінің бүгінгі ахуалын мәлім етті. Атап айтқанда, бұл бағытта несиелі қайтарма негізінде 4 жоба қарастырылған. Яғни, «Самал», «Самал-2», «Солтүстік-Батыс» және «Қайтпас-1» шағынаудандарындағы 19 көшеге кәріз жүйелері салынып, нәтижесінде, 15 695 абонент қажеттілікпен қамтылмақ. 

Тиісінше, қала аумағын кәріз жүйесімен қамту жұмыстары 42-ден 49,1 пайызға ұлғаймақ.

– Аталмыш бағдарламаның тиімділігі жөнінде жергілікті БАҚ арқылы тұрғындарға нақты түсінік берілуі тиіс, – деді Ғ. Рахматоллаұлы. 

– Жыл өткен сайын бағдарлама шеңберінде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы жанданып, бағытталған қаражат пен жұмыс ауқымы айтарлықтай арта түсуде. Әсіресе, «Шымкент сити» және «Әкімшілік-іскерлік орталығында» заманауи талапқа сай бой көтерген нысандар қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге, қаланың сәулеттік кескін-келбетін мегаполис атына сай етуге мүмкіндік берері сөзсіз.

DSC 8873

Күн тәртібінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды шараларға арнайы талдау жасалды. Атап айтқанда, бұл салаға 371 тұрғын үйдің құрылысы үшін республикалық бюджеттен 7,8 миллиард теңге бағытталған. Оның 85-і биыл пайдалануға беріледі.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.


turgyn-ui-59


Қазіргі таңда қала аумағында 7 мектеп және 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Салынып жатқан 6 мектеп ғимараты биыл жыл соңына дейін, ал 558 пәтерлі 11 тұрғын үй ғимараты алдағы қыркүйек айына дейін пайдалануға тапсырылмақ


Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

2012 жылдың маусым айынан бергі уақытта «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі қызметін атқарып келеді. 2014 жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін қала әкімдігінің ресми ВЭБ сайтында қызмет етеді.