17 жаңа бағдаршам орнатылады

Пятница, 28 Июль 2017 06:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4248 раз

Қалада тұрғындардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар шаруалар қолға алынған. Жаңадан бағдаршамдар, жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары кестеге сай істелінуде. Биыл қалада жалпы 17 бағдаршам орнату жоспарланған. Бұл мақсатқа 170 млн теңге бөлінген.


Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, әзірге бағдаршамдардың темір бағандары қойылып біткен. Биыл Шымкентте жаңадан орнатылатын бағдаршамдар Т. Рысқұлов – Ә.Дулатов, Ж. Тәшенов – Майлы қожа, Ақпан батыр – Мәделі қожа, Ю. Гагарин – Ақсуат («Тұрсын ай» аялдамасы), Ленгір тас жолы – Бадам бұрылысы, Қ. Қазиев – К. Әділбеков, Шардара көшесі, № 93 жалпы орта мектептің бұрылысы, Қапал батыр – К. Цеткин, Ю. Гагарин – Ә.Дулатов, «Қайнарбұлақ» саяжайы – Орталық көшесі аумағында.

Бәрі де қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде көтерілген мәселелер. Бұл ретте білім бөлімі, ішкі істер органының қызметкерлерімен бірлесе жұмыс топтары құрылған. 

– Бұл аумақтардың барлығы жіті зерттелді. Қай жерлерде көлік ағыны көп, сол жерлерге қойылады. Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Көп жерде темір бағаналарды қою аяқталды, – дейді Н. Сүгірәлиев. 

Өткен жылы жалпы 20 нысанда бағдаршам орнатылды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тоғыз білім ошағының – № 16, 30, 59, 82 жалпы орта мектептердің жанында бағдаршам қойылды. 

Сондай-ақ, жыл басынан бері биыл 350 метр жасанды жол кедергілері қойылыпты. Негізінен, оның көбісі Сайрам ауданынан қосылған елдімекендердегі мектептердің аумағында. 

Дегенмен, көлік ағыны жоғары көшелерде жасанды жол кедергілері тез бұзылатын көрінеді. Ауыр жүк көліктері өтетін нысандар жиі істен шығады. Мамандар оларды ауыстыру жұмыстары да тұрақты жүргізілетінін айтады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.