Версия для печати

Шымкент – қойнауы қазыналы, шежірелі шаһар Избранное

Пятница, 04 Август 2017 05:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5003 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Cәуір айында Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Сол кезде «Бұл саяси маңызы зор құжат дер кезінде жарияланды», – десті зиялы қауым өкілдері. Мақалада көптеген ауқымды мәселелер мен оларды шешу жолдары да көрсетілді. Онда Президент «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруді, ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керектігін алға тартты.

DSC 0958

Бұл саяси құжаттың соңын ала Президент өңірімізге арнайы іссапармен келді. Сол жолы Елбасы: 

– Оңтүстік – еліміз үшін ерекше маңызы бар аймақ. Мұнда 800-ге жуық тарихи ескерткіш бар. Өңірдің туризмнің ордасы болуға да мүмкіндігі мол, – деп оңтүстіктің тарихқа тұнып тұрған өңір екенін айтқан болатын. 

Рас, Оңтүстікте киелі жерлер көп. «Сайрамда бар – сансыз баб, Отырарда – отыз баб, Түркістанда – түмен баб. Бабтардың бабы – Арыстан баб» делінетін ел аузындағы сөз тектен-тек айтылмаған. 

Ішкі туризмді дамыту туралы көп айтылып, жазылып жүр. «Оңтүстік туризм» орталығының кеңесші маманы Ариза Рысқұлбекова өңірімізге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көп келетінін айтады. 

– Барлық туристер ең алдымен Түркістанды көргісі келеді. Бұдан басқа, облыс орталығы мен оның маңында тарихи және сәулеттік көз тартарлық мекендер, қажылық орындар, қорықтар баршылық. Қожа Ахмет Ясауи мен Отырар қаласының жанындағы Арыстан-баб кесенелері, Отырар, Сауран қалашықтары, сол сияқты Қаратаудың етегінде жатқан Үкаша ата құдығының сыры да тым тереңде жатыр, – дейді орталық кеңесшісі. 

DSC 0995

Өлкенің тағы да бір қызықты ауданы – сан ғасырлық тарихы бар Сайрам. Шымкенттің төңірегінде Азиядағы ең ескі Ақсу-Жабағылы қорығы, қаладан 50 шақырымда Біргөлік тоғайлы сай-саласы орналасқан. Мөлдір өзендер ағатын, тау текелер, аюлар, тіпті қар қабыланы да кездесетін көркем Сайрам-Су шатқалы өзінің екі түсті көлімен әйгілі.

 

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ

«Оңтүстік туризм» орталығының кеңесшісі Ариза Жеңіскелдіқызының мәлімдеуінше, Қазақстанға келетін туристердің басым бөлігі алдымен Шымкентке тоқтайды. Себебі Шымкент – тоғыз жолдың торабы. 

– Соңғы бір жарым жылда өңіріміздегі ішкі туризм көрсеткіші 90 пайызға жоғарылап, 3300 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары, – дейді Ариза. Әсіресе жергілікті тұрғындар шетелден гөрі өзімізде демалғанды жөн санайтын болған. «Соған сәйкес біздегі демалыс орындарының саны да жыл санап көбеюде. Шымкент қаласының өзінде 300-дей, ал ОҚО бойынша 600-ге жуық мейрамхана бар. Демалыс аймақтары да көп. Жылына кемі 15-20 демалыс орны ашылуда», – деді Ариза Рысқұлбекова. 

Мәселен ЭКСПО қарсаңында Отырар ауданында «Алаш» атты этноауыл ашылды. Мұнда ат пен түйеге мініп, ауылды айналып қана қоймай, дәстүрлі қазақ асханасынан дәм татуға болады. Қолөнер шеберлері ұлттық бұйымдарды қалай жасау керектігін үйретеді. Туристер бейне бір «уақыт зымыранына» мініп алып, терең де бай тарихымызға қайта енгендей әсер алары сөзсіз. Бүгінге дейін «Алаш» этноауылына әлемнің 20 елінен туристер келіп үлгерген. Олардың арасында АҚШ, Германия, Франция, Польша, Сингапур елдері де бар. 

DSC 8205

Ал ОҚМПИ профессоры Сағынғали Әбубәкіров әлі де туристерге қолайлы жағдай жасалынуы тиіс екенін айтады. «Біздегі туризм саласында экскурсовод-гидтерді дайындайтын мамандық жоқ. Тарихшы – экскурсовод емес қой. Шетелдерде таксистердің өзі экскурсия жүргізе береді. Ал бізде кәсіби экскурсоводтар санаулы ғана. Осы мәселені де ескеру қажет!» – дейді тарихшы.

 

ШЫМКЕНТТІҢ БАСТАПҚЫ ПІШІНІ ҚАНДАЙ ЕДІ?!

Қазақтың ҰҒА академигі, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев «Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала» деп мәлімдегені белгілі. Шымкент – тарихқа тұнған өлке. Есімі жалпақ жұртқа танымал археолог: «Қаладағы Фосфор зауыты, «Қайнарбұлақ» саяжайының төңірегінің бәрі археологиялық нысандар. Бұл жерде ешқандай қазба жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ», – дейді бір сұхбатында. Шаһардағы археологиялық нысандардың, мәдени ескерткіштердің, жәдігерлердің сақталуына байланысты өлкетанушы Өмірбек Шыныбекұлы өз ойын ортаға салды:

– Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстарын бей-берекет жүргізіп, қаламыздың тарихи орындарының үлкен бөлігін жоғалтып алдық. Қайта қалпына келтіреміз деп, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония орналасқан ғимараттың бастапқы пішінін мүлдем өзгертіп жібердік. Соның қарсы бетіндегі тағы бір тарихи нысан – «Адвокаттар коллегиясы» орналасқан ғимаратты өрт шалды. Сол маңдағы «Қазпочтаның» Бас ғимаратын сақтауымыз керек. Ю.Гагарин, Ш.Қалдаяқов көшелерінің бойында, бұрынғы Қорғасын зауыты ауданында орналасқан 1930-60 жылдары салынған ғимараттар баршылық. Осы ғимараттардың бәріне инвентаризация (мүлікті түгендеу) жүргізу керек, – дейді зерттеуші. Оның айтуынша, ол маңды туристерге көрсетіп қана қоймай, тарихи фильмдер түсіретін алаң ретінде пайдалануға болады. 

DSC 8925

Шымкент тек қазақстандықтардың ғана емес, таяу және алыс шетел тұрғындарының назарын өзіне аударып, туристік орталыққа айналуды жоспарлайды. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бұрнағы жылы Шымкенттің – Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қала екенін айтып еді. 

– Ертеде мұнда түрлі мәдениеттер тоғысқан. Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі өтуде. Азия мен Еуропаны жалғап жатқан бұл құрлықтық көлік дәлізінің Шымқаламыз үшін экономикалық пайдасы мол. Сондықтан, қаламыздың туристік әлеуетін арттыру үшін туристік кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет, – деген болатын шаһар басшысы. 

Расында Шымқаланың туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Қалада туристерді тартатын орындар баршылық. Мәселен мұражайларды алып қарайықшы. 95 жылдық шежіресі бар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында келушілердің назарына төрт экспозиция залы қойылған. Мұражайдағы бағалы жәдігерлердің бірі – «Қазақ хандығы және қазіргі заман» залындағы Кенесары ханның қылышы. Бұл тарихи құнды жәдігерді 1931 жылы ханның немересі Әзімхан мұражайға арнайы тапсырған. 

Одан кейін облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы да қала қонақтарына зұлмат жылдар тарихынан мол мағлұмат береді. «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мұражайында Ұлы Отан соғысы жылдарының құнды жәдігерлері сақтаулы.

 

ЕЛДІГІМІЗДІ ӘЙГІЛЕГЕН

DSC 1090

Шымкент қаласының солтүстік беткейінде «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Екі бөліктен тұратын кешеннің алғашқы бөлігінде «Этносаябақ», «Бәйдібек би» ескерткіші, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік композициясы, даналар сөзі орын тепкен. Ал мәдени-сауықтыру бөлігінде «Жайлаукөл» саябағы, «Наурыз» алаңы, «Қазақ ауылы», ипподром, тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр орталығы бар. Әрқайсысы қазақ халқы мен көне шаһардың терең тарихынан сыр шертеді. 

«Этносаябақтың» жоғарғы жағында орналасқан 20-дан астам тарихи-сәулет ескерткіштің макеті арқылы сол қасиетті орындармен танысуға мүмкіндігіңіз бар. Біле білсек, мұндай шаһар тарихы мен келбетін айшықтайтын бірегей нысан біздің Шымкентте ғана бой көтерді. 

– Шымкент қаласын Халықаралық туризм орталығына айналдыруға толық мүмкіндік бар. Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған Дендросаябақ, Зообақ, Балалар темір жолымен біз мақтана аламыз. Тек, Балалар темір жолын қайта жөндеуден өткізу керек. Соңғы жылдары ғана салынған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 140 000-нан астам оңтүстікқазақстандық майдангердің есімі жазылған ТМД елдерінде теңдесі жоқ «Даңқ» мемориалы, «Тәуелсіздік» саябағы, Жаңа Әкімдік-Іскерлік орталығын кім-кімге де мақтанышпен көрсете аламыз. Бұрынғы «Тұлпар» көлі қайта жөндеуден өткен соң тіпті құлпырып кетті, – дейді Өмір Шыныбекұлы.

 

ШЫҒЫС СТИЛІНДЕ ҚАҚПАЛАР САЛЫНСА...

Шымкент – көне қала деп жиі айтамыз. Бірақ, Еуропаның көне қалаларымен салыстыра қарасақ, бізде ескіліктің ешқандай да иісі сезілмейтіндей... Еуропа демекші, Чех астанасы Прагада болғанымызда, ондағы мыңжылдық тарихи нысандардың қалаға ерекше көрік қосып тұрғанын көзіміз көрді. Еуропаның ең көне қаласы болып саналатын Прагада осыдан нешеме ғасыр бұрын салынған құдықтар, мазарлар, т.б. бәрі қаз-қалпында сақталған. Тұрғындарымыз ең алдымен шетелдегідей тазалық пен тарихи нысандарға құрметпен қарауды үйренуі қажет. Сондықтан осы бағытта ағартушылық жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. 

ОҚМПИ профессоры Сағынғали Сандыбайұлы Шымкент туризм мекеніне айналуы үшін қаланың сыртқы қақпаларын салуымыз керек деген ұтымды ұсынысын жеткізді. 

– Мәселен, осыдан 15 жыл бұрын 2000 жылдығын тойлаған Тараз қаласының кіреберісінде үлкен тарихи қақпа тұр. Ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһарға табаның тигені сол шығыс стиліндегі қақпадан-ақ сезіледі. Шымкенттің Алматыға шығатын жолында түйелердің ескерткіштері жақсы салынған. Алайда, қақпа жоқ. Түркістан мен Ташкент жақтан кірген кезде де биік, алыстан көз тартатын қақпа салынса... – дейді тарихшы. 

Шаһарымызда мыңжылдықтар тоғысынан келе жатқан тарихы терең орындардың бірі – Қошқар ата өзені. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың мұрындық болуымен екі жылдан бері Наурыз мерекесінің қарсаңында «Қошқар ата сейілі» мерекесі ұйымдастырылып келеді. Тек қана Оңтүстік жұртшылығына ғана тән бұл мереке соңғы рет жүз жыл бұрын тойланған екен. Сейілге жиналғандар қазақтың ұлттық бұйымдар көрмесі мен мерекелік бағдарламаны тамашалап, қазақ күресі, кір тасын көтеру, асық ойыны, қол күресі сынды спорттық шараларға куә болады. Бұл да бір біздің қаламыздың тарихы мен мәдениетінің рухани жаңғыруының көрінісі болса керек. 

 

«ЕСКІ ШАҺАРДЫ» ЕСКЕРУ КЕРЕК!

Облыс әкімі Ж.Түймебаев өзінің өткен жылғы халық алдындағы есеп беруі кездерінде қала бойынша «Ескі шаһардағы» ескі үйлер бұзылып, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынып, тарихи цитадель салынатынын жеткізген еді. Елімізге белгілі қоғам қайраткері Оразалы Сәбден бір кездері «Түркістанда жаңа үйлер салмайық! Бәрі қаз қалпында қалсын» дегендей ұсыныс айтқаны есімізде. Тарихшы Сағынғали Сандыбайұлы «Ескі шаһардағы кейбір үйлерді, мешіттің айналасын сақтап қалу керек» деп есептейді. Ал өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы «Ескі шаһарды» толықтай сақтауға үлкен қаржы керек» дейді.

– Қаптаған сауда орындары мен кеңес заманында салынған ығы-жығы үйлерді бұзып, иелеріне өтемақы төлеуді қала бюджеті қазір көтере алмайды. Тек бекіністің орнындағы төбені сақтай алсақ та жарар еді. Қазба жұмыстарын жүргізіп, аспан астындағы музей етуге болады. Қазір қала аумағына енген Сайрам қыстағындағы ескерткіштерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Одан өзге, қаламызға тиіп тұрған Ханқорған ауылындағы Абылай ханның ордасын да музейге айналдыруға болады, –дейді өлкетанушы.

Тобықтай түйін. 2200 жылдық тарихы бар Шымшаһардың келешегі кемел деп білеміз. Қаланың ХХ ғасырдан астам тарихи жасын рәсімдейтін уақыт та жақын қалды. Бұл туралы белгілі археолог Б.Байтанаев мәлім етті. 

Енді туризмді дамыту тетіктері дұрыс іске қосылса, тарихи-мәдени нысандарға, қасиетті жерлерге арнайы маршруттар ұйымдастырылса, Шымкенттей көне қаланың қайта жаңғыруына және шаһардың шырайын арттырып, беделін биіктетуге үлкен мүмкіндік берер еді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.