АЛЫС ШАҒЫНАУДАНДАРДА спорт алаңдарын ашуға ұсыныс жасады Избранное

Пятница, 18 Август 2017 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4475 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, онда бірқатар бөлім басшылары 7 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

DSC 3725

Жиынды Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай жүргізіп отырды. 

Қоғамдық кеңесте қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева бала тәрбиесі, білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар жайлы мәлімет берді. Ол жаңа 2017-2018 оқу жылына және жылу маусымына мектептер мен барлық мектепке дейінгі мекемелердің дайын екенін айтты.

Кеңесте сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбдіжаппар Сәкен қалада жұмыс істеп тұрғанына 30 жыл болған кітапханаларды заман талабына сай жаңарту жайын сөз етті.

– Қала бойынша 38 кітапхана жұмыс істесе, оның 9-ында ғимарат жоқ. Осыған байланысты 9 кітапхана келісімшарт негізінде жоғары оқу орындары мен әкімшілік ғимараттарында орналасқан, – деді Әбдіжаппар Сәкенұлы.

DSC 3684

Кітапхана мәселесі өзекті. Қаладағы 38 кітапханаға кімдер барып жүр? Олар іздеген оқулығын таба алды ма? Кітапханалардағы кітап қоры қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Қоғамдық кеңес мүшелері ой бөлісіп, 38-дің бәріне жаңа ғимарат салмай-ақ, оларды біріктіру мәселесін алға тартты. Сонымен бірге, оқырманның көбі ғаламторға байланған бүгінгі таңда кітапханалардың электронды нұсқасын ашу туралы пікірлер де айтылды. 

Көше атауларын жаңарту, қала шетіндегі шағынаудандарда мәдениет үйі немесе апатты жағдайдағы клубтарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жайлы ұсыныстар да тыңдалды. Ал Қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Мәди Бегалиев қала аумағында газет сататын мемлекеттік дүкендерді ашу туралы ұсыныс жасады.

– Кейбір маңызды оқулықтарды іздейміз. Жергілікті басылымдарда жарық көрген ақпарат, сұхбат, өзімізге қатысты материалдар жарық көрген газетті оқиын десең, еш жерден таппайсың. Қаладағы жекеменшік газет сатушыларда ақпараттық бағыттағы жергілікті басылымдарды табу өте қиын. Алматы мен Астанада ғылыми оқулықтар мен ақпараттық, саяси, қоғамдық бағыттағы жергілікті басылымдарды сататын бірер дүкен біздің қаладан да ашылса, – дейді белгілі хирург.

Жиында сөз болған маңызды тақырыптың бірі – қаланың шеткі аудандарындағы тұрғындарға арналған ойын алаңшалары. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Намазбай Әбдіқұлов салауатты өмір салтын ұстану бағытында әлі де көп жұмыстар атқару қажеттігін айтты.

DSC 3708

– Қала орталығында ойын алаңшалары, жаттығу жасайтын орындар көп-ақ. Алайда, біз орталықтан алыста орналасқан шағынаудандарды, шет жақтағы тұрғындарды ескеруіміз қажет. Оларға орталыққа қатынау қиынға соғады. Күнделікті кешкісін доп қуалап, бой сергітетін орын қарастыру қажет-ақ. Осы орайда, шеткі аудандарда орналасқан мектеп аулаларын дәріс уақыты аяқталғаннан кейін жергілікті тұрғындардың пайдалануына бір мезгіл рұқсат ету мәселесін қарастырсақ, – деген ұсынысын жеткізді.

Расында қырда тай-құлындай тебісіп өскен қазақтың кейінгі буыны смартфонға тәуелді болып барады. Егер шеткі аудандардағы ойын алаңшаларының мәселесі қолға алынса, балалар бос уақытын салауатты өмір салтын ұстануға жұмсар ма еді?..

Келелі кеңесте қозғалған кейбір өзекті мәселелер келесі мәжілісте көп талқысына салынбақ. Бұл туралы Қоғамдық кеңес мүшелері бөлім басшыларына ескертіп, ұсыныс бірауыздан мақұлданды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.