Шырайы артқан шаһар Избранное

Пятница, 18 Август 2017 05:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3450 раз

18765679 1924006274512397 6249111839438146980 n-1

Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан үш ірі мегаполистің бірі. Соңғы жылдардың бедерінде қаламызда халық саны едәуір артып, миллионға жуықтады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мамыр айында Оңтүстікке жасаған сапары кезінде: «Биыл Шымкенттi миллион тұрғыны бар қала деп жариялаймыз. Миллионды шаһар осылайша өңiрдiң дамуына тың серпiн береді», – деген болатын. Халқы еңбекқор құтты қала жыл санап түрленіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді.

 

«Шымкент СИТИ»-ге шетелдіктер де қызыға бастады

Көпшілікке мәлім, Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осы Тұжырымдама аясында Елбасының қолдауымен қаламызда жүзеге асып жатқан ерекше жобаның бірі – «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені. Қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында 427 гектарды алып жатқан ол аумақта бүгінгі таңда жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары қарқын алған. 

3c0df91f-7afa-4a1b-b023-3d4c9cb7688d-1024x640

Жоба құрылысына республикалық бюджеттен 15 млрд теңге қарастырылған. Инженерлік-коммуникациялық жұмыстары келесі жылы аяқталады. Яғни, асфальт салу жұмыстары толық бітеді. Жоба толықтай аяқталғанда жаңа қалашықта 70 мың адам қоныстанады.

– «Шымкент СИТИ»-ді бүгінде қаланың басты құрылыс алаңы деп айтсақ та болады. Себебі, бұл кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы, ең жоғары стандарттарға жауап береді. Бұған Елбасымыз да ерекше көңіл бөліп, қадағалап отыр. Қазір мұнда 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бірінші бөлікте 25 гектарды игереміз деп жатырмыз. Сосын 75 гектар болатын саябақтың жобасы жасалуда. Биыл онда жұмыстар басталады. Қазіргі таңда жобаға елімізден және шетелден көптеген инвесторлар қызығушылық танытуда. Атап айтқанда, олар – «Отау групп», «Базис», BI Group компаниялары. Сондай-ақ Қытай, Түркия және Малайзиядан көптеген инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.

DSC 1008

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов: «Шымкент СИТИ»-дің жай ғана кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болатынын айтқан еді. Шын мәнінде, «Шымкент-сити» – қаламызды үшінші мегаполиске айналдыру бойынша қолға алынған ерекше жоба. Қалашықтың құрылысы 2020 жылға таман толық аяқталған жағдайда, бұл мекен барша қала тұрғындарының мақтанышына айналатыны даусыз.

 

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де жүйелі түрде жүргізілуде. «Миллионды қала» атанудың аз-ақ алдында тұрған Шымкент қаласында қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана кезегіне тұрғандар саны 30 мыңға жуық. Осы ретте қазіргі таңда мегаполисте бірқатар көпқабатты тұрғын үй құрылысы бой көтеріп үлгерді. 

Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығын Астананың сол жағалауына ұқсататындар аз емес. Оның да қисыны бар. Себебі, жанарды суыра тартатын көрікті ғимараттардың келбеті алыстан менмұндалайды. Жаңа шағынаудан жарқырап, жайнап-ақ келе жатыр. Мұнда құрылыс нысандарының жұмысы қарқын алған. Бұлардың көбі – тұрғын үйлер. Онда қазір 1200 орындық мектептің құрылысы басталған. 

DSC 0909

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» үлестіретін 11 көпқабатты тұрғын үй кешені де осы аумақта орналасқан. Биыл әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 13 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Онда құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлердегі барлық пәтер саны – 622. Жоба бойынша 9 қабатты нысандардың 1-ші қабаты сауда-саттық орындарына және басқа да қызметтерге арналмақ.

 

Ирригация мәселесі шешімін табуда

«Жол жақсарса, ел жақсарады» дейді бұрынғылар. Бұл ретте қала әкімдігі тарапынан қаладағы шағынаудан көшелерін жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Шаһар басшысы биылғы халыққа есеп беру кездесуінде былтыр қала көшелерінде аяқжол салуға 1 млрд теңге жұмсалғанын айтқан болатын. Шын мәнінде, бұған дейін мұндай қомақты қолдау болған емес.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл да бұл жұмыстар жоспарға сай жүзеге асуда. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 14 шақырым 11 көшеде аяқжол құрылысы салынбақ. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне көз салсақ, бүгінде Шымкентте Айдарқұл («Жаңаталап» тұрғын алабы), 8 наурыз («Қарасу» шағынауданы), Бабашұлы («Таскен» шағынауданы), Құртаев («Қызылжар» шағынауданы), Игілік («Самал 3» шағынауданы), Шымқорған («Шаңырақ» тұрғын алабы), Сәтбаев («Тұрлан» шағынауданы), Бекболатов көшесінде («Құрсай» шағынауданы), «Қайнарбұлақ» саяжайында аяқжолдар салынып жатыр.

DSC 7962

Жалпы жыл басынан бері қалада 71 көшеде орташа жөндеу аяқталды. Таяуда мердігер анықталып, тағы 12 көшеде қайнаған құрылыс басталып кетті. Ал аяқжол құрылысы 11 көшеде жүріп жатыр. Бүгінде 12 көшеде орташа жөндеу жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының берген мәліметінше, жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталмақ.

Жасырары жоқ, Шымкент қаласының көшелерінде әсіресе, көктем, жаз мезгілдерінде толассыз жауған жауын-шашын салдарынан түрлі қиындықтар орын алып жатады. Бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазіргі таңда қаламызда тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы Желтоқсан, Қалдаяқов, Түркістан, Темірлан тас жолы, Жангельдин, Иляев, Рысқұлбеков, Момышұлы және Бейбітшілік көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен әкімшілік-іскерлік орталығынан келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.

DSC 8713

Жол мәселесінде қаламыздағы Алматы бағытындағы айналма жол мен «Бекжан» базары маңындағы жолайырығын да айта кеткен жөн. Бұл тасжолдар таяу болашақта облыс орталығындағы көлік нөпірін азайтуға септігін тигізбек. Айта кетейік, биылғы жоспар бойынша Астана даңғылындағы құрылыстың бірінші тармағы аяқталады. Яғни, Астана даңғылы Арғынбеков көшесіне дейін жетеді. Ал келесі жылы құрылыстың екінші кезеңі жүзеге асырылады. Астана даңғылы Өтегенов көшесіне дейін созылады.

 

Шымкентте алғаш рет ашылды

Адамға қызмет ету, қоғам үшін игілікті іс жасау – биік азаматтықтың үлгісі болса керек. Осы орайда шаһар басшысының зор қолдауымен таяуда ғана Шымкентте алғаш рет халыққа әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің бірегей орталығы ашылды. Бұл – қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүгедектерге және жалғызілікті зейнеткерлерге деген жоғары деңгейдегі қолдауды білдірсе керек. 

DSC 9494

Қазір онда орталық қызметін 700 адам пайдаланады. Олардың қатарында жүйке жүйесі-неврологиялық ауытқуы бар, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балалар, жүйке жүйесі-неврологиялық ауруы бар, жасы 18-ден асқан мүгедек жандар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жасы толуына байланысты өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын жандар бар. Міне, бұл жарымжан жүректерге деген шынайы қамқорлық.

Қаладағы оңды өзгерістердің бірі – шаһардағы көше атаулары жазылған жаңа тақтайшалар. Көзі қарақты, көңілі ояу көпшілік мұны байқаса керек. Көрікті көшелерге көз салсаңыз, арнайы бағыттаушы белгілер тайға таңба басқандай жарқырап-ақ тұр. Ал шалғай елдімекендер мен шағынаудандарда ескертпе тақтайшалар орнатылуда. Іздеген көшеңізді қиналмай табасыз. 

Көше демекші, шаһар басшысы биылғы халыққа есеп беру жиынында көшелерге көпке белгісіз азаматтардың емес, халқымызға еңбегі сіңген тарихи ұлы тұлғаларымыздың есімін беру керектігін айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар да нәтижесіз емес. Енді алдағы уақытта Шымкенттегі 300-ден астам көшеге тарихи атаулар берілмек. Қалада қазір 2129 көше бар екенін ескерсек, соның ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген 39 және нөмірленген 79 көшенің атауы ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен алмастырылмақ. Бүгінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көше тұрғындарының келісімі алынған. 

DSC 8652

Шымкент – тіршілігі қайнаған алып шаһар. Уақыт өткен сайын қалада халық игілігіне беріліп жатқан әлеуметтік нысандар саны артуда. Президенттің бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ашық аспан астында жаттығумен айналысатын «Street workout» спорт алаңдары көбеюде. Мұның бәрі қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді. 

Бір сөзбен айтсақ, бүгінде қалада шешімін тапқан шаруа көп. Әрине, алып мегаполистің алдында тұрған міндеттер де аз емес. Елбасының қолдауымен қала бюджетінің еселенгенін ескерсек, Шымкенттің одан әрі қарқынды дамуына үлкен мүмкіндігі бар, оны тек ортақ күш-жігермен жүзеге асыруымыз керек.

15

Тобықтай түйін:

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың осы лауазымға тағайындалғанына екі жыл толды. Әрине, әкімнің жұмысын таразылайтын, оған баға беретін ең алдымен – халық, яғни қала тұрғындары. Екі жыл соншалықты көп уақыт та емес шығар. Десе де, осы уақыт аралығында шаһар басшысы халықпен жиі жүздесіп, қандай мәселе туындаса да, тұрғындардың жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Мұны сөзімен де, ісімен байқатып келеді. Ендеше, игілікті істер жалғасын таба берсін демекпіз!

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.