Табиғи газға қаражат бөлінді

Вторник, 29 Август 2017 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2784 раз

Шымкент қаласының аумағына Абай ауданынан енген шағынауданның бірі – «Жаңа Тұрлан». Жақында жаңатұрландықтарды газбен қамтамасыз ету құрылысына 38 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл туралы осы аумақтан сайланған қалалық мәслихат депутаты Ерболат Нұрмаханов мәлімдеді.

DSC 4939

– Орташа қысымды газ құбырлары жердің астымен жүргізіледі. Қандай да бір ақау шыққан жағдайда жерасты газ құбырын ретке келтіруді оңайлату әдісі қолданылмақ. Жобалық-сметалық құжаттар соңғы техникалық мүмкіндіктер негізінде әзірленді. Қазір бұл лот бойынша конкурс өтіп жатыр. Мердігер анықталған соң құрылыс жұмыстары келісімшарт жасаған күннен бастап 4 айдың ішінде атқарылуы тиіс, – дейді Е. Нұрмаханов.

«Жаңа Тұрлан» шағынауданында нақты мекенжай бойынша тіркелген халық саны әзірге 900-ге жетті. Ал құжаттары заңдастырылған 110 үй бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан шағынауданның келешегі зор. Жаңатұрландық жолаушылардың қуанышына орай, шағынауданға №38 бағыттағы маршрут қатынайды. Аялдамаға қатысты сұрақтар шешімін тапқан. 

Әзірге «Жаңа Тұрланда» ауызсу мен сапалы электр жарығы мәселесі өзекті болып қала бермек. Шағынаудан тұрғыны Шахида Саипова:

– Үйіміздің алдында жекеменшік сусорғыш орналасқан. Ауызсуды содан алып тұтынамыз. Әбден ескірген сусорғыш істен шығып қалса, әбігерге түсеміз. Дегенмен, шағынауданның «жаңа құрылыс» бөлігінде көше атауы жоқ. «Жедел жәрдем» қызметін шақырғанда осы сусорғыш мұнарасынан күтіп аламыз, – дейді.

DSC 4932

Бір қуантатыны, шағынауданның ішкі көшелерінің бәріне тас төселген. Ал су мәселесі 2019 жылы ғана шешімін табуы мүмкін. Өйткені, «Достық» шағынауданынан Темірлан тасжолына дейін магистральді су құбырының трассасы тартылуда. Бұл жұмыстар жоспар бойынша 2018 жылдың соңында аяқталады. 

– Су құбырының трассасы «Жаңа Тұрланмен» қатар, Абай ауданына қарасты «Ынтымақ», «Жиделі», «Қызылжар» елдімекендерін де ауызсумен қамти алады. Дегенмен, жазы ыстық Оңтүстік аймағында су тапшылығына шыдай алмаған тұрғындар жиі арызданады. Биыл жаз маусымынан өттік. Ал келесі жылдың жазында ауызсу мәселесі тағы да көтеріледі. Сондықтан, мердігер мекемелер, жауапты қызметкерлер халықтың жайын ескеріп, жұмыстарды сапалы әрі ерте тапсырады деп үміттенеміз, – дейді Ерболат Жақыпұлы.

DSC 4974

Ауыл биі Құттыбек Шынболатов электр бағаналары тұрғындардың күшімен тартылғанын айтса, халық қалаулысы мұнда коммуналдық қызметтен мүлде мақұрым қалған 13 отбасы барын алға тартты.

– Мегаполистің басты критериі – инфрақұрылым жүйесінде тұрғындарға бірдей жағдай жасау. Мұндайда қаланың орталығы мен шеткі аумағында ешқандай айырмашылық болмауы шарт. Сондықтан, біз үшін қала аумағына енген елдімекендерде толығымен коммуникация тартылып, медициналық, әлеуметтік қызметтерді пайдалану ыңғайлы болуы маңызды. Көшелерге асфальт төсеу, транспорттық жолдар мен аяқжол және жарықтандыру жұмыстары тұрғындарды толық қамтымайынша өзектілігін жоғалпайды, – дейді Е. Нұрмаханов.

Последнее изменение Пятница, 08 Сентябрь 2017 12:17
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.