Төтенше жағдайға дайындық пысықталды

Пятница, 15 Сентябрь 2017 08:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 406 раз

Шымкентте төтенше жағдайға қатысты ауқымды оқу-жаттығу жұмыстары өтіп жатыр. 12-15 қыркүйек аралығына жоспарланған азаматтық қорғаныс бойынша кешенді ірі оқу-жаттығу барысында техногенді төтенше жағдай кезіндегі басқару органдары мен азаматтық қорғаныс құрылымдарының іс-әрекеті пысықталды.

DSC 9063

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кешенді оқу-жаттығу жұмыстарының барысын аралап көрді. 

Оқу-жаттығу аясында жалпы қалалық сейсмо жаттығу, практикалық түрде шатырлы қалашықты жаю іс-шарасын өткізу жоспарланған. Облыс және қала әкімі төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерді қабылдауға арналған шатырлы қалашықтың (Бәйдібек би ескерткішінің сырт жағы), шұғыл әрекет жасағының дайындығы және көпқабатты үйдегі апатты-құтқару жұмыстарының дайындығын (Шымкент Сити қалашығындағы жаңа үйлер) пысықтады. 

DSC 9169

Шатырлы қалашықта әкімшілік, қабылдау, тіркеу, ақпарат және байланыс орны және пошта-телеграф сынды 15 түрлі қызмет бар. Және тұрғындар ауыз су, тамақ, суық ауа райында жылы киіммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, мұнда медициналық, өрт қауіпсіздігі және көлік байланысы мен қоғамдық тәртіптің күзетшілері қарастырылған. Жалпы, қалашық ұзын-саны 100 мың адамға арналып жасалған. 

Ауқымды оқу-жаттығуға 35 арнайы техника, шұғыл әрекет жасағының 128 қызметкері жұмылдырылған (өртке қарсы, азаматтық қорғаныс және барлық коммуналды қызмет өкілдері). Ал көпқабатты үйдегі апатты-құтқару жұмысына 13 арнайы техника мен облыстық төтенше жағдай департаменті оның құрылымдарынан жеке құрамның 86 адамы қатысты. Барлық қызметкерлер өз тапсырмасын мүлтіксіз атқарды. 

DSC 9215

– Іс-шараның негізгі мақсаты – қаладағы апатты жағдай кезінде медицина, ішкі істер органы қызметкерлері, өрт сөндіру қызметі, басқа да, коммуналдық қызметтердің өзара әрекеттесу жұмыстарын көрсету. Халықтың, басшы құрамның, жаттығуды өткізіп жатқан жеке құрамның жұмыс қабілетін арттыру және шыңдау. Қаланың әлеуеті артып отыр. Соның бәрін ескере біз әр оқу-жаттығуға тақырыбына сәйкес, тапсырма береміз, – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Рауан Өсербаев. 

DSC 9194

Шымкент қаласындағы мұндай кешенді оқу-жаттығу екі жылда бір өтеді. Дайындық жұмыстарының соңғы кезеңі 15 қыркүйек күні қалада жалпы сейсмо жаттығу өткізумен аяқталады. 

Сондай-ақ, өңірде кешенді оқу-жаттығудың аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Оған Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының өкілдері мен жедел топ мүшелері қатысты. Жиында тиісті сала жетекшілеріне штабтық машықтануды жүргізу кезінде атқарылатын жұмыстар бойынша міндеттер белгіленді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.