Ең көрікті ауланың тұрғындары Избранное

Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 569 раз

Қала аумағына жаңадан қосылған елдімекен, тұрғын-алаптарды қоса есептегенде Еңбекші ауданында 630 көпқабатты тұрғын үй, 500-ден астам көше бар. Бұл ауданнан «Үздік аула» номинациясына 66 өтінім, ал «Үздік көше» бойынша 15 өтінім түскен.

DSC 0725

Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Таза қала» акциясы биыл да «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының ұйымдастыруымен дәстүрлі жалғасын тапты. Бұл шара тұрғындарды өзара жарыстыра отырып, ауласындағы тазалықты сақтауға, көріктендіруге ынталандырады. «Теріскей» шағынауданындағы №43 үй комитетінің төрайымы Гүлбаршын Иманқұлова бұл акцияға биыл алғаш рет қатысып отырғанын айтты.

DSC 0743

– Іргемізде осы қаланың үлгілі үйлерінің бірі – №50 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Тұрғындары өте ұйымшыл. Ауласының сәнін келтіріп, тәртіп сақтап, күтіп-баптауда барлығы жұмыла жұмыс істейді. Көрші отырып біз де үлгі алдық. Биыл ауламызға біраз гүл мен ағаш көшеттерін отырғызып, орындықтарды сырладым. Жыл соңына қарай бірер көршінің қызығушылығы оянған болуы керек, суғаруға көмектесіп, тазалыққа атсалыса бастады. Ендігі жылы елдің назарын аударатын қызықты дүниелер ойлап тауып, ауламыздың көркін еселей түсеміз, – дейді Гүлбаршын апай. 

DSC 0766

Ал көршісі, №50 үй комитетінің төрайымы Ғалия Артықбаеваның бұл мәселеде тәжірибесі мол.

– Ауламыз қысы-жазы әдемі болғаны өзімізге жақсы. Біз бұл жерден көшіп кетпейміз. Сондықтан өз үйімізді ғана емес, бос уақытта серуендейтін ауламызды да көркейтуден жалықпаймыз. Бұл істе №50 үйдің тұрғындары, тіпті кішкентай балаларға дейін белсенді. Осындағы кесілген ағаштардың діңгегі сүйкімсіз болып қалмасын деп түрлі түске боядық. Оны түрлі қақпақтармен әспеттедік. Сонда, осы балалар бір қақпақ тауып алса да қуанып, «ағашты сәндейміз» деп жүгіріп алып келетін, – дейді Ғалия Құспанқызы.

DSC 0777

Жанға жайлы орын қашанда көңілге шуақ сыйлайтыны рас. Көрікті ауланың тұрғындары да сүйкімді көрінеді. Олардың аудандық әкімдік қызметкерлерімен де тығыз байланыс орнатқаны, әрбір жаңалықтан хабардар екені құшақ жая қарсы алып, өтініштерін әдемі әзілмен сабақтай жеткізгендерінен-ақ байқалды.

«ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері Еңбекші ауданынан түскен өтінімдер бойынша ең көрікті көшелер мен аулаларды аралады. Байқауға қатысушылар арасында үздік деп танылғандар «Қала күні» мерекесі қарсаңында қала әкімінің қаржылай сыйлығымен марапатталады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « Жаңа автобустар әкелінді Халық күткен мереке »