Көне қаланың жаңа келбеті Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2017 06:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4943 раз

Әсілінде мұндай археологиялық нысандарды әлем елдері рухани игілікке пайдаланып, ел тарихының құнды бір тармағына айналдырып жатады. Қалаға туристерді қызықтырар бірегей орынның бірі де осы емес пе?! Рас, бұл орыннан табылған жәдігерлер келешек ұрпақты тарихымызды тереңнен танып білуге жетелесе, археологиялық жұмыстар қаланың абаттануына игі ықпалын тигізеді. Келешекте бұл тарихи орын туристік аймаққа айналып, тұрғындар көп жүретін саялы орын болмақ.

Шымкенттің көне қала аумағы – міне, осындай ерекшеліктерімен құнды. Ашылмаған әлі де мол мұраларымыз бар. Белгілі тарихшы, ғалым Бауыржан
Байтанаевтың айтуынша, бұл ескі қала орнын мұражайға айналдыру уақыт күттірмейтін мәселе.

DSC 1175

«Басты мәселе – ескі шаһарды мұражайға айналдыру»

Газетімізде Шымкенттің тарихын зерттеп жүрген ғалым, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевпен бірнеше рет сұхбатымыз жарық көрген. Ескі шаһар бойынша да маңызды ұсыныстарын айтқан. Мәселеге тереңірек үңілген-тұғын.

«Шымкенттiң 2200 жылдығы мемлекеттiк деңгейде тойлануы керек» деп жүргеніне біраз уақыт болды. Белгілі тарихшының зерттеулеріне сүйенсек, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы осы аумақтағы археологиялық зерттеулерден табылып отыр. 

Еуропа, Азия елдеріндегідей, көне мұралардан-ақ біршама табыс тауып отыруға бізде де мүмкіндік бар. Қазіргі басты мәселе – ескі шаһарды мұражайға айналдыру, қаланың археологиялық картасын жасау. Тарихи мұраларды түгендей алсақ, Шымкенттің 2200 жылдығын тойлауға да кең жол ашылар еді. 

DSC 1184

Ғалымның сөзінде үлкен мән жатыр. Өткен жылдың қараша айында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көне қала аумағын аралап көрді. Облыс әкімі мамандар дайындаған концепцияға жақсы баға беріп, оны әлі де болса жетілдіре түсуге тапсырма берген-ді. Шымкенттің негізі осында қаланған. Кез келген елде көне қала аумағы қоршалып, туристерді тартатын орталық ететінін де атап өтті. Мәселен, Бакуде көне қалашықта қырыққа жуық галерея бөлімдері жұмыс істейді. 

«Бұл – үлкен жоспар. Алдымен археологиялық қазба жұмыстары аймағы қоршалуы тиіс. Одан кейін жұмысты бастаңыздар. ОҚМУ және ОҚМПИ ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасаңыздар. Қазба байлықтардың маңайынан ешқандай үй салуға болмайды. Мұнда қат-қабат тарихи жәдігерлер жатыр. Жалпы, тарихи орталық таза болуы керек. Мына жақта керемет монумент тұр. Ал оның жанында баяғы ескі қала. Сол себепті, бұл орынды абаттандыруымыз керек», – деген еді Жансейіт Қансейітұлы.

Жоспар ауқымды. Міндет маңызды. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғау жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Раушан Айғазиеваның айтуынша, ескерткіштерге кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылады. 

DSC 1235

«Шымкент» ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-мұражай, ашық аспан астындағы мұражай салу бойынша 2017 жылдың соңына дейін бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру қолға алынған. Қалашықты зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарына қала бюджетінен қаржы бөлінген. 

Бұл жұмыстар барысында Шымкент қаласының орта ғасырлық бейнесін қалпына келтіру және жаңғырту бойынша бірқатар басымдықтар назарға алынады. Яғни, Шымкент ескі қала орындарының аумақтарында археологиялық парк және мұражай құрылысының ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттар) дайындау қажет. 

Оған қоса, ескі қала орнындағы археологиялық жұмыстар барысында мыналарға мән беріледі: Шымкент ескі қала орнының бекініс қабырғаларының, сондай-ақ көшелер мен үй-жайлардың шекараларын, көрінісін, планиграфиясын және құрылымын қазынды барысында ашылған сәулеттік-археологиялық құрылмаларының негізіндегі құрылыстық қабаттар мен деңгей жиектерге сәйкес анықтау; Шымкент қаласының мұражайларында экспонаттау үшін көрнекті және бірегей артефакттар алу; Ескі қала орындарының топографиялық және ортофото жоспарларын жасау және дәлдігі жоғары заманауи электрондық жабдықтарды қолданумен қазындылардың, анықталған объектілердің, құрылымдардың, табылымдардың, олардың кейінгі виртуалды қайта құрылымдарын жасауға пайдалану үшін, толық фото- және графикалық құжаттамасы зерделенеді.

 

Алғашқы олжа – зеңбірек оғы мен тиындар

Жұмыс басталып кетті. Қазір көне қалашықта археологиялық жұмыстар күн құрғатпай жүргізілуде. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың археологиялық ғылыми-зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Азамат Ергешбаев бастаған мамандар алдарына зор мақсат қойып отыр. Қазба жұмыстарына қыркүйектің 1-і күні кіріскен. Әзірге, он шақты адам. Уақыт сәтімен қызметкерлердің саны әлі көбеймек. 

DSC 1263

Азамат Әділұлын әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, мұнда жұмыстар кезең-кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде – кейінгі орта ғасырдағы қаланың қорғаныс жүйесі зерттелуде. Яғни, қазір екі мұнараның орны табылыпты. Одан кейін «Оңтүстік және Оңтүстік батыс» бөліктердегі орта ғасырғаа дейінгі құрылымдардың сырлары ашылады. Соңына қарай Цитадель зерттеледі. 

– Қазіргі жоспар бойынша жұмыстар 2018-2020 жылдарға арналған. Біз ғылыми-зерттеу қазба жұмыстарының нәтижесінде базалық мәліметті ұсынамыз. Одан кейін сәулетшілер өздерінің жобаларын жасайды. Биылғы жұмыс бойынша біз сол қорғаныс жүйелері бойынша мәлімет беруіміз керек, – дейді ол. 

Әрине, мұның бәрі де келешек ұрпақ үшін қолға алынып отырған шаруалар. Олар жауапкершілікті жіті сезінеді. Жалпы, мәдени мұрамызды сақтап қалу мақсатындағы жұмыстар салғырттықты кешірмейді. 

Бір айға жуықтаған жұмыстың нәтижесі де баршылық. Қазірдің өзінде бірқатар материалдар табылды. Мәселен, кіреберіс қақпаның оң жақ бетінен әр түрлі калибрдегі зеңбірек оқтары шықты. Археологтардың пайымдауынша, бұл оқтар 19 ғасырға жатады. Біз археологтармен кездесуге барған күні де тиындардың табылғанына куә болдық. 

DSC 1268

Жалпы, мұндағы қазба жұмыстары он төрт метр мәдени қабатты құрайды. Келешекте салынатын «Көне Шымкент қалашығы» этномәдени кешенінің әлеуеті зор. Яғни, мұндағы археологиялық қазбалар қоршалып, оның жанынан қазіргі заман мұражайы, қолөнер шеберлері бөлмесі, сауда-ойын-сауық кешені, мұз айдыны, әмбебап көрме залы, лекция залы, т.б. нысандар бой көтереді. 

 

Тарихи құндылықтарды түгендеу – уақыт күттірмейді

DSC 1233«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.

Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр». Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласы нақты мақсатты айқындап берді. 

Тарихи құндылықтарды түгендеу – уақыт күттірмейді. Бұған дейін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 462,5 гектарды құрайтын «Көне қала аумағын толық жайғастыру» жобасы дайындалған еді. Ендігі ретте 2020 жылға дейін көне қала орнын абаттандырып, туристерді тартар нысанға айналдыру міндеті тұр. 

Құнды мәдени мұраларды ұрпаққа мұра етіп қалдыру зор аманат. Археологиялық нысандардың аумағын анықтап, бәрін картаға кіргізу де өзекті мәселе. Мұның бәрі де уақыт сәтімен, кезең-кезеңімен іске аспақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.