«Нұрсәттегі» нәтижелі істер

Среда, 27 Сентябрь 2017 06:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4209 раз

Биыл «Нұрсәт» шағынауданының құрылғанына 13 жыл толды. Бір мүшел уақытта шағынаудан адам танымастай өзгерді. Ұзындығы 2,5 шақырым аллеяға егілген бір кездегі кішкентай аршалар бүгінде биіктеп өсіп қалған. Көпқабатты тұрғын үйлер саны 300-ге жуықтап, халық саны – 40 мыңға жеткен. Жер аумағы кеңіп, тағы бір «Нұрсәт» тұрғын алабы пайда болды. Ең үлкен жаңалығы - бір кездері қаланың шеті саналатын елдімекен орталыққа айналып үлгерді.

DSC 8817

«Нұрсәтті» Шымқаланың орталығына айналды деуге негіз бар. Әкімшілік іскерлік орталық, театр, көрме орталығы, гимнастика мектебі, «Түркістан» сарайы секілді маңызды деген ғимарттардың барлығы осында шоғырланған. Шағынаудандағы алғашқы құрылыс жұмыстары 2004 жылдары басталды десек, оның қарқыны қазір тіпті арта түсті.

Шағынауданның аумағы жылдан жылға кеңейіп жатыр. Қазір Бәйтерек көшесінің арғы бөлігі «Нұрсәт» тұрғын алабы деп танылып, ол жақтың өзінде құрылыс жұмыстарының қарқыны күшті. Қазірдің өзінде онда 31 көпқабатты тұрғын пайдалануға берілген, 23 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 1200 орындық мектеп құрылысы бітуге жақын, желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Сыйымдылығы 8 мың адамды қабылдайтын мешіт салынып жатыр, – дейді Қаратау аудандық әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаев.

bauyrzhan

Жауапты маман шағынауданның көркейіп-гүлденуі тұрғындармен тығыз жұмыс істеудің нәтижесі екендігін атап өтті. Абаттандыру, көше мен аула тазалығы, коммуналдық мәселелерді шешу, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аудан әкімдігі тұрғындарды жұмылдырып, жаңашылдықты ендірген. Осы себепті елдімекенде тазалық мәселесі шешілген, тыныш әрі ондағы әрбір тұрғын өзін қауіпсіз санайды.

nursat-76-2

Шағынауданды бейнебақылау қырағы бақылайды

Шағынауданда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Барлық тұрғын үйге жарықтандыру бағаналары қойылған. Қазір көшелерде 65 бейнекамера орнатылып, басым бөлігі орталықтандырылған жүйеге қосылған. Нәтижесінде, ұсақ қылмыс, көлік ұрлығына мұнда жол жоқ. Орын алған жағдайда, бұл жүйе арқылы қылмыстың тез арада ашылуына септігін тигізеді. Енді, тұрғындар өз ауласы мен баспанасының қауіпсіз болғандығын дұрыс санаған. 

– 14 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы мен подъездеріне бейнебақылау қойылды. Оны тұрғындар арнайы бағдарлама арқылы өз смартфондарына енгізді. Енді, нұрсәттіктер қай жерде болмасын ұялы телефоны арқылы үйлерінің қауіпсіздігін бақылап отырады», – дейді әкімдік өкілі.

 

«Басқару компаниясын» құрған

Көпқабатты тұрғын үйдің коммуналдық мәселелері көп. Су құбыры, жылу, аула, жертөле тазалығы, ойын алаңшаларының күтімінде мәселер жиі туындайды. Бұл жұмыстардың жауапкершілігі «Нұрсәт» шағынауданында «Спецкомплектсервис» ЖШС, «Нұрсәт»тұрғын алабында «Қызметкер – СК» ЖШС-на жүктелген. Дегенмен, үй болған соң шатыры, қасбеті тозады, табиғи апаттардан бүлінеді. Сол себепті, тұрғындардың пікірі мен ұсыныс-тілектері негізінде шағынауданда басқару компаниясы құрылған. Олардың саны қазір екеу: «ОҚО үйлерді басқарушы» және «Шымкент Сити» басқарушы компаниясы. Сала маманы компанияның тиімді тұстарын былайша жеткізді: «Қалалықтар өздері тұратын көпқабатты тұрғын үйді, ауласын күтіп-ұстауы міндетті. Қызмет көрсететін мекеме тарапына кейде тұрғындардың жауапкершікпен қарамауынан бұл міндеттер орындалмайды. Қоқыс әкетілмейді, аула тазаланбайды, алаңшалардағы құрылғылар сынады дегендей. Ал басқарушы компания осы мәселелердің барлығын қамтиды және қызмет көрсететін мекемелермен бірлесе жұмыс істейді. Яғни, ұйымдастыру жұмысын жүргізеді әрі істің орындалуын қадағалайды. Екіншіден, компания екінші деңгейлі банктен есепшот ашады. Осыған тұрғындар қалтасына қарай ай сайын қаражат құйып отырады. Жиналған қаржы шатырды жөндеуге, алаңшаларды ретке келтіруге, тағы басқа қажетті жұмыстарды атқаруға жұмсалады».

Айта кетерлігі, компания жұмысына тұрғындар белгілі бір мөлшерде ақша төлеп отырады екен. Әкімдік өкілі бұл әдіс тұрғындарды өзі тұрып жатқан үйдің тазалығына, күтіммен қарауына жауапкершілікпен қарауға үйретеді дегенді алға тартты.

Ауласына гүлдің 30 түрін еккен

«Нұрсәт» шағынауданыны тұрғындары ағаш-тал егу жұмыстарында белсенді. Олар күз-көктем айларында бір тал болса да, ауласына қондыруды әдетке айналдырған. Қаратау ауданы әкімдігінің қолдауымен осы жылы тұрғындар өздері 3000 түп көшет отырғызған.

Шағынауданның көркейіп, көгалдандыруына үлес қосып жүрген жандар бар. Солардың бірі - Бақытжамал Қозыбақова №236, 237, 238 үйдің ауласын гүлдендіріп жіберген. Мұнда қазір гүлдің 30-дан астам түрі жайқалып тұр. Түймедақтың төрт-бес түрі, намазшамгүл, хризантема тағы басқасынан көз сүрінеді. Иісі алыстан аңқиды әрі үйдің ауласы көрікті. 

– Отырар ауданында туып-өстім. 2007 жылы №238 үйге көшіп келдік. Бала кезімнен гүл өсіруге құмар болдым. Бос жатқан жерді көріп, тыныш отыра алмадым. Өткен жылы үй төрайымы болып сайланған соң, тұрғындарды бұл іске жұмылдырдым. Аулаға гүл отырғызуға жағдайлар қарастырылған екен. Тек оларды қолданбаған соң істен шыққан. Су бар. Құбырларды ретке келтіріп, тұрғындардың көмегімен шланга сатып алдық. Сосын гүлдің ұрығын, көшетін жан-жақтан жинап, ерінбей ектік. Арасында ерте көктемде ашатын, бір жылдық, көп жылдығы бар. Енді, көпжылдық түрлерінің көшетін екінші орындарға көшіріп жатырмыз. Барлық тұрғындарға алғыс айтамын. Бұл көпшілікпен біткен іс. Қала күні мерекесі таяп келеді. Бұл менің туған күніммен тұспа-тұс келетін мереке. Қос мерекені жылда үйімізде атап өтеміз. Әрқайсысымыз туған қаламызға жанашырлықпен қарап, дамуына үлес қоссақ, соның өзі үлкен жұмыс, – дейді үй төрайымы.

«Нұрсәт» шағынауданында дәл қазір көпқабатты тұрғын үйлерде қысқа дайындық жұмыстары жүруде. Сығымдау жұмыстары жақындауға таяу. 

Жаз бойына шағынауданда 700 метрге жуық жолаяқтар салынып, алаңшалардағы құрылғылар жаңасымен алмастырылған. Сынған орындықтар жаңартылған. Маман осы тұста, тұрғындарға ауладағы әрбір дүниеге жанашырлықпен қараса деген тілегін де жеткізді.

Последнее изменение Среда, 27 Сентябрь 2017 08:21
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.