Версия для печати

«Шымкент – менің шуақты күндерімнің естелігі» Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2017 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3564 раз
Оцените материал
(0 голосов)

DSC 4988

«Шымкент – сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады». Елбасы Н. Ә.Назарбаев Шымкентке келген жұмыс сапарының бірінде осылай деген еді.


Шындығында, Шымкент біз білетін, біз көріп жүрген қалаға бірден айнала салған жоқ. Оның бүгінгі дәрежесіне жетуіне, еліміздегі үшінші қала мәртебесіне көтерілуіне талай азамат тер төкті. Солардың ішінде Әбдіғани Ташқараев ағамыздың есімі алғашқылардың бірі болып аталады. Қызмет жолын қарапайым құрылысшы болудан бастаған Әбекең Шымкенттегі көпқабатты үйлердің алғашқы іргетасын өзі бастап қалаған. 

tashkaraev

Саналы ғұмырын Шымқаланы абаттандыру, көркейту, жаңғырту жұмыстарына арнаған «ҚР Құрметті құрылысшысы», «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» Әбдіғани Ташқараев құрылыс саласына кездейсоқ келген адам емес. 1955 жылы сол кездегі Индустральді техникумның құрылыс факультетіне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң Шымкентте тұрғын үй салумен айналысатын треске іс басқарушысы болып арнайы жолдамамен келген болатын. Дегенмен, мекеме басшысы Виниярин Смириннің тағайындауымен, еңбек жолын қарапайым 3 разрядты бетоншы қызметінен бастайды. Араға жыл салып, байланыстырушы, одан әрі де іскерлік қабілетінің нәтижесінде, шебер, аға шебер қызметтерін атқарады. 

– 1960 жылы Одақ көлемінде арнайы бағдарлама аясында панельді үйлер құрылысын жүргізу тәжірибесі алғаш рет қолға алынды. Айта кетсек, 285 мың ғана халқы бар Шымкент қаласында сол кезеңдерде Коммунистік, Кеңестік және Ленин көшелері ғана болатын. Арнайы тапсырма алған соң, әр жыл сайын әрқайсысы 60 пәтерлі 6 үйді пайдалануға беріп отырдық. Трестің қарауында 12 көтергіш кран болды. Одақ басшылығына Никита Хрущев келген соң, жұмыс ырғағы мүлдем өзгерді. Бұған дейінгі салынған әр пәтердің қабырғасының биіктігі 3 метр 20 сантиметрді құрап келген болса, жаңа талапқа сәйкес, бұл өлшем айтарлықтай қысқарды. Және еңбек өнімділігін арттыру тапсырмасы бойынша, 1965-80 жылдары әр тоқсан сайын 10 үйдің ғимараты пайдалануға беріліп отырды. Тек Шымкент қаласында ғана емес, біздің трест Жаңатас, Кентау, Гурьев, Тараз қалаларында да сәулетті ғимараттардың құрылысын жүргізді. Аталмыш қалаларда сол жылдары салынған нысандардың 80 пайызын біздер өз қолымызбен салғанымызды мақтанышпен айта аламын, – дейді Әбдіғани Ташқараұлы.

Осылайша, табысты еңбек жолын жалғастырып келе жатқан ағамызға арада 19 жыл өткенде сол тресті басқару бақыты бұйырыпты. Өзі басшылық жасаған жылдарда аталмыш үй құрылысы комбинаты қаладағы 1, 2, 3, 16, 18 және «Шығыс» шағынаудандары мен 7 орамның үйлерін салды. Құрылысшылар 3 ауысыммен жұмыс істепті. Әбекең еңбек еткен үй құрылысы комбинаты, одан өзі басқарған трест шағын шаһарды үлкен қалаға айналдырып, жүздеген панельді көпқабатты үйлер тұрғызды. 

Тәуелсіздік жылдарында да Әбдіғани Ташқараұлы лауазымды қызмет атқарып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Шымкенттегі 9 қабатты биік үйлерді, көпшіліктің игілігіне айналған сәулеттік көркем стильдегі ғимараттарды тұрғызды. Соның бірі Елбасы тұсауын кескен – Мұз сарайы.

– Атқарып жатқан шаруаларымыз ағымдағы жұмыстар ғой. Дегенмен, Шымкенттің үшінші қала мәртебесіне лайықты болуы үшін әлі де күні-түні тынымсыз жұмыс істеуге тура келеді. Қаланың мәдени келбетін заман талабына сай ету, берілген тапсырманы дер кезінде орындау – басты міндет. Сондықтан да белгілі нәтижеге қол жеткізу үшін көп еңбектеніп, ізденуге тура келеді. Ал «ананы істедім, мынаны істедім» деу меніңше, артық болар. Бұл жалғыз менің жетістігім емес, бүкіл құрылысшы мамандардың еңбегі. Қаладағы барлық нысандар, атқарылып жатқан тірлік ауызбіршілігі жарасқан қала тұрғындарының ортақ жетістігі, – дейді ол.

Иә, Кеңестік кезеңде «хрущевка» деп аталған үлкен панелді үйлер баспана мәселесін шешуге едәуір көмектескен еді. Ол кезде ел аумағында 38 комбинат қарқынды жұмыс істеді. «Қазіргі кезде де соның тым болмаса бесеуін жандандырып ұстаса жөн болар еді», – дейді ардагер құрылысшы. Бұл өз кезегінде, құрылыс шығынын едәуір төмендетуге, осы арқылы, жас отбасыларды тұрғын үймен кеңінен қамтуға сеп болар еді.

Бүгінде облыс орталығындағы сәніне сәулеті сай жобалардың басым бөлігі соңғы онжылдық мерзімінде іске асырылып, бой көтерген. Атап айтқанда, «Жер ана» монументі, Ордабасы алаңындағы субұрқақ, Жібек Жолы аллеясы (Т. Рысқұлов ескерткіші), Көркемөнер галереясы, Абай мұражайы, «Даңқ» мемориалы, Дендросаябақты қайта жөндеу, «Шәмші әлемі» аллеясы, Неке сарайы, Жастар орталығы, Қабанбай батыр ескерткіші, «Қызғалдақ» субұрқағы, Әдет-ғұрып орталығы, Наурыз алаңы, Бәйдібек ата ескерткіші, қай-қайсы да қазір халық игілігі үшін жұмыс істеп тұр. «Жайлаукөл» демалыс аймағы қала тұрғындары және қонақтарына арналған нағыз жанға жайлы демалыс аумағы екенін халық мақтанышпен айтып жүр. 

Сәулеттік кескін-келбеті айрықша бағаға ие Шымкент қаласының алдағы міндеті айқын, келешегі жарқын боларына кәсіби құрылысшы Әбдіғани ағамыз бек сенімді екенін шаттана айтты. «Көз алдымда көркейген Шымкент – менің шуақты күндерімнің естелігі, еңбек жолымның бір бөлшегі», – дейді ол.