Жылу маусымына дайындық Кестеге сай жүруде Избранное

Среда, 11 Октябрь 2017 05:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 37 раз

Шымкентте соңғы күндері мол мөлшерде түскен жауын-шашын қала тұрғындарын айтарлықтай әбігерге салуда.

zhylСиноптиктердің болжауынша, мұндай ылғалды ауа райы алдағы күндерде де сақталмақ. Осы орайда, құзырлы мекемелер жылу беру маусымына дайындығын пысықтауда. Қазіргі уақытта облыс орталығының орталықтандырылған жылу жүйесі қажетті сумен толтырылып жатыр. Әдетте, жылыту жүйесі бес күн бойы ауа райының орташа температурасы 8 градустан жоғарыламаған жағдайда толық іске қосылмақ. 

– Жылу беру маусымына дайындық кесте бойынша жүріп жатыр, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов. 

– Барлық бюджеттік ұйымдар қазіргі таңда жылу қабылдауға дайын. Жергілікті қазандықтарға арналған отын қорлары толығымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, тұрғын үй қорының 93 пайызы жылу қабылдауға әзір. 

Қаладағы орталықтандырылған жүйеге қосылған 1811 көпқабатты тұрғын үйге 13 сервистік компания қызмет көрсетеді. Екіжақты келісім-шарт түзілген жағдайда көпқабатты ғимараттарда қызмет сапасы бойынша ешбір қиындық туындамауы тиіс.

Сала жетекшісінің айтуынша, қала аумағындағы 352 бюджеттік нысан жылу қабылдауға толығымен дайын. Бұл қатарда, автономды қазандықтары бар 172 бюджеттік мекемеге қажетті 5058 тонна көмір, 353 мың литр сұйық отын жеткізілген.

Айта кетейік, қала аумағында жылуды жеткізу міндетін «3-Энергоорталық» АҚ-ы атқарады. Ал оған дайындық жұмыстарын жүргізуді «3-Қуат жылу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Қыс маусымында қаланы жылумен толық қамту үшін қажеттілікке сай, аталмыш мекемелер қарауындағы бес қазандық іске қосылмақ.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

2012 жылдың маусым айынан бергі уақытта «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі қызметін атқарып келеді. 2014 жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін қала әкімдігінің ресми ВЭБ сайтында қызмет етеді.