Көркейген шаһар – ақпарат кеңістігінде Избранное

Среда, 11 Октябрь 2017 05:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 241 раз

Ақпарат айдыны белең алған бүгінгі таңда ізденушіге дұрыс мәлімет жеткізудің өзі біліктілікті талап етеді. Дәл осы біліктілікті арттырып, тәжірибе бөлісу мақсатында Шымкент қаласының БАҚ өкілдері және әлеуметтік желі белсенділері тренингке қатысты.

 DSC0563

Ақпаратты сүзгіден өткізіп тарату қажет

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тренингте спикер ретінде «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстіктегі меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан мен «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Кеңес Исмаилов қатысты. Олар «Шымкенттің оң имиджін қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі» тақырыбында сөз қозғап, ұтымды тәжірибелерін ортаға салды.

– Американдық журналист Энн Комптон Ақ үйдегі «ABS News» телеарнасында 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Бұл аралықта 10-нан астам президент ауысты. Себебі, Энн ақпараттық салада қызмет атқару барысында біліктілік, дағды және білімділік сынды қасиеттері арқылы ерекшеленді. Өзінің тұрақтылығын қалыптастыра білді. Ондай журналист кез келген ақпаратты қалаған адамынан барлық уақытында ала алатын мықты болып қалары даусыз. Ақпаратты бұрмаламай сол күйінде жеткізе алатын бірқатар журналистерді бізде де аккредиттеу керек-ақ, – дейді К. Исмаилов.

К. Исмаилов өзекті мәселелердің қалай шешімін табуға болатыны жайында әңгімелесе, Б. Тайжан «оң имидж» түсінігіне тоқталып өтті.

 DSC0598

– Бірнеше шетелде болдым. Көлдегі жабайы үйрек қаздарға жем берсең келіп қолыңнан алып жейді. Италияда болдым. Біздерге таңсық форель балықтары біз шомылуға барған судың жағасында толып жүр. Әсері керемет. Ал бізде үйрек-қазды атып, балықтарды сол күні аулап алып кеткен болар едік. Адамдардың санасы өзгеріп кеткен жоқ, халыққа түрлі ойды салып отырған бұқаралық ақпарат құралдары. Сондықтан ақпарат таратушы күндегі атыс-шабыстан көрі мейірімге бөлейтін, сүйіспеншілікті арттыратын дүниені көрсете білуі тиіс, – деді ол.

Аға журналистердің сөзімен айтсақ, ақпаратты бұрмаламайтын журналист халықтың да, биліктің де сеніміне ие бола алады. Екеуінің арасындағы алтын көпірге айналатындар да сол – сенімге селкеу түсірмегендер.

 

Бақтияр ТАЙЖАН:

«Шымкентті жақсы көретін адам бұл қала жайлы бәрін білуі керек»

 DSC0478

Әлеуметтік желіде шымкенттік келіннің тағдырынан асқан қиын өмір жоқ сияқты. Сондай бір жазбаға көзім түсті. «Таңғы сағат 6:00-де ұйқысынан тұрып есік алдын сыпырады екен» деген бос сөзге 10 мыңнан астам адам «иә, Шымкент сондай» деп қолдау танытыпты. Оқып отырған адам «қалың малын төлеп құл ретінде сатып алды» деп шошитындай. Шын мәнінде олай емес қой?!

Ең жақсы келіндер Шымкентте тұрады. Өскеменнен бір әріптесіміз Сарыағашқа демалуға келді. Сонда жәй ғана дәмханадағы даяшы қыздың жолын кесіп өтпей, «аға, өтіп кетіңіз» деген ілтипатына әсерленіп, «мына Оңтүстіктің халқы қандай иманжүзді еді?!» дегені бар. Бір ғана даяшының тапсырыс қабылдауын қошемет деп білген өскемендік әріптесім тағы бірнеше үйде қонақта болды. Үй иесінің келіні сәлем салып қарсы алып, дастарханға ас алып келді. Мұны көрген қонағымыз «біз жақта отбасы мүшелері бірге жүрген дос-құрдастар сияқты өмір сүреді. Шымкентте қазақы салт-дәстүр сақталған. Келіннің бір ғана иіліп салған сәлемі өзіңді елге сыйлы, үлкен адам ретінде сезінуге мұрсат береді. Ал хан сыйлағандай сыйлап, қонақтың алдына ас әкелу мәнері ерекше құрмет» деп сүйсініп қайтты.

Біздің өңірде қонақ болғандардың ойы осылай өзгеріп қайтады. Мұнда ерте тұрып, аула сыпырып, қор болып жүрген келін жоқ. Керісінше салтты сақтап, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет танытып, күндей күлімдеп жүр. Сол ізеттіліктен болар, туған жерімізді даттаған әлгіндей жазбаларға да мән бермей өте шығамыз. «Бізде бәрі тамаша» деген ішкі сенімділік көңілімізді жайландырады. Сабыр сақтап, ешкіммен сөз таластырып уақыт өлтіргіміз келмейтін, уақытты тиімді пайдалануға деген ынта-жігеріміз тағы бар. Бірақ, Шымкентті жақсы көретін адам бұл қала жайлы бәрін білуі керек. Сондықтан, әлеуметтік желідегі осындай тақырыптардың бос сөз екенін айғақтайтын әңгімелерді жиі жариялап отырғанымыз абзал.

 

Кеңес ИСМАИЛОВ:

«Тұрғындар қаланың дамуына стратегиялық көзқарас танытса...»

 DSC0584

Біз көбіне «Шымкенттегі шешімін таппай қалған кішкентай мәселелерді өзекті етіп көрсету» мен «қалаға деген махаббатты» шатастырып аламыз. «Мына шұқырдың беті ашық қалыпты, түнде біреу түсіп кетсе қайтеді? Адам өміріне қауіп төндіріп, билік қайда қарап отыр?» деген жазба иесі өзін әлемдік мәселені талқыға салғандай сезінетіні бар.

Бірақ, ақпарат таратушы да, әлеуметтік желі белсенділері де мына нәрсені білуі керек: әр аудандағы мәселені қолға алатын аудан әкімдері бар. Әр шағынаудандағы халықтың өтінішіне жауап беретін аудандық әкімдік қызметкерлері бар. Ал «қала әкімі» деген шаһардың даму стратегиясымен айналысатын адам. Үлкен картадан қарап, қаланың сәулеті мен инфраструктурасын, туристік нысандарын жобалау оңай шаруа емес. Бір тоқтамға келу үшін бірнеше мекеме ескертпелері мен ғалымдардың ойы түйісуі керек. Одан кейін бұл жобаның сәтті шығатынын республикалық мінберде дәлелдеу қажет. Мақұлданған жобаны іске асыруда да талай қиындықтар кездеседі. Бір ғана «Ескі шаһарды» мысалға алайық. Шымкентке келген саяхатшыны қызықтыратын бірден бір тарихи нысан бұл. Бірақ, мақтанышпен көрсететін құндылықтың аумағында сүйкімсіз сауда қатарлары бар. Бірнеше жыл бұрын Шымкент қамалына көтерілетін жалғыз жолға бір азамат заңсыз түрде үй салып алды. Міне, осылай бір ғана адам «үйімді бұзбаймын, баспанасыз қалмаймын» деген орынсыз дауменен-ақ қаланың үлкен бір жобасына кедергі келтіреді. Қазіргі таңда «Ескі шаһардағы» сауда нүктелері де «кәсіпкерге қысым көрсетіліп жатыр» деп айтуы бек мүмкін. Десе де, олар шыққан шығынын әлдеқашан ақтап алған және сол қыруар табыс әкеліп жатқан кіріс көзінен айрылғысы келмейді. Яғни, жеке бас пен қу құлқынның қамы. Ал қаланың дамуын ойласа, сондағы кәсіпкерлердің өзі-ақ қор жинап, «Ескі шаһарды» қайта құруға демеушілік танытуға атсалысар еді. Сол сияқты, әрбір қала тұрғыны жанашырлық танытып, жасалған істі дамытуға құлықты болса, ауласына отырғызған ағашты күтіп баптайды. Үйін түзеп, көшесін күзетіп, айналасындағыларды да игі іске шақырады. Туған жеріңді сүю, оны бағалау деген осы ғана.

Последнее изменение Пятница, 13 Октябрь 2017 09:20
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.