Ойын алаңшаларына тұрғындардың жанашырлығы керек

Понедельник, 16 Октябрь 2017 03:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2529 раз

ымкенттің сәулеті жыл сайын жаңаруда. Зәулім ғимарттар мен халыққа қажетті нысандар саны артуда. Көпқабатты тұрғын үй аулаларында балаларға қажетті ойын, спорттық алаңшалар және салауатты өмір салтын ұстануға қажетті тренажерлер орнатылуда. Қазір қаладағы әрбір тұрғын үйдің алдында балалардың футбол ойнап, доп қуып жүргендігін жиі аңғаруға болады.

DSC 9391

Барды бүлдірмей ұстасақ...

Мәселен, күні бүгінге дейін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында 400 аулада 700-ге жуық ойын және спорттық алаңшалар пайдалануға берілген. Оннан аса тұрғын үй ауласындағы алаңшаларды салуға кәсіпкерлер демеушілік жасаған. 

Аудан әкімдігінің берген мәліметі бойынша, Шымкент қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тарапынан 2012 жылы 27 аула, 2013 жылы 110 көпқабатты тұрғын үй аулаларына балалар ойын алаңшасын орнату және аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімдігі тарапынан 2014 жылы 52 аулаға (79 үй) балалар ойын алаңшалары орнатылып, абаттандырылған. Өткен жылы бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 232,6 млн теңге қаржы бөлініп, 16 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалардың ойын алаңшалары салынған. 

DSC 9405

Биылдың өзінде қалалық бюджеттен 17 млн теңге бөлініп, 54 көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы баспалдақтар жөндеуден өткен. 77 ауланы абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату үшін сметалық құжаттама әзірленіп, қалалық бюджетінен қаржы бөлдіру үшін қалалық экономика және қаржы бөліміне ұсынылған. 

Осы секілді Абай, Еңбекші, Қаратау аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізгенімен, тұрғындар бұл дүниелерге қаншалықты күтіммен қарайды? 

Қаланың орталығы саналатын Республика даңғылы бойындағы №10 үйдің алдындағы балалар ойнайтын сырғанақ, әткеншектер майысқан, сыры көшкен. Орындықтардың ағашы жұлынған. Күтіммен қарамағандықтан әбден тозығы жеткені көрініп тұр. Ал Айбергенов көшесі бойындағы №15 а, №7 б үйлердің алдындағы спорттық алаңшаның сым қоршауын қиып, шұрқ тесік еткен. Сосын сол тесіктерді ақ матамен қайта жамаған. Ұрпақ саулығын жақсартуды негізге алып, орнатқан мүліктерді осындай жағдайға жеткізген кімдер? 

Тұрғындар кінәні әкімдікке, сапасыз құрылғылар қойған мердігер мекемелерге артты. Дегенмен, тұрғындардың өз қаласы, өзі тұратын үйлері мен балалары ойнайтын алаңшаларының жай-күйіне, тазалығына осындай көзқарас танытуы қаншалықты дұрыс? Қолда бар дүниенің қадіріне жетіп, оларға жауапкершілікпен қараса әлі де қаншама жыл игілікке жарар еді? 

Зухра Сәрсенбаева «көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарын ауызбіршілікте ұстап, тазалыққа үндейтін ең алдымен «домкомдар» деген» пікірін жеткізді. Оның Жангелдин көшесіндегі 22 тұрғын үйдің төрайымы болып қызмет еткеніне көп жыл болған. Қазір бұл аула Шымкентте ең үздік аулалардың қатарында. 

DSC 9388

– Осыдан бірнеше жыл бұрын еккен көшеттер саялы ағашқа айналды. Сыртқа арнайы ыдыстарға гүлдер отырғыздым. Оларды тіпті подъездің ішіне дейін қойдық. Тұрғындармен, әсіресе, балалармен көп жұмыс істеймін. Тазалыққа мән беруге, мүмкіндігінше мүліктерді бұзып-сындыруға жол бермеймін, түсіндіру жұмысын көп жүргіземін. Нәтижесі жақсы. Қазір керісінше балалар ағаштар мен гүлдерді суаруға қолғабыс жасайды. Өздері еңбектенген соң бұзуға не қиратуға қимайтын болса керек, – дейді үй төрайымы.

 

Мүлікті сындырғандар заңмен жазаланады

Алаңшалардағы құрылғылардың дерлігі темірден. Демек, қызмет көрсету уақыты көп жылдарға жарамды. Әрине, тұрғындар күтіммен қараса. Заңды жағынан алып қарасақ, ойын және спорттық алаңшалардағы мүліктерді сындыру, майыстырып, жарамсыз еткендер заңмен жазаланды.

Мұндай бұзақылыққа барғандар ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабамын жазаға тартылады. Айталық, бөтеннiң мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не барынша арсыздықпен ерекшеленетiн әдепсiз әрекеттер жасаумен ұштасқан аса қатыгездікпен бұзу – 2000 АЕК көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Дәл сол іс-әрекет, егер оны адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаса 5000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұл тұста, мемлекет балаларға арналған ойын, спорттық алаңшаларды ашу арқылы қаланың көркін келтіріп, тұрғындардың дұрыс демалуына жағдай жасауды мақсат етеді. Бұған әрбір шымкенттік өздері үлес қоса алады. Өйткені, тұрғын үй ауласының тазалығы, балалардың қауіпсіз ортада жүріп-тұрғаны әрбір ата-ана үшін маңызды екендігі анық.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.