Шымкенттің шетінен этноауыл ашылса...

Пятница, 27 Октябрь 2017 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4972 раз

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы», дейді Елбасы рухани жаңғыруға үндеген мақаласында.
Рас, қазір нарықтың заңдылықтарын, қыр-сырын меңгеретін кезең. Әрі бұл орайда жастарды отансүйгіштікке баулу, төл тарихымызды танытуға да назар аударсақ. Қазір сананы оятып, салт-дәстүрімізді бойға сіңіріп, рухани кеңістігімізді ұлттық құндылықтармен толықтырар уақыт. Бұл орайда ойланатын жағдайлар жоқ емес.

IMG 20170929 131437

Жастар салт-дәстүрімізді дәріптеуде белсенділік танытты

Жас кезінде ауылдың жұмысын істемеген бала жоқ шығар. Үйдің шаруасында ата-анасына қолғабыс еткен бала ширақ болып өсері белгілі. Қазіргі жастарымыздың мұндай іс-әрекеттерге икемі қаншалықты? Интернет, телефон шырмаған қоғамда бұл өте күрделі мәселе. 

Таяуда жастардың осындай салт-дәстүрімізді қаншалықты білетіндігіне куә болудың сәті түсті. Отырар ауданының Қарақоңыр ауыл округі Бестораңғыл елдімекенінде орналасқан «Алаш» этноауылында «Ауылдағы бір күнім» жобасы қызықты жағдайлармен есте қалды. Аудан әкімдігі мен ОҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы бірлесе өткізген сайысқа негізінен өңірдегі белсенді жастар қатысты. 

Сайыста ер жігіттер мал сойып, атты ерттеп, отын жарып, самаурын қойып, жүн қырықса, бойжеткендер таба нан пісіру, түйе сауу, күбі пісу, құрт жасау, бауырсақ пісіру секілді сындардан өтті. Ондағы басты мақсат– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру, жастардың бойында ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту. 

IMG 20170929 120826

Несін айтайық, әрбірінің құлшынысы ерекше. Жігіттер де, қыздар да белсенділік танытты-ақ. Дегенмен, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жарыста сүйінген де, күйінген де жағдайлар болды. Бес топ та самаурын қоюдың технологиясын тәуір біледі екен. Дегенмен, сайыстың қазылар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков жастардың ағаш жаруда, техникалық қауіпсіздікті сақтауда кешіліктер барын айтты. «Бұл сайыста негізгі мақсат жеңу емес, қазақы қалыпты қаншалықты сақтап, ұлттық дәстүрлерімізді қаншалықты білетіндеріңді байқау», дейді ақсақал жастардың өнерлеріне баға беріп жатып. 

Әсіресе, қатысушылардың нағыз сыналар сәті – қойдың жүнін қырқу мен қой союға келгенде қарым-қабілеттері айқын аңғарылды. Алдымен жігіттерге қойдың жүнін қырқудың технологиясы көрсетілді-ақ. Сөйте тұра, жігіттер қойдың жүнін қырқуда епсіздіктерін байқатып алды. 

Бір күнге жоспарланған сайыстан осындай әсер алдық. Ауылда өскен баланың қой сойып, самаурын қайнатуды ұмытпаса екен дейміз. Ауыл – ұлт руханиятының қайнар көзі.
Елбасының мақаласында айтылғандай, біз салт-дәстүрлерімізді ұмытпай, руханиятымызды жаңғыра білсек сананың сергек болуы деген осы ғой.

IMG 20170929 121732

«Алаш» этноауылына бардыңыз ба?

Рухани жаңғыру саясатын насихаттап, нақты іске көшкен азаматтардың іс-әрекетіне қалайша риза болмассыз?! Отырар ауданының Бестораңғыл елдімекенінде ашылған «Алаш» этноауылы бірегей жоба. Атауы айқындап тұрғандай, алаш жастарының арман-аңсарын, салт-санасын сергек етер таптырмас орын. Жалпы аумағы – 4 гектар. 8 киіз үй, қолөнер шеберлері, кілем тоқушылар, теріні өңдейтіндердің бөлмесі жағалай орналасыпты. Мұнда жалпы 32 адам жұмыс істейді. 

21 мамыр күні Бакуден басталған Түріксой мемлекеттерінің делегацияларының туристік сапары барысында 11 мемлекеттен 50 шақты адам осында аялдағанын көпшілік білер. АҚШ, Сингапур, Қытай, Польша, Франция, Германия сияқты әлемнің жетекші елдерінің өкілдері таң-тамаша болған. Ұлы Жібек жолының бойындағы мемлекеттерді, қалаларды аралап, көруді мақсат еткен олар осы орынға да соға кетуді жөн санапты. 

Этноауылды қолға алған жас кәсіпкер – Алмас Сыздықбеков. Туған жерін түлетуді перзенттік парызы санаған. Өзі Қытай, Ұлыбританияда білім алып, тағы басқа елдерді аралап жүріп, әр елдің салт-дәстүрімен танысып, талай дүниелерге қаныққан. Бізде әсіресе осындай этнографиялық туризм ақсап жатқаны ойландырған. Сол ойдың жетегінде жүріп, ақыры осындай жобаны іске асырды. 

Өзінің айтуынша, негізінен, этноауыл ресми түрде 10 маусым күні жұмысын бастаған. Сол күні де АҚШ, Түркия, Польшадан, өз елімізден 9 турист келіп, тамашалапты. Содан бері, 1 қазанға дейін созылған алғашқы маусымда 500-ден астам турист қонақ болыпты. 

Қазақ ауылын ашудағы негізгі мақсат – шетел азаматтарына қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, таныстыру, екіншіден, болашақ ұрпақты, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Үшіншіден, ұмытылып кеткен қолөнершілер, зергершілер, ұлттық құндылықтан ажырамаған ата-апаларымыздың тәжірибесін келешек ұрпақтың бойына сіңдіру. Бүгінде ондай бұйымдарға деген насихат аз болып тұр, қызығушылық төмен. Жас кәсіпкер сол кәсіпті қайта жаңғыртуға құмбыл.

 

Барымызды бағалай білейік

Жуырда БАҚ өкілдерімен бірге облыста жаңадан ашылған ауылшаруашылық кооперативінде болдық. Ондағы малды күтіп-баптау жұмыстарын атқарып жүрген қазақ жастарын кездестіре алмай әрі-сәрі күй кешкеніміз бар. Малды сойып, жайғастыратын қасапшылардың бәрі де өзге ұлт өкілдері.

«Қырсыздың сылтауы қырық, епсіздің сылтауы елу» дейді қазекем. Біліп айтқан. Қолы епсекті, төрт түлік малды баптаудың қыр-сырын меңгеріп өскен бала бүгінгідей нарықтық экономиканы да меңгеріп өспей ме? Сонда жұмыссыздық мәселесі де азаяр еді. 

Бүгінде елімізде салтымызды жаңғыртып, жастарды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеудің түрлі механизмдері қолға алынуда. Облыста салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы жұмысын бастады. Қалада атамұрамызды насихаттайтын сауда дүкендері жұмыс істейді.

 

IMG 20171010 103243Ғани АХМЕТБАЕВ,
қалалық мәслихаттың депутаты:

– Өткенді білмей, алға жылжу жоқ. Елбасының рухани жаңғыру мақаласы – еліміздің көркеюіне, болашағына үлкен серпіліс беретін стратегиялық бағдарлама. Осы бағдаралама ясында талай құндылықтарымызды жарыққа шығаруға зор мүмкіндігіміз бар.

Рас, қазір әлемнің дамыған елдері туризмнен, оның ішінде этнотуризмнен мол пайда тауып отыр. Халық елдің өткен ғасырдағы тарихы, этнографиялық өмірін насихаттайтын орындарға жиі барады. Мәселен, Астанада ашылған этноауылда болдым. ЭКСПО көрмесіне келген шетелдік туристер этноауылға барып, сол жердің тамағын жеуге, қызықтауға асығатынын байқадым. 

Шымкентке де мұндай этноорталықтар ашылса құба-құп. Қаланың сыртынан осындай орталықтар ұйымдастыруға әбден болады. Ең алдымен біз инфрақұрылымына, туристерге жағдай жасау жағын ойластырсақ. 

 

Бізде кәсіпкерлер негізінен қаржының тез қайтатынын есептейді ғой. Салған ақшасын тез шығарып алғысы келеді. Этноауыл салып, жұмысын жүргізуге көп уақыт, біршама шығын керек. Бірақ ол ертең он есе, жиырма есе қайтатынына мән бермей жатады. Әр нәрсенің бастамасы қиындықпен басталатынын ұмытпайық. Түптің түбінде кәсіпкерлер осындай рухани жаңғыруға бет бұрады деп сенемін.

Ендігі кезекте этнографиялық туризмді дамытуға көңіл бөлсек. Қазіргі кезде ойынхана мен сырахана көбейгенше, осындай рухани жаңғыруға мән берілсе, керемет емес пе?!

Шымкентте суретші, қолөнерші Болат Бейісбековтің де ұсынып жүрген бірқатар жобалары барын білеміз. Ол отбасымен дәстүрімізді насихаттап жүр. Олар қаладан қазақ ұлттық қолөнер орталығын ашуды жоспарлап жүргеніне біраз уақыт болды. 

IMG 20170929 120424

– Мен басынан аяғына дейін ойластырдым. Ол шеберханасы және қонақүйі, көрме залдары және галереясы бар толық кешен болады. Ғимараттың ортасын киіз үй секілді етіп жасадық. Мұнда қолөнер бұйымдары, мейманхана, киностудия, ұлттық асхана және жаттығу залы да ойластырылған. Қонақтар ашық аспан астында көрме және шеберлік сабақтарын тамашаласа. Одан кейін тәжірибелі қолөнершілер өздерінің кәсіби жұмыстарының қыр-сырын үйретсе, – дейді шебер. 

Яғни, елімізде этнографиялық туризмді дамытуға, салт-дәстүрімізді насихаттауға деген талпыныс бар. Тек қолдау болса.

Шымкентке жыл сайын мыңдаған шетелден турист келеді. Оларға ендігі ретте өз руханиятымызды таныстырып, барымызды көрсете алсақ, олардың қызығушылығы тіпті арта түсер еді. 

Көпшіліктің пікірінше, қала маңынан да осындай этноауылдар ашып, туризмді дамытса деген ұсыныстар да жоқ емес. 

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Мұндайда халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. 

Сол себепті, әрбір азамат туған жеріне, оның руханиятына, бей-жай қарамауы тиіс. Бұл орайда жергілікті кәсіпкерлер барынша туған өлкесін түлетуге атсалысса дейміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.