Шымқаланың жаңаруы: жоспардан нақты іске Избранное

Среда, 01 Ноябрь 2017 08:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 234 раз

Жақында облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов облыс аймағында және Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен таныстырған болатын. Жоспар бойынша қалада жаңа әуежай, аймақты барлайтын «Қарауылтөбе», «Шымкент Арена» спорт сарайы секілді ғимараттар бой көтереді. Сондай-ақ, 40 қабаттан тұратын «Шымкент тәжі» тұрғын үйінің нобайы дайындалған.

megapolice

Шымкентте биік ғимараттардан гөрі жер үйлердің саны көп екені белгілі. Мегаполис стандарттарына сәйкес қалаларда көпқабатты ғимараттар басым болуы керек. Қытайдың Чунцин қаласында 30 миллионнан астам тұрғын бар. Мамандар бұл мегаполистің таяу жылдары халық өсімі бойынша Токиоға жетуі мүмкін екенін айтады. Өйткені, мұнда урбанизация өте жылдам өріс алуда. Ал ауылдық жұртшылықты қалаға тез қоныстандырудың ең тиімді жолы – баспанамен қамтамасыз ету. Чунцин тау мен өзеннің маңында орналасқандықтан көпқабатты үйлер тек жоғары қарай өсуде. Мысалы, австралиялық компания «Belt Collins» Цзянбэй ауданында бар жоғы 76 шаршы метр аумақта саябағы бар тұрғын үй салуда. Жоспар бойынша онда 800 мың адам қоныстанады. 

Шымшаһарда да көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Кейбіреулері аяқталып та қалған. Мәселен, қаладағы Әкімшілік іскерлік орталығы маңындағы жаңадан бой көтерген зәулім тұрғынүйлер қаламыздың көркін ашып тұр. Қазірдің өзінде ол жаққа халық қоныстануды бастап кетті. Аумағы – 280 гектар. Ал «Шымкент ситиде» 403 гектарға 9, 12, 16 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Онда 70 мыңға таяу халық өмір сүреді деп күтілуде. 62 гектар аумақта үлкен саябақ және 7 мектеп салынады.

1465624808

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымшаһарда жер үйлердің көптігін және олардың қала көркін бұзып тұрғанын айтқан болатын. Мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте 2042 тұрғын үй бар. Бұл – қалалықтардың 39,3 пайызы. Ал жер үйлер саны – 217 мың. Қазіргі таңда пәтер алу үшін кезекте тұрған адам саны – 87 214. Осы өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірқатар бағдарламалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

– Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Жаңарту 2017-2021» бағдарламасы аясында Қошқар ата өзенінің бас жағына жаңа аудан түседі. Онда 420 ескі үй бұзылып, орнына 61 көпқабатты тұрғын үй салынады. 600 орындық мектеп, 320 орындық балабақша, сонымен қатар 30-ға жуық коммерциялық нысандар бой көтереді, – дейді Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Жеңіс Байымбетов. 

qarauyl tobe

Зәулім ғимараттарды салып қана қоймай оның сапасына да мән беру керек. Әлемнің ең ірі мегаполистерінде төбесі көк тіреген ғимараттар көп-ақ. Алайда, болмашы табиғат апаттары мен техникалық ақаулардың салдарынан қирап, талай адамның өмірін қиғанын білеміз. Осындай жағдайларды ескеріп Шымкентте жаңадан салынып жатқан ғимараттарды арнайы сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, «Тұран» шағынауданында бой көтерген нысан сейсмологиялық зерттеуден өтті. Сынақ қорытындысы бойынша ғимарат 7 балдық сілкініске төтеп берген.

Германияның Гамбург қаласында «HafenCity» деген жоғары оқу орны бар. Онда сәулетші, инженер, геоматика, қалалық дизайн және мегаполис мәдениеті мамандарын оқытады. Олардың басты міндеті – қаланың экологиясы, ғимарат құрылыстары секілді салаларды дамыту. Студенттер білім ордасында түрлі жобалар дайындап, үлкен қалалар мен мегаполистерде жүзеге асырады. Шымқаланың келбетін бұдан да көркейте түсу үшін осындай мамандарды дайындау – заман талабы. 

– Жаңа ғимараттар салу үшін алдымен сәулетшілерден ұсыныс болуы керек. «Мынадай жерлерді алсақ, осындай нысандар саламыз» деген. Соған қарай жер қатынастары бөлімі жер бөліп, құжаттарды дайындайды. Бас жоспарға сәйкес, қазір барлық аудандарда қай жерде мектеп, қай жерге дүкен салынатыны белгіленіп қойған, – дейді ОҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов. 

Қала зәулім ғимаратымен көрікті. Менмұндалаған мұнаралар қала тұрғындарына саясын түсіріп, дауыл, желдерден қорғап тұруы керек. Алдағы уақытта макеттен көрген ғимараттар нобайын шынайы өмірімізде тамашалайтын күннің келеріне сенейік.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.