Тазалық пен тәртіп – қала мәдениетінің айнасы Избранное

Пятница, 03 Ноябрь 2017 05:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 177 раз

Ретсіз орналасқан сауда орындары көзге қораш көрінетін қоқыс үйінділері... Әсіресе, «Қырғы базар», «Ескі қалашық» немесе «Кристалл» сауда қатарларының маңынан өтер болсаңыз, шалынып не болмаса әлдебір затқа соқтығысып өтпегеніңізге шүкір дерсіз. Жаяу жүргіншілер жолын жауып, қаз-қатар тізілген жүк көліктері онысымен қоймай, дабыл қағып, жаяу жүргіншілердің зәре-құтын алатыны тағы бар. Әлі күнге дейін шегі шұбатылған мәселенің нақты шешімі нендей болмақ? Осы орайда, бүгінгі ахуалды тағы бір зерделеп көру үшін бірқатар сауда қатарларына бағыт алған едік.

DSC 0202


Тұтынушысын жаздың ыстығына, қыстың аязына ұрындырмайтын жабық кешенді сауда қатарларын салу – қала әкімдігінің ұзақ жылдар бойғы меншік иелеріне жүктеген қатаң талабы болатын. Дегенмен, тек «Тұлпар» және «Бекжан» базарлары ғана талап үдесінен көріне алды. Ал біз барған «Қырғы базарда» әзірге, мұндай мақсатты жұмыстар байқалатын емес. Тізбектелген көліктердің арасынан оңтайлы сәтті күтіп, базар ауласына кірдік. Төлеби көшесінің бойымен базар сыртын жағалап өтер болсаңыз, жоғарыда сөз болған «кейіпкерлердің» кейпін бірден танитыныңыз анық. Бақша өнімдері, аяқ киімдер мен тәтті күлшелер... асыққан жолаушыларды әбігерге салады. Ал ондағы жерасты өткелі арқылы қарсы бетке өту үшін де үлкен тәуекел қажет.

– Мынау Түлкібастың, яғни, өзіміздің бақшаның өнімдері, – дейді алма сатып отырған отанасы. – Келісін 150-200 теңгеге бағалап, сатып жатырмын. Одан артық баға қоя алмаймын. Себебі, өнімдерімді бүгін толық өткізіп, ауылға қайтуым керек. Неғұрлым арзан болса, өнім соғұрлым тез өтеді. 

«Сауда қатарларынан неге орын алмадыңыз? Сізге ешкім түсіндірмеді ме?» деген саулымызға: «Әй, қайдам, енді бірер аптада осыларды өткізіп алсам болды ғой. Маған базар ішінен тұрақты орынға қажеттілік жоқ» деп жауап берді.

97Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановпен де сұхбаттасудың сәті түсті. Аудан басшысының айтуынша, жақын күндері мұндай ретсіздікке мүлдем тыйым салынбақ.

– Қазіргі таңда, аудан аумағына қарайтын «Акбар» базары мен «Қазына», «Оптовик» сауда үйлерінің аумағындағы белгіленбеген орындар біршама ретке келтірілген. Әзірге осы «Қырғы базар» маңындағы ұзаққа созылған өзекті мәселеде түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін сот шешімін күтудеміз. Яғни, мұндағы 300-ден астам заңсыз сауда иелері үшін заң аясында нақты шара қабылданады. Аталмыш базар басшылығы да бұл істе бізге лайықты қолдау танытуда. Демеушілік жәрдем көрсетіп, әкімдік мамандары үшін арнайы велосипедтер алып берді. Мұнда біздің қызметкерлер велосипед қызметін пайдаланып, жүйелі түрде бақылау шараларын ұйымдастыруда, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.

Осы орайда, аудан аумағындағы санитарлық тазалықты қалыптастыру бағытында сауда орындарының маңынан тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 185 контейнер алаңшалары және 626 қоқыс контейнері орнатылыпты.

Қаланың 2020 жылға дейінгі арналған әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасы аясында «Қырғы базарды» қайта құрылымдап, шығыс стиліндегі сәулетті кешенге айналдыру көзделген. Нәтижесінде, «Шығыс базары» – келешекте қаланың көрікті орнына айналып қана қоймай, Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі сауда-саттық дәстүрін жаңғыртқан, ұлттық кескін-келбеті сақталған орын болмақ.

Жалпы, бүгінде қала аумағында 33 әмбебап базар мен сауда қатарлары жұмыс істеуде. Олардың 11-і ірі базарлардың қатарына жатады. Дегенмен, ондағы олқылықтарды бірізді жүйеге келтіру әзірге мүмкін болмай тұр. Мәселен, базарлар мен сауда қатарларының ешбірінде көлік тұрағы мәселесі шешілмеген. Ал қолданыстағы заңға сәйкес, әр базар аумағының 36 пайызы автотұрақтарға берілуі тиіс.

Жуырда ТМД елдерінің басшылары бас қосқан келелі жиында Шымкент – 2020 жылғы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» ретінде жарияланған еді. Қаланың мұндай мәртебеге ие болуы да тегін емес. Шымқалада соңғы бес жылда 50-ге таяу мәдени нысан бой көтеріпті. Соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Шаһар еліміздің демографиясына да лайықты үлес қосып келеді. Жақын күндері 1 миллион тұрғыны бар қала ретінде мәлім болмақ. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Облыс орталығының қарқынды дамуы мәдени астана атануына мүмкіндік беруде.

 

ТҮЙІН

Иә, жоспарлы міндеттер орындалып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарыштап алға басқан сәтте, қаланың ішкі мәдениетін қалыптастыру, санитарлық тазалығын сақтау, қоғамдық орындарда заң мен тәртіпті ұстану – ендігі қала тұрғындарының басты ұстанымы болуы шарт. Бұл тұрғыда, күллі әлемге үлгі болып отырған Жапония, Корея, Сингапур елдеріндегі қол жеткен жетістіктер нақ осы біз айтқан жанашырлықтың нәтижесінде жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

Последнее изменение Пятница, 03 Ноябрь 2017 08:18
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

2012 жылдың маусым айынан бергі уақытта «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі қызметін атқарып келеді. 2014 жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін қала әкімдігінің ресми ВЭБ сайтында қызмет етеді.