Ғабит МӘУЛЕНҚҰЛОВ: «Тұрғындардың ЖАЙЛЫ әрі ҚАУІПСІЗ өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуда» Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2017 05:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 538 раз

Шымкент қаласында осыдан үш жыл бұрын Қаратау атты жаңа аудан құрылған болатын. Жер көлемі 32 256 гектар аумақта 17 шағынаудан, 13 тұрғын алап орналасқан. Аудан халқының саны қазір шамамен 218 мыңға жетті. Аудан өмірі, тұрғындардың тыныс-тіршілігі, инфрақұрылым саласындағы және Мемлекет басшысының саясатын түсіндіру бағытында атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловпен сұхбаттасқан едік.

20171103 115230

– Ғабит Патшаханұлы, аудан тізгінін қолыңызға алғалы бір жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында Қаратау ауданында нендей өзгерістер болды? 

– Ең бірінші Қаратау ауданындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын негізге алған іс-шара жоспарын бекітуге тапсырма алдым. 99 тармақтан тұратын іс-шаралық жоспарымызда халыққа ең қажеттісі – су, газ, сапалы электр жарығы болды.
Біз алдымен елдімекендердегі ауызсу мәселесін шешіп алдық. 2019-2020 жылдарға жоспарланған ауызсумен қамту жұмыстарының жобасын қала әкімдігінің қолдауымен 2018 жылға жақындаттық. Аудан әкімдігінің бастамасымен жеке кәсіпкер тарапынан «Асар-2» шағынауданындағы 130 тұрғын үйге ауызсу тартылды. Ал «Мәртөбе» тұрғын алабының ескі құбырлары «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС-і жоспарға сәйкес жаңартылды. Ағымдағы жылы «Сайрам» тұрғын алабы мен «Тұран» шағынауданына су құбырын тарту жұмыстары басталып кетті. Ал бірқатар елдімекенде ауызсу құбырларын тарту құрылысы келесі жылы басталады. Қазір бюджеттен қаражат қаралып, ЖСҚ әзірленуде.

shymkala-89-4

– Табиғи газға деген сұраныс та өзекті. Оның үстіне, БҰҰ-ның Даму Бағдарламасына сәйкес, үлкен мегаполиске айналатын шаһар қою түтіннен құтылуы қажет. Яғни, қаланы көк түтіннен құтқарып, экологиялық ахуалын жақсарту үшін көмір, басқа да отын түрін жағудан сұйық отынға көшудің маңызы зор. Қаратаулықтар мұндай мүмкіндікке қашан қол жеткізбекші?

– Биыл «Бозарық» саяжайын табиғи газбен қамтуға 727 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тағы 5 елдімекенді сұйық отынмен қамту барысында ЖСҚ әзірленуде. Атап айтқанда, «Асар-2», «Тассай, «Тұран», «Достық» шағынауданында бұл жұмыстар келесі жылдың соңына дейін нәтижесін беруі тиіс.

– 2017 жылдың 9 айлық есебінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін мекеме мен тұрғындар арасында жасалған келісімшарт түзу көрсеткіші 97%-ға жетті депсіз. Мұны неге 100%-ға жеткізбеске?

nurtas-1

– Аудан тұрғындарынан келіп түскен өтініш негізінде көшелердің барлығына келісімшарт түзілгенімен әлі де бос жатқан жер телімдері бар. «Қайтпас», «Нұртас», «Тұран», «Достық», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарында жаңадан жеке үйлер салынуда. Яғни, мұнда ай сайын өзгеріс орын алатынын ескерсек, сол жаңа нысандар жылжымайтын мүлкіне құжатын рәсімдеп үлгергенше келісімшарт түзбегені 3%-ды құрайды.

– Өткен жылдан бері осы жекеменшік үйлерді орталық кәріз жүйесіне қосатын құбыр тартыла бастады. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі қалай?

– Өткен жылы «Нұртас» шағынауданында басталған кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары биыл «Қайтпас» пен «Ақжайықта» жалғасты. Бүгінгі таңда тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстарын іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, «Тассайдағы» Тәуке хан көшесінен Қ.Төлеметов көшесіне дейінгі кәріз коллекторына да 45,4 млн қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.

– Қаратау ауданында 963 көшенің жалпы ұзындығы – 1050 шақырым. Оның 424 шақырымына асфальт төселген екен. Қалған шақырымның жағдайы қандай?

– Биыл ауданда әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге аяқжол салуға қаржы бөлінді. №85, №125 жалпы орта мектебі мен «Қаражол» емханасына баратын көшелерде аяқжол құрылысы басталды. Ал тағы үш көшенің жұмысын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Аудандағы тұрғын алаптар мен шағынаудандардың жаңақұрылыс аумағындағы топырақ жолдарға бюджеттен 105 млн теңге қаралып, «Достық», «Нұртас», «Қайнарбұлақ», «Асар-2», «Таскен», «Азат», «Бозарық», «Тассай», «Исфиджаб» және «Өтеміс» тұрғын алабындағы бірқатар көшелерге шағал тас төселді. Одан бөлек аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен кәсіпкерлер тағы бірнеше көшеге шағал тас төсеуге демеушілік жасады. Қазір ауданда 46 шақырым топырақ жол бар.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан 34 көшенің ЖСҚ-ы әзірленуде.

 MG 5888

– Кәсіпкерлердің демеушілігімен шағынаудандарда бейнебақылау камерасын орнатуды ең алғаш Қаратау ауданы қолға алды. Қылмыс көп пе, демеуші көп пе?

– Қаланың шетінде орналасқан шағынаудандарда құқықбұзушылықтың жиі болатынын жасырмаймын. Бұл көрсеткіш аудан әкімдігін ғана емес, қала басшылығын да, депутаттар мен осы ауданның кәсіпкерлерін де алаңдатты. Қылмыстың алдын алып, қала аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдағы тәртіп пен бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің нәтижесі дегеніміз дұрыс. Жуырда ғана кәсіпкер әрі қалалық мәслихат депутаты Т.Әмірбеков «Қайнарбұлақ» саяжайына сапалы 16 бейнебақылау камерасын орнатуға демеушілік жасады. Қазір көрсеткіш әлдеқайда жақсарды. Ендігі мақсатымыз – бұл жобаны басқа да шағынаудандарда жалғастыру және әрбір көпқабатты тұрғын үйдің ауласына да бір-бір камера орнату жоспары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.

– Болашақтың қамын ойлап, белсенді әрекет етіп жатқандарыңыз құптарлық-ақ. Бұл ретте аудандағы абаттандыру жұмыстары жайлы айтсаңыз...

– 2016-17 жылдардың жоспарына сәйкес, «Нұрсәт» шағынауданында тозығы жеткен 6 ауланы толық абаттандыруға және 1 аулаға қосымша балалар мен спорттық алаңша құрылысына 98,8 млн теңге қаралған болатын. Қараша айының соңында бұл жұмыстар пайдалануға тапсырылады. «Нұрсәт» шағынауданында мұндай жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Атап айтқанда 3 ауланы абаттандыруға, 26 аулаға қосымша балалар ойын алаңшасы мен спорттық құрылғылар орнатуға, 41 көшеге аяқжол салып, 22 қоқыс алаңын заманауи үлгіде жасақтауға ЖСҚ мақұлданды. Қаражат бөлу мәселесі 2018 жылдың бюджетін қарау кезінде мәлім болады.

– Аудан тұрғындарына айтар ой-пікіріңіз, ұсынысыңыз бар ма?

– «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан көпқабатты үй тұрғындарына жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен істі заң шеңберінде қарауға мәжбүрлейтін жағдай бар. Ол – төменгі қабат тұрғындарының ауладағы көпшілікке арналған орынды жеке меншігіне айналдырып алуы. Терезесінің тұсынан 10 көлік сыятын орынға 6 көлік қойып, шатыр жауып, сыртын қоршап алған. Басқа тұрғындар ол жерге көлігін қойса, «шатырды мен жаптым» деп дауласады. Соңы тұрғындардың бәріне ортақ жер дауына тіреледі. Жалпы, көпқабатты үйдің ауласын қоршап алу, шатыр жабудың қай-қайсысы да заңсыз. Ол көпшілікке арналған, сондықтан бұл ескертуге бейжай қарамаса екен.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.