Жолаушы, жолыңды біл!

Пятница, 10 Ноябрь 2017 05:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 195 раз

жаяу жүргіншінің құқығы мен міндеті қандай?

Қалада жаяу жүргіншілердің жолды бей-берекет кесіп өтуі тиылар емес. Әдетке айналғандай. Ал кейбір жаяу жүргіншілер жолағынан өту тұрғындар үшін қауіпті болып тұр. Таяуда «Дархан» автовокзалының тұсындағы жолаушылар өткелінде келеңсіз жағдайға куә болдық. Екі баласын ерткен азаматшаны автокөлік қағып кетуге сәл қалды. Абырой болғанда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жүргізушісі тізгінді тартып үлгерді. Жүргізуші қайда асығады, жолаушы ше?

DSC 5928

Мұндай жағдайлар көп-ақ. Бейбіт күнде жолдан өту қауіпке айналған. Оған қоса, жаяу жүргіншілердің тәртіпке бағынбай, жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіруде.
Жылдың басында Рашидов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінің маңынан кейуананы қоғамдық көлік қағып өткен еді. Ол көрініс әлі көз алдымыздан кетер емес. Асыққан жүргізуші де, аптыққан жолаушылар әлі де көп.
Ресми деректерді келтірейік. ОҚО Жергілікті полиция қызметінің 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жол қозғалысы саласында анықталған құқықбұзушылықтар мыналар: көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген жүру жылдамдығын арттыруы – 2636, жолушыларды тасымалдау және жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 30134, жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 2853 дерек тіркелген.
Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігіне жаяу жүргіншілердің қатысы бар. Облыс аумағында осындай 652 жол көлік оқиғалары тіркелсе: оның 77-і қаза тауып, 627 тұлға әртүрлі дене жарақатын алған.

DSC 5899

Жаңа бағдаршамдар орнатылды

Шымкент қаласының көшелерінде әр күн сайын орта есеппен 150 мың көлік жүреді. Әсіресе, балабақша мен мектептердің маңында жол кедергісін орнату және жаяу жүргіншілер жолағын сызу – өте өзекті мәселе. Әр аудан әкімдігінің халықпен есеп беру кездесулерінде бұл мәселе айтылып келеді. Жыл басында қалалық мәслихат депутаты Е. Дәрменов Ерімбетов көшесінің бойынан жол кедергісін орнату қажеттігіне назар аударған еді.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев бізге қалада жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар шаралар жүзеге асқан. Мәселен, 17 нысанға жаңа бағдаршам орнатылды. Қала көшелерінің бойына 350 метр жасанды жол кедергілері, 30 дана жарық шамы бар белсенді жол белгілері, 1600 дана катафоттар, 10 дана ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері, 100 дана «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық жол белгілері орнатылған.

 

«Біз үйреніп қалғанбыз»

Қаладағы № 35 бағыттың жүргізушісі Сәдуақас Райымбековтың пікірін білдік. Олар негізінен қаланың орталық көшелері бойынша қатынайды. Оның пайымдауынша, Байтұрсынов көшесінде жолды алаңсыз кесіп өтетіндер көп. Бұл әсіресе, «Спорт» шағынауданы, «Студенттер» және «Гарант» аялдамасының жанында көп байқалатынын айтты. Жүргізуші бізге «бұл жағдайға үйреніп қалғанбыз ғой» дейді жымия. Бұл мәселені айыппұлды көбейтіп қана шешуге болатынын айтады.
Ал такси жүргізушісі Берік Есенов те бұл тұрғыда өз ұсынысын айтты. «Халықтың мәдениетін, санасын көтермей бұл мәселені шешу қиын. Жалпы, менің ұсынысым мынадай: жол ережесін балабақша, мектептен бастап оқушылардың санасына сіңдіру керек. Мұғалім, балалармен сәлемдесіп болғаннан кейін, осы жолда жүру ережесі туралы күнделікті айтып отырса, сонда ғана, бұл мәселе тыйылар еді».
Жалпы, белгіленбеген жерден кесіп өтетіндерге 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Оған пысқырып жатқан ешкім жоқ. Қазір қалалық ЖПҚ тарапынан, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бірлесе жол қауіпсіздігін сақтауда бірқатар жұмыстар атқарғанын атап өттік. Әрі қарай да жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасады.
Қала көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ол жерлерге жаяу жүргіншілер жолақтары сызылуы тиіс. Жалпы, қалада әлі де жол кедергілері, жолақтар жетіспейді. Бұл мәселе бойынша ОҚО ІІД Әкімшілік полиция тарапынан қала әкімдігі мен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныстар жолдануда. Жасанды жол кедергілерін қоюдың тәртібі бар.

 

Санаға сілкініс керек

Осыдан үш жыл бұрын «18» шағынауданда да бұл мәселе өзекті болатын. Аялдама тұсынан жерүсті өткелі салынып, мәселе толық шешімін тапты. Қазір адамдардың бәрі өткелден өтуге үйренді.
Қалай десек те, жолда жүру тәртібіне бағынып, белгіленген жерден өту өзіміз үшін керек. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін әрі жүргізушілердің де тағдырына бей-жай қарамауды ойласақ. Бұл ретте адамның санасы өзгеруі тиіс емес пе?!
Жоғарыда сөз еткен «Дархан» автовокзалы тұсындағы жаяу жүргіншілер жолағы ретке келтіріледі. Н. Сүгірәлиевтың айтуынша, жол белгілерін айқын етіп көріну үшін ағаштарды кесуге қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсыныс беріліпті.

 

Сіз не дейсіз?

IMG 20171107 100111Пернекүл КЕРІМОВА,
ата-ана:

Күнделікті ескертіп отырамын

– Мен өз перзенттерімнің қауіпсіздігін әрдайым бақылап отырамын. Екі қызым бар. Бірі 4-ші, бірі 5-ші сыныптың оқушысы. Олар № 7 техникалық лицейде оқиды. Онда барлық қауіпсіздік белгілері сақталған. Мұғалімдер тарапынан үнемі айтылып, хабарлама, хаттар таратылады. Ешқандай қауіп жоқ. Бірақ балаларыма ылғи бағдаршамнан өтуге кеңес беремін. Әрі үлкен адамдармен бірге өтуін ескертіп отырамын. Жаяу жүргіншілер жолағынан өту оқушылар үшін өте қауіпті. Өйткені, үлкендердің өзі ол жерден абайлап өтеді ғой.
Бұл жағдайға тек ата-ана ғана емес, мұғалімдер де жауапкершілікпен қараса деймін. Кейде сынып жетекшісінің уақыты бола бермеуі де мүмкін. Сол себепті, көбіне үйде ата-аналардың өздері айтқаны дұрыс.

 

muratМұрат МЫРЗАҚҰЛОВ,
қала тұрғыны:

Жүргізушінің тағдырымен ойнамайық

– Жалпы, бұл – адамның мәдениетінің өлшемін аңғартатын мәселе. Қанша асығыс болып жатсаң да, тәртіпке бағынуы керек. 2-5 минут кешіксең де тәртіпке бойұсын. Осы аралықтың ішінде келеңсіз жағдай болып кетуі мүмкін. Жүргізушілердің де тағдырымен ойнамау керек. Жаяу жүргінші де, жүргізуші де тәртіпке бағынса, жол-көлік оқиғалары болмас еді. Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырып жіберетіні рас.
Бұрынғыға қарағанда қазір жағдай түзелген. Қоршаулар қойылып жатыр. Кейбір адамдар өтіп кете беретіні рас. Әлі де жолақтар қойылмаған жерлер бар. Дегенмен, шалғай шағынаудандарға көптеп қойылуы керек. Жалпы, бұл мәселеде заңды қатаңдату керек деп ойлаймын.

Дерек пен дәйек

  • – көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген жүру жылдамдығын арттыруы – 2636, жолушыларды тасымалдау және жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 30134, жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 2853 дерек тіркелген.
  • – 17 нысанға жаңа бағдаршам орнатылды. Қала көшелерінің бойына 350 метр жасанды жол кедергілері, 30 дана жарық шамы бар белсенді жол белгілері, 1600 дана катафоттар, 10 дана ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері, 100 дана «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық жол белгілерін орнатылған.
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.