Қала қысқа қамдануда Избранное

Пятница, 17 Ноябрь 2017 08:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 73 раз

Жылудың ақысы қалай төленеді?

DSC 0340Қараша айының ортасынан асып, желтоқсан келіп қалды. Бұл – қысқы маусымға дайындықтың шырқау шегіне жетіп, аяқталар тұсы. Биыл Шымкенттегі үйлерді жылуға қосу жұмыстары 20 қазаннан басталды. Былтыр да осы уақытта жылу беру біртіндеп басталған-ды. Дегенмен, жылу қосылып үлгермеген үйлерге жылу ақысының түбіртегі қала әкімінің қаулысы шыққан күннен бастап есептелгені тұрғындардың әлі есінде. Ал жылуды 1 қарашадан бастап алған тұрғындар жылу ақысын төлеуді 25 қазаннан бастап есептеген коммуналшылардың бұл әрекетін түсіне алмай дал болғаны да бар. Биыл осы келеңсіздіктің алдын алуды ойлаған қалалық әкімдік қызметкерлері жылу қосу жұмыстары 25 қазаннан басталса да оның ақысы 1 қарашадан бастап есептеледі деп хабарлады. Сонымен, қарашаның орта шенінен бастап абоненттерге коммуналды қызмет түбіртегімен жылудың ақысы да келе бастады. Осы тұста жылу әлі қосылмаған тұрғындардың неліктен алмаған жылудың ақысын төлейміз деген сауалы туындайтыны анық. Бұл мәселеге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов пен «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің өкілі БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз-мәслихатын ұйымдастырып, жауап берді.

DSC 3941

Анық болғаны, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі қараша айындағы жылудың ақысын жылу энергиясын есептейтін ортақ құрал орнатылмаған үй тұрғындарына арналған жылудың 1 шаршы метрге тұтынылатын мөлшерімен есептепті. Ал жылыту маусымы аяқталған соң «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі жылудың ақысын сыртқы ауаның нақты температурасын есепке ала отырып қайта есептейміз деп отыр. Айта кетейік, абоненттер жылудың ақысын өздеріне түбіртек келген айдан кейінгі айдың 25-жұлдызына дейін төлей алады. Мысалы, қараша айындағы жылу ақысын 25 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс. Ол үшін ешқандай өсімпұл мен артық мөлшерлеме ұсталмайды. Мұнымен қоса «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі Шымкент қаласының тұрғындарынан жылудың ақысын дер кезінде төлеуді сұранады. Себебі, бұл қаржы газдың ақысы ретінде жылу энергиясын өндіретін мекемеге жіберіледі. Осы тұста ескере кетер жайт, жылу таратушылардың газға деген 340 миллион теңге қарызы бар. Ал үй ішіндегі жылу жүйесінде ақау бар, жылуды алмаса да қараша айында жылу ақысы үшін есеп келген үйлердің тұрғындарына «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі желтоқсан айында қайта есептеу жүргізеді. Ал төленген қаржы болашақтағы төлемге жатыстырылады дейді жылу таратушылар.

 

Жазда нендей жұмыс атқарылды?

anyqtama-1Шымкентте биылғы жылыту маусымына әзірлік өз деңгейінде жүзеге асырылды дейді жауапты мамандар. Осы бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақты айтқанда Шымкентте Байтұрсынов-Сапарбаев-Рысқұлов көшелерінің бойында магистралды жылу құбыры ауыстырылды. Жалпы сомасы 888,4 млн теңге бөлінген бұл жұмысты мердігер – "Сити-строй" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.

Осы жоба бойынша ұзындығы 5,2 шақырым құбыр жөнделді. Магистралды жылу құбырын ауыстыру нәтижесінде жылу маусымында апаттардың алдын аламыз дейді сала жетекшілері. Яғни, сапалы жылу мәселесі ұзақ мерзім бойы шешіледі деп күтілуде. Бұған қоса жылудың қалыптан тыс жоғалуы тоқтатылып, тұтынушылардың қаржысы үнемделеді. Айта кетейік, биыл ескі ірі құбырлар жаңасына – арнайы қапталған құбырлаға алмастырылды. Коммуналды қызмет өкілдерін қуантатын тағы бір жаңалық – бұл құбырлар тат басуға қарсы қапталған және құбыр жарылған сәтте хабар беретін құрылғы орнатылған.

anyqtama-91-4Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандарының мәліметінше, биылғы жазда шаһардың оңтүстік аймағында ұзындығы 22 шақырым, ал солтүстік бөлігінде 42 шақырым магистральды құбыр жөнделді. Байтұрсынов көшесіндегі магистральды құбырдан бөлек Рысқұлов көшесінің бойындағы ұзындығы 5,2 шақырым құбыр жаңаланды. Бұл учаскедегі ескірген, диаметрі үлкен құбырлар дәл сондай, бірақ, тот баспайтындай етіп қапталған құбырларға алмастырылыпты.

 

Қалада қанша қазандық бар?

Жалпы, Шымкентте жылумен қамтитын 7 нысан бар. Олар – "3-Энергоорталық" акционерлік қоғамына тиесілі нысандар: №3 жылу-энерго орталығы және 5 автономды қазандық пен қаланың коммуналды меншігіндегі, әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандық. Жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 411,7 шақырым, олардың ішінде 11,5 шақырымы "3-Энергоорталық" АҚ-на тиесілі, 392,6 шақырым – "Қуат жылу орталығы-3" мемлекеттік мекемесінде, қалған 7,6 шақырым желі "Нұр-Арыстан" ЖШС-не қарасты.

anyqtama-91-22

Алдағы уақытта Астана даңғылы бойындағы ұзындығы 4,5 шақырым магистралды құбыр және аудандық №1 қазандық жөнделмек. Бұған қоса әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықтарды жаңарту да жоспарланған. "Қуат жылу орталығы-3" мемлекеттік мекемесі тарапынан 2 нысанның жобасы әзірленуде. Атап айтсақ, Григоренко көшесінен Алдияров көшесіне дейінгі ұзындығы 2 шақырым магистралды құбырды және Адырбеков көшесінен Желтоқсан көшесінде дейінгі ұзындығы 1,5 шақырым магистралды желіні қайта қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр.

 

Биыл жылу беруде қандай жаңалық бар?

anyqtama-3

Шымкент қаласындағы 1811 көпқабатты тұрғын үйдің 1052-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алдағы жылу маусымында осы үйлерге 13 сервистік мекеме қызмет көрсетпек. Қазіргі таңда 759 үйдегі пәтер иелері қысқа өздері дайындалуда.

Жасыратыны жоқ, қаладағы бірқатар үйлердің жылыту жүйесі 30 жылдан бері әбден тозығы жеткен: құбырлар шіріп, толып қалған, бұрандалары жоғары қысымға шыдамай, істен шыққан. Енді осынау жаңа сервистік қызмет қалалықтарға бұл проблемадан құтылудың жолын ұсынды. Бұл тұста компания қызметінің ақысын үйлерін қысқа өздері дайындаған кездегідей бірден емес, түбіртек бойынша төлейді.

Бұл келісім-шарттың тағы бір маңызды тұсы – құбырды толығымен жөндеудің алдында сервистік қызмет өкілдері жертөлелерді маса, бүрге мен тышқандарға қарсы толық дәрілеп шығады. 

– Жертөленің тозығы жеткен. Барлығын ауыстыру керек – екі элеватор бұрышын, бұрандаларды да. Тұрғындар үшін қолайлы, олар біздің сервистік қызметте болады. Мысалы, егер қыста жертөледе апат болып, құбыр жарылып кетсе, олар бізге хабарласады. Келісім-шартта байланыс телефондарымыз бар. Біз келіп, жарылған жерді тегін жөндеп береміз, – дейді "Қуат жылу орталығы" МКМ директорының орынбасары Нұржан Татыбаев.

Барлық жөндеу жұмыстары жылыту маусымы басталғанша аяқталуы тиіс. Келісім-шартқа сәйкес, компания өкілдері осы үйде сығымдау жұмыстарын да жүргізеді. Бұған қоса, кепілдік мерзіміне сәйкес, көпқабатты үйге екі жыл бойы қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, жылу беру тоқтаған немесе төмендеп кеткен жағдайда тұтынушылар 56-50-43, 56-50-11 телефон нөмірлеріне хабарласа алады. Бұған қоса Жангелдин көшесі, 13А үйге келуге де болады. Мұнда күн сайын сағат 16 мен 18 аралығында қоғамдық қабылдау ашық болады. Тұрғындар онда мекеме басшыларына өздерін мазалаған сұрақтарын қоя алады. Ал абоненттік және техникалық инспекция бөлімі күн сайын сағат 9-дан 18-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері келеді. «Отырар» медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі