ЗООБАҚ – көңілді демалыс, көрікті бақ Избранное

Пятница, 17 Ноябрь 2017 11:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5419 раз

Африка мен Азия! Қазақстан, Австралия, Оңтүстік Америка! Бұл елдер мен құрлықтардың «бір бөлігі» болашақта Шымкент зообағынан орын теппек. Қазірдің өзінде акация, пальма ағаштары құрылысы аяқталып қалған «Африка» аймағының сәнін еселей түскен. Зообақ басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев қайта құру бағытындағы жұмыстармен таныстырды.

23635359 1345477295575483 2096719635 n

zoo-1Көгалданып, жаңарған ішкі жолдар мен аяқжолдар бойына зообақ логотипі бейнеленген орындықтар орнатылды. 

– Орындықтардың екі түрін таңдап, 68 данаға тапсырыс бердік. Әзірге зообақтың қайта құрудан өткен бөліктеріне ғана орнатылды. Алда ІІІ-IV кезеңнің жұмыстары бар. Логотиптер орындықта ғана емес, қоқыс жәшіктерінде де көрініс табатын болады, – дейді зообақ басшысы Нұрғазы Бақтыбайұлы.

Хайуанаттар бағының орталық ішкі жолындағы гүлзарда жағалай аң мүсіндері орнатылған. Соның ерекше көз тартатыны – тау барысы.

zoo-4

– Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде тау барысының мүсіндері Ресей павильонының шырайын келтірген-ді. Сол екі мүсіннің бірі көрме аяқталғаннан кейін «Нұр Әлемде» қалады деп жоспарланған. Көрші ел сыйлаған екінші мүсін Шымкент зообағына бұйырды. Жаңа бағытқа бетбұрыс жасаған біздің ұжым үшін бұл таңдау үлкен мәртебеге ие, – дейді Н.Бұхарбаев.

Зообақ басшысының айтуынша, тау барысының айналасынан тағы 6 жануардың мүсіні орын теуіп, ортадан субұрқақ іске қосылмақ. 

zoo-74

Күз түсіп, күн салқындағанымен Шымкент зообағындағы қайта құру жұмыстарының ІІІ кезеңі басталды. Дәл қазір мұнда жоспарға сәйкес «Азия аумағы» жобасы жүзеге асуда. 7 гектарға созылған «Африка» аумағында антилопа, түйеқұс, гну, зебра, түйе, марал сынды жан-жануардың 6 түрі еркін жорта бастаса, 3,5 гектарлық «Азияға» қоныстанатын жыртқыш аңдар да болашақта ашық аспан астында өмір сүретін болады.

shymkala 91-45

ІІІ кезең жұмыстарына «Азия» аумағынан бөлек «Аралас жануарлар» экспозициясы мен мал дәрігерлік аймағының жобасы еніп, құрылысы қолға алынды. Қала тұрғындары мен қонақтарының есінде қалатын ерекше көріністер балықтардың мекені – «Аквариумге» барар жолдан көзге түспек. Көпір маңындағы екі төбе «Гиббон» аралына айналып, ол жерге маймылдар тұрақтаса, жобаға сәйкес, осы маңдағы көлде аққу, үйрек, қаздар мекендейтін болады.

zoo-3

Бұл кереметті тамашалауға келген көрермендерге арналған орындардың да көлемі ұлғайып, жаңарады. 

 shymkala 91-48

Жан-жануарлар әлемі – нағыз кереметтер әлемі. Мұндағы қызықтың бірі күндіз ұйқыға кетіп, түнде оянатын тіршілік иелерін біз жайшылықта көрмейміз де. Соңғы кездері Голливудтың фэнтези жанрындағы кинофильмдерінің көзіріне айналған жарқанаттарды енді өз көзімізбен көріп, бір сәтке ертегі әлеміне енгендей әсер аламыз. Себебі, зообақта түнгі тіршілік иелеріне арналған орындар ашылады дейді ғылыми әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Қанат Егембердиев.

shymkala 91-47

– Зообақтағы «Тау» экспозициясының жертөлесінен орын тепкен «Түнгі әлем» бөлімінің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Мұнда ит тектес жарқанаттарды жайғастырмақпыз. Әзірге мұндай жануардың екі түріне тапсырыс бердік. Қала тұрғындары зообаққа күндізгі уақытта келеді. Сондықтан біз «Түнгі әлем» бөлігінде күн режимін жасанды түнге ауыстырдық. Едендегі әлсіз ғана жарық келушілерге бағыт сілтейді. Ал жануарларды қызыл түсті жарықтың көмегімен бақылап, қызықтай алады. Құрылысы аяқталып, жануарларды түгендеп үлгерсек, «Түнгі әлемнің» есігі келер жылдың басында қала тұрғындары үшін ашық болады, – дейді Қ.Егембердиев.

Зообаққа кіру құны қазір 23 теңге 69 тиын. Биылғы хайуанаттар бағына келушілер саны 400 мыңға жеткен. Н.Бұхарбаев алдағы 2-3 жылда Шымкент зообағын піл жануарымен де толықтыру ниеті барын жеткізді.

 shymkala 91-46

"ШК"-анықтама

Шымкент зоологиялық бағы 1979-1981 жылдары қазақтың көрнекті ұлы Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен әрі тікелей басшылығымен құрылған.

Зообақтың жалпы ауданы – 30 гектар. Оның ішінде экспозициялар 19 гектар жерге орналастырылған. Шымкент хайуанаттар бағында жануарлардың 239 түрі бар, жалпы саны 2 495 құрайды. Олардың 40 түрі Қызыл кітапқа енген. Зообақта тұяқтылар, жыртқыштар, приматтар, құстар, балықтар, бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді тамашалауға болады. Сондай-ақ, мұнда балықтың 70 түрінен, 1 254 балық мекендейтін аквариум орналасқан.

Последнее изменение Среда, 22 Ноябрь 2017 08:27
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.