ТЕЛЕКӨПІР: Шымкентте алып қойма кешені мен дәрі цехы іске қосылды Избранное

Пятница, 08 Декабрь 2017 06:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4105 раз

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпір өтті. Оның барысында Шымкентте көлік-логистика орталығында жаңа алып кешен ашылды. А+ санатындағы «Continental Logistics Shymkent» кешенінің қуаттылығы жылына 1 миллион тонна тауар өткізуге жетеді.


Телекөпірге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Санжар Елубаев және орталық қызметкерлері қатысты. Жоғары лауазымды басшылар алдымен Елбасыға жаңа нысанның маңыздылығы туралы баяндады.

– Құрметті Президент! Біз Шымкент қаласында мультимодельді көлік-логистикалық орталығының құрылысын аяқтадық.

Мұнда жыл сайын шамамен 1 млн тонна жүк өткізуге болады. Біздің орталық – Шығыс-Батыс, Оңтүстік-Солтүстік ағынына қызмет ететін кеден аймағы мен толық сервистік желісі қамтылған заманауи кешен. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы инфрақұрылымдық жобаны іске қосуға рұқсат етіңіз! – деді «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Санжар Елубаев.

Кешенде құрғақ және климаттық жағдайды бақылайтын қоймалардан бөлек контейнер терминалы, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдар бар. Жаңа көлік-логистикалық орталығының ерекшелігі - географиялық тұрғыдан тиімді орналасуында. Аймақтың жүк жөнелтушілер үшін артықшылығы – мұнда Cross Docking мультимодельді қызмет көрсету жүйесінің енгізілген. Бұл жүйе қоймалардағы шағын жүктермен қоса жеміс-жидек пен көкөніс сияқты бұзылатын тауар үшін өте маңызды.

Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектар «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында 8 жоба жүзеге асырылуда. Олардың инвестициялық құны – 35,6 млрд теңге. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де қарастырылған.

Мемлекет басшысымен телекөпір барысында Шымкент қаласындағы «Химфармның» дәрі шығаратын цехы да іске қосылды. Жалпы құны 13,5 млн АҚШ доллары болатын бұл жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылған. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарлануда. Өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жоба Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бір бөлігі болып табылады. Компанияның бас директоры Ижи Урбанец осымен төртінші цехтың ашылып отырғанын жеткізді.

cex21sd2f1sd

– Біз жалпы көлемі 108 млн доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Жаңа цехты іске қосқаннан кейін біз экспорттық әлеуетімізді 5 млрд теңгеге жеткізе аламыз. «Химфармның» атынан фармацевтикалық саланы қолдап, инвесторларға ыңғайлы жағдай жасағаныңыз үшін алғыс айтамыз, – деді Ижи Урбанец.

Бүгінгі таңда зауытта 1200-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Өндірістің барлығы әлемдік сапа стандартына сай келеді. Салалық GMP стандарына толық сай келетінін бұл цехта жылына түрлі дертті емдеуге арналған 20 миллионнан астам қорап дәрі шығарылады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.