Тұрақты қордың жаңа қоймасы бар Избранное

Среда, 13 Декабрь 2017 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3380 раз

Шымкенттегі тұрақтандыру қоры заманауи қоймаларды пайдалана бастады. Тұрақты қордың қызметкерлері азық-түлік өнімдерін Шымкентте жуырда ғана пайдалануға берілген көлік-логистикалық орталығындағы заманауи қоймаларға көшіріп, жинап қойды.

zhana qoima

Енді қыс бойы қаладағы әлеуметтік сауда орталықтарында сатылатын азық-түлік өнімдері осында сақталады. Ол үшін жаңа қоймаларда бар жағдай жасалған. Азық-түліктің бір бөлігі кәдімгі қоймада сақталса, бұзылуға бейім тауарлар ішіндегі климат жағдайы реттелетін заманауи қоймаларда сақталады. Ондағы мамандар сыртқы ауа райына қарап қойманың ішіндегі ауа температурасын қажет нормаға дейін өзгерте алады.

Жуырда осы қойманы облыс әкімі Ж.Түймебаев аралап көрді. Қыс ауасында азық-түліктің қымбаттауына жол бермеу керек. Бұл үшін тұрақтандыру қоры тиісті шараларды атқарып, халық көп тұтынатын өнімдердің қорын жеткілікті көлемде дайындап, бағаның өзгермеуіне ықпал етуі тиіс. Аймақ басшысы жауапты мамандарға осылай деп тапсырма берді.

Тұрақтандыру қоры осылайша халыққа қажет барлық тауарды көлік-логистикалық орталығында сақтап отыр. Қор қазір мұнда жалпы аумағы 4 мың шаршы метр болатын бірнеше қойманы жалға алған. Онда 2,5 мың тоннаға жуық азық-түлік өнімі сақтаулы тұр. Алдағы уақытта мұнда ет және ет өнімдерін де сақтау мәселесі қарастырылуда.

– Қазір тұрақты қор сақтаулы тауарды біртіндеп сата бастады. Біз картоптың келісін 85 теңгеден, сәбізді – 80 теңгеден, ал пиязды 50 теңгеден сатылымға шығардық, – дейді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов. – Тұрақтандыру қоры тауарларын бұған дейін Кеңес заманынан қалған қоймаларда сақтап келді. Талапқа сай келмегендіктен сақталған тауарлар ерте бүлініп, бірқатар шығындарға ұранатын. Енді, міне, Шымкент қаласынан заманауи қойма пайдалануға беріліп, тауарларды сақтау мерзімі ұзарып отыр.

Айта кетейік, мұндағы барлық тауар биржа арқылы сатып алынады. Екіжақты шарт бойынша сатушылар тауарларын өзінде сақтап, кейіннен сұранысқа сай осы қоймаға жеткізіп беріп отырады.

Последнее изменение Среда, 13 Декабрь 2017 06:10
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.