Шымкентте тағы бір жерасты өткелі пайдалануға берілді. Тұрар Рысқұлов көшесі бойындағы өткел «Самал» базары маңында ашылып отыр. Енді базарға келген жергілікті тұрғындар бұрынғыдай көлік кептелісіне тап болмай, қауіпсіз жерасты өткелімен өте алады.
Бұл өткелді «ХМСУ Мелиорация» ЖШС салған. Құрылысына қала бюджетінен 116 миллион теңге жұмсалыпты. Мердігер мекеме мұнда алғашқы жер қазу жұмыстарын биылғы мамыр айында бастап, құрылысты мерзімінен бір ай ерте, қараша айында аяқтап отыр. Енді құрылысшылар өткелдің сапасына 5 жылға кепілдік беріп отыр.
Бұл өткелдің өз ерекшеліктері бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін электронды көтергіш қарастырылыпты. Қондырғы 250 келіге дейінгі жүкті тасымалдай алады. Айта кетейік, мамандардың есебінше, күн сайын «Самал» базары маңынан үш мыңға жуық халық өтеді.