«ШАТҚАЛ» – ШАҺАР КӨРКІ Избранное

Пятница, 05 Январь 2018 06:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 777 раз

Шымкентте 300 гектар жер жасыл желекке оранбақ


Осыдан тура бір жыл бұрын облыс әкімі Ж. Түймебаевтың бастамасымен «Шатқал» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бастаманың мақсаты – Шымкент қаласы аумағындағы үлкен сай-салалар мен жыраларды қоқыс полигонына немесе криминогенді аймаққа айналудан сақтау.


Түркия елінің тәжірибесіне сүйене отырып, шатқалдарды жасыл желекке оранған саябаққа айналдырып, ел игілігіне беру. Шымкент қаласындағы мұндай шатқалдардың жалпы аумағы 124 гектар жерді алып жатыр. Атап айтқанда, «Самал» шатқалының аумағы – 38 гектар, «Шымсая» – 25, «Юнус Эмре» – 25, «Депутаттар» шатқалы – 10 гектар, «Нұр Отан» – 8, «Қ. Балабиев» – 8, «Н.Әбішев, Р.Оспаналиева» шатқалы – 10 гектар.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев бастаған қала активі «Самал» шатқалында болып, онда отырғызылған 11 мыңнан астам көшеттің жай-күйімен танысты. Мұнда егілген емен, айлант, үйеңкі, шаған, боз арша, аққайың, қарағаш көшеттерінің 75 пайызы өсіп-өнген. Табиғи қурау процесі кезінде көшеттердің 25 пайызы жерсінбеген. Мамандардың айтуынша, бұл жоғары өнімділікті көрсетеді. 

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі бастаған сала басшылары мен кәсіпкерлер, депутаттар қураған ағаштардың орнына көшет отырғызды.

– Ағзаның дұрыс жұмыс істеп, денсаулық мықты болуы үшін әр адам табиғат аясында күніне 5 шақырым жаяу жүруді әдетке айналдыруы тиіс. Ал «Самал» шатқалы сынды саябақтар бізге сондай мүмкіндіктер береді. Әрбір қала тұрғыны демалыс күні балаларды ертіп алып, осында бір көшетті отырғызуына болады. Сосын өзі еккен ағаштың түбіне атын жаздырып, сәті түскенде отбасы мүшелері бірге келіп, ағашты күтіп-баптауды үрдіске айналдырса қандай ғанибет. Бұл біріншіден, тұрғындардың қаланың гүлденуіне қосқан үлесі. Екіншіден, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі тиеді. Үшіншіден, ұрпағына табиғатты аялау барысында үлгі-өнеге көрсетіп, жақсы тәрбие береді, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шаһар халқына салмақты ой тастап, игі іске шақырған облыс басшысы Шымкенттегі шатқалдардың барлығын көгалдандыру жобасы сәтті аяқталса, жалпы аумағы 300 гектар жер жасыл желекке оранатынын мәлімдеді. 

Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, бүгінге дейін ағаштарға суару жүйесін жүргізу үшін 27 су сақтайтын ыдыстар қойылса, оның 7-уі және 17 жерден қазылған тік су ұңғымасының 5-уі осы «Самал» шатқалында.

– Одан бөлек 46 шақырым жерге тамшылатып суару жүйесі жүргізіліп, 26 мың шаршы метр жер көгалдандырылды. Жалпы 38 гектар шатқалдың бүгінде үштен бірі игерілді. Сондай-ақ, 16 шақырым жер қоршалып, саябақты күтіп-баптау үшін 5 адам тұрақты түрде жұмысқа тартылды, – дейді ол.

Алдағы уақытта «Нұрсәт» шағынауданындағы «Қасірет» мемориалы тұсына, Қайтпас-2 елдімекеніндегі Ипподром маңына және «Бозарық», «Бозарық-2», «Таскен» тұрғын алаптарындағы және Алматы-Ташкент бағытындағы жалпы аумағы 690 гектар сай-салаға «Шатқал» бағдарламасы аясында көшеттер отырғызу жоспары бар. Облыс әкімдігінің баспасөз орталығы берген мәліметтерге сүйенсек, бүгінге дейін Оңтүстікте жоба аясында 400 мыңнан астам ағаш отырғызылған.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.