ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАҒЫ ХАБАРЛАНДЫРУЛАР қала көркін бұзбаса...

Среда, 10 Январь 2018 04:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 504 раз

 

shymkala 2 5

Мегаполис қаланың келбеті уақыт өткен сайын ажарлана түсуде. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, жолдар түзеліп келеді. Күнгей өңіріне ат басын бұрған қонақ алдымен Шымшаһарға аяқ басатындықтан, Шымкент – Оңтүстік туризмінің қақпасына айналды. Сондай-ақ, 2020 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы атанды.

Алайда бей-берекет ілінген хабарландырулар мен жарнамалар шаһар шырайын бұзып тұр. Қайда қарасаң да қаптаған қағаздардан көз сүрінеді. Аяқжол, жоласты өткелі, бағдаршам, тіпті қабырғалар мен ағаш бұтақтарына жапсырылған қағаз саны күн санап көбейіп келеді.

«Жұмыс», «Тұрақты жұмыс», «Әскери билетпен жұмыс», «Студенттерге жұмыс», «Жарты күндік жұмыс», «Диагностика», «Жалға пәтер беремін», «Прописка»... Бұл - көше тазалаушы қызметкерлердің ең көп күресетін жұмысы. Әр жерге жапсырылған хабарландырулар мен жарнамалар жартылай жыртылып, желге ұшып, қоқысқа айналады. 

Көше тазалаушы қызметкерлердің айтуынша, тазалау кезінде хабарландыру, жарнама қағаздары былай тұрсын темекі қалдықтары да қалмауы керек. Ал қоқыстың ішінде аталған заттар өте көп кездеседі. Оның үстіне олар тазалауға ыңғайсыз. Ұсақ, желге ұшып кете береді, суға жібіп, жерге жабысып қалады.

shymkala 2 6

Әлеуметтік желілерде осы мәселеге қатысты қала тұрғындарының түрлі арыз-шағымдары айтылуда. Бірі ауласының, бірі есігінің, енді бірі қабырғасының хабарландырулар мен жарнамаларға толып кеткеніне наразы. Кейбіреулері сол хабарландыру, жарнамаларды жапсыратын адамдарды жазалау үшін тегін суретке түсіріп, қажетті деректерді тауып беруге дайын екенін жазған.

– Хабарлама, жарнамаларды бей-берекет жапсыруға қарсымын. Тек заңда көрсетілген арнайы жерлерге ілінуі керек. Көзге оғаш көрінеді. Әр жерде шашылып, қоқысқа айналады. Мұндай тәсіл 90-шы жылдардан қалған деп білемін. Осындай жұмыспен айналысатындардың әлеуметтік желілерді, сайттарды не үшін пайдаланбайтынына таңым бар, – дейді қала тұрғыны Серікболсын Жақыпбек. 

Біз де осы мәселеге орай қаладағы базарларда, Колос, Наурыз аялдамаларында жапсырылған «Тұрақты жұмыс» деген жазуы бар хабарларламалардың бірқатарына хабарластық. Жұмыс беруші «К» жекеменшік компаниясына кеңсе қызметкері керек екенін және әңгімелесу үшін Желтоқсан көшесіндегі мекенжайға келуімізді айтты. Бармадық, әрине. Бастысы телефонды көтеріп, қажетті деректерді берді. Осындай жолмен керекті мекенжайға хабарласып, ескертіп, кейіннен айыппұл салуына не кедергі? 

shymkala 2 7

Заң бойынша хабарландыруды да, жарнаманы да ілуге рұқсат етілген. Бірақ, арнайы орындарға бекітілген тақталарға ғана. Мәселен, 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және 1998 жылғы 1 шілдедегі «Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы» Заңдарына сәйкес Алматыда әртүрлі жарнамаларды және басқа да ақпараттарды ғимараттарға, қабырғаларға, қалалық жолаушылар көліктері павильондарына, жарықтандыру бағаналарына, ағаштарға жапсыруға және ілуге тыйым салынған. Тәртіп бұзғандарды қадағалайтын арнайы мамандар жұмылдырылған. Ережені бұзғандарға белгілі мөлшерде айыппұл салынады. 

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары жарнама, хабарландыру ілу бойынша бірқатар мекемелермен меморандум жасалғанын айтты. Келісім бойынша түрлі іс-шаралардың афишаларын ұйымдастырушылар арнайы белгіленген тақтайшаларға ілуі керек. Біткен соң жапсырған хабарландыруларды өздері тазалап, ретке келтіріп кетуі тиіс.

IMG 9375

– Жалпы хабарландыру, жарнама жапсыру ертеректе АҚШ-ғы Бруклин көшелерінде кеңінен етек алған. Маркетинг, маркетологтардың басты құралы саналған. Сондықтан, бұл мәселеге жұмыс, жарнама берушілердің тарапынан да қарап көру керек. Екі жаққа да тиімді ортақ шешім қабылдаған дұрыс, – дейді кәсіпкер Нұрдаулет Серікбаев. 

Әрине, қоғамдық орындарға хабарландыру мен қағаз жапсыру жарнаманың тиімді түрі болғаны үшін кең қолданылады. Өйткені, салық төлемейді, қосымша шығыны аз. Сондай-ақ, телеарна, радио, газет-журналдарға жариялағаннан әлдеқайда үнемді көрінеді.

P.S. Қалай десек те Шымшаһар таза әрі мәдениетті қалаға айналсын десек, бұл мәселеден айналып өте алмаймыз. Құзырлы органдар, жұмыспен қамту орталықтары белсенді жұмыс жүргізуі керек. Дегенмен, бұл олқылықтардың орнын толтыру тек әкімдіктің ғана емес, әрбір қала тұрғының еншісіндегі іс екенін естен шығармаған жөн.

Последнее изменение Четверг, 11 Январь 2018 11:23
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.