Версия для печати

Шымкенттің сәулетінде өзгеріс болады Избранное

Среда, 17 Январь 2018 09:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5254 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Осыдан алты жыл бұрын Шымкенттің бас жоспары бекітілгенде қала аумағы 41 мың гектар шамасында болатын. Іргелес Ордабасы, Сайрам, Төле би аудандарының елдімекендері қосылып, бүгінде шаһар аумағы 117 мың гектардан асты. Сондықтан бас жоспар қайта сараланып, қаланы дамытудың жолдары нақтыланды. Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаевпен әңгімеміз қаланың болашақ сәулетінің қалай дамитыны жайында өрбіді.

DSC 5764

– Нұрлан Төлепбергенұлы, қаланың бас жоспарын өзектендіруден (актуализация) кейін шаһардың кескін-келбетінде елең етерліктей жаңалықтар бола ма?

– Мегополисті қалаларда көпқабатты тұрғын үйлердің үлесі 60% болуы тиіс. Бізде, керісінше, жер үйлер 65-70%, ал көпқабатты үйлер 30%-ды құрап отыр. Қала аумағының ұлғайғанын ескере отырып ендігі жұмыс көпқабатты үйлердің санын көбейтуге жұмылдырылатын болады. Осы мақсатта қала төрт бағытта (Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс) дамиды. Бастысы - қалаға қосылған жаңа шағынаудандардың өзі сәулетті қалашыққа айналады. Мәселен, әкімшілік-іскерлік орталығының бүгінгі бет-бейнесін білесіздер, ал Шымқаланың солтүстік аумағында 500 гектарды құрайтын «Шымкент-Сити» қалашығында қазіргі таңда инженерлік-коммуникациялық жүйе толық аяқталды, көпқабатты үйлер салынуда. Қалашықтың сәулеттік жобасында өз білім ошағы, балабақша, денсаулық сақтау нысандарымен қатар бизнес орталығы, спорттық ғимараттар, жастар мен балалар үшін мәдени-танымдық орындар қарастырылған. Сол секілді, аумағы 1000 гектардан астам Тұран шағынауданында көпқабатты үйлердің құрылысы басталып кетті. Бозарық -2, Бозарық -3 шағынаудандарының келбеті жобаланды. Сондықтан бұл шағынаудандарда төрт-бес жылдан кейін керемет өзгеріс болады. 

shymkala kz-2

– Қазіргі күні шымқалалықтар, әсіресе, қаланың орталық бөлігінен үлкен өзгерістер күтуде...

– Иә, Зеленая балка, Цитадель және Қошқар ата өзенінің бойындағы аймақтарды дамыту жобасы жасалды және осы бойынша жұмыс ауқымы есептелуде. Сонымен бірге қала билігінің бұл бағыт бойынша берген нақты тапсырмасы бар. Қошқар ата, Қара су өзендерінің бойын ретке келтіріп, климаттық ерекшелігін пайдалана отырып тұрғындар үшін демалыс орнына айналдырып, алда көріктендіру, абаттандыру жұмысын жандандыру мақсаты тұр. 

Жалпы бұл аймақта «Жаңарту» бағдарламасы аясында 420 үй және 30 коммерциялық нысанның орны сүріліп, орнына 3976 пәтерлі 61 көпқабатты үй салынады. Аталған жұмыс 3 кезең бойынша жүзеге асады.

Халыққа қажетті нысандардың барлығы сонда шоғырланатындықтан алдымен мекеннің инженерлік-инфрақұрылым мәселесін шешу жұмыстары қарастырылуда. Толыққанды инфрақұрылым жүйесі кәсіпкерлердің де қызығушылығын арттырып, қаланың көркін келтіруде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Егер құрылыс жұмыстары биыл басталса, 3 жыл ішінде шаһардың орталық аумағының көркі адам танымастай, жаңаша кейіпке енеді.

shymkala kz-3

– Бас жоспарда Шымкентті өзге қалалардан даралайтын сәулеттік жобалар бар ма?

– Әрине, бар. Ең біріншісі – үлкен деңгейге шығатын Түркістан, Алматы және Ташкент жолдарына қақпалар қойылады. Оларды абаттандыру, жарықтандыру секілді кейбір қосымша жұмыспен толықтырылуымен бірге Орта Азияның сәулеттік өнерінің стилі қолданылады. Айталық, Түркістанға апаратын қақпада маңызы бар, сан ғасырлар бойы сақталған Қ.А. Ясауи мавзолейінің қақпасының біраз элементтері алынады. Қаладағы нысандар мен көпқабатты үйлердің сыртқы келбеті шығыстық стильде, қазақы ою-өрнектерді пайдаланып, безендіріледі. Қазіргі таңда сәулетшілер осы бағытта эскиз-жобасын дайындауда.

Бұдан бөлек «Шымкент-Сити» қалашығындағы саябақ айрықша жобаланған. Мұндай жобаны әзірге ешбір қаладан көрген жоқпын. Мысалы, демалыс орнында жаяу жүргіншілер, сосын велосипед жолы ерекше дизайнмен салынады, екінші бөлігінде балаларға арналған тәрбиелік мәні зор танымдық бұрыш болады. Маңыздысы сол - тұрғындар еркін демалатын, тыныстайтын жасыл желекті орын болмақ.

shymkala kz-4

– Бізде сырттан келген туристерді таңқалдыратын орындар аз емес. Ал шымшаһардың Арбатын қай аумағынан көре аламыз?

– Шымкент тарихи орындарға бай қалалардың қатарына жатады. Шаһардың мәдениеті осыдан 2200 жыл бұрын басталғанын айғақтайтын қорғауға алынған қамал орнында археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. Болашақта ескі қалашықтағы тарихи орын ашық аспан астындағы мұражайға айналып, онда демалыс аймағы мен шеберханалар салынады. Сонымен бірге туристердің назарын аударатын Шымкенттің өз Арбаты болады. Бұл мақсатта 

Асанбай Асқаров пен Бейбітшілік көшесінің аралығындағы Әл-Фараби алаңы беріледі деген жоспар бар. Арбатта көз тартар шағын сәулеттік формалар болады, мұнда суретшілер шығармашылықпен еркін айналысады. Бұл қалалықтар үшін де, қонақтар үшін де қызықты орынға айналады.

 

– Сәулеткер ретінде қаланың болашағын қалай елестетесіз?

– Әлемде болсын, елімізде болсын, әр қала өзіндік қайталанбас ерекшеліктерімен тұрғызылған. Технологияның қарыштап дамуына байланысты адамзаттың талғамы да өзгерді. Еуропа тарихилығымен, АҚШ зеңгір аспанмен тірескен үйлерімен, Жапония шыны мен металлдан биік ғимарат салумен ерекшеленеді. Дегенмен, бұрынғыдай классика емес, барлығы ыңғайлы, тиімді, үнемді және қауіпсіздікті алға тартатын ансамбльдерге мән береді.

Ал Оңтүстік тұрғындары менталитетіне сәйкес, жер үйде, ауласында шағын бау-бақшасымен өмір сүргенді қалайды. Сондықтан қаланың болашағын 5-9 қабатты үйлер, саябағы мен гүлзары көп, тарихи орындарын ұтымды пайдаға жарата алатын кейіпте көремін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.