Интерактивті картаның берері көп

Среда, 27 Декабрь 2017 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3568 раз

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Шымкент қаласының төрт ауданында жоспарланған ғимараттар, құрылымдар, қызыл сызықтар және басқа да нысандарды көрсететін интерактивті карта әзірлене бастады. Осыған байланысты ОҚО Кәсіпкерлер палатасында инвестициялық картаның http://shymkent.genplan.kz/ презентациясы өтті. Бұл жобаға қала бюджетінен 28 млн теңге бөлінді.

shymkala kz-13

Интерактивті картада қаланың қолданыстағы ғимараты туралы картографиялық мәліметтер ұсынылмақ. Атап айтқанда, аудандардың әкімшілік шекаралары, мекенжайлар, ғимараттар мен құрылыстар, көлік жолдары, сондай-ақ мемлекет мұқтаждығы үшін сүрілуге жататын нысандар, құрылыс нормаларын аталған карта арқылы білуге болады. Пайдаланушыға ыңғайлы интерфейс қажетті нысандарды жылдам табуға, әсіресе, құрылысшылар үшін жер учаскелерін таңдауға көмегі зор. 

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Айкеновтің айтуынша, бұл жоба кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынған.

– Мұндай деректер базасының пайда болуын кәсіпкерлер талап етті. 2016 жылдың ақпан айынан бастап Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесте, облыстық прокуратурада, облыс әкімімен кездесуде де бұл мәселе талқыға түсті. Құзырлы мекемелердің атсалысуымен бүгінде карта онлайн режимде іске қосылды. Бұл бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдетеді, – дейді ол.

shymkala kz-14

Ал Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаев интерактивті карта қаланың бекітілген Бас жоспарына сәйкес қай жерде қандай нысан орналасқанын нақты көрсететінін мәлімдеді.

– Енді кәсіпкерлер ғана емес, қаланың кез келген тұрғыны бос жатқан жерлердің қандай мақсатқа пайдаланылатынын картадан қарап біле алады. Мәселен, «Білім» деп жазса, карта мектептердің орнын айшықтап көрсетеді. Мұнда бұрыннан жұмыс істеп тұрғаны да, болашақта салынады деп бекітілген нүктелер де нақты белгіленген. Мәселен, кәсіпкер балабақша құрылысын жүргізуге жер телімін іздесе, картадан аталған әлеуметтік нысан түсуі тиіс орындарды оңай табады. Бұл жобаны әлі де жетілдіре түсеміз, – дейді Н. Архабаев.

Бөлім басшысының айтуынша, жер телімін актіде берілген жердің қолданыстағы шекаралары туралы және оны игеру үшін берілетін ақпаратқа ашық қол жеткізе алады. Онда тұрғын үй, қоғамдық-іскерлік, өндірістік аймақтар, инженерлік және көлік инфрақұрылымы аймақтары, санитарлық қорғау аймақтары, ауыл шаруашылықты пайдалану және басқа да ақпараттар ұсынылған.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.