«Ауылды азаматына қарап таны!»

Пятница, 19 Январь 2018 05:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2936 раз

Әл-Фараби ауданы орталықта орналасқандықтан қаланың бет-бейнесі болуға тиіс. Мұнда ретсіз саудамен күрес, тазалық пен тәртіпті сақтауға жіті мән беріледі. Мәселен, ауданда өткен жылы Рашидов көшесі № 25 а үй «Үздік аула», «Забадам» шағынауданы Абат көшесі «Үздік көше» болып танылған-тұғын. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады.

IMG 20180117 111528

Аудан әкімі Бауыржан Қалжанов «Сәуле» шағынауданындағы № 129 мектепте 2017 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халыққа есеп берді. Көпшіліктің пікірі жұмыстар жүйелі түрде орындалып жатыр дегенге саяды. 

Еңселі білім ордасындағы есеп беру кездесуде аудандағы жүзеге асқан тірліктер баяндалып, халықтың талап-тілегі тыңдалды. Жиынға жергілікті тұрғындар, қалалық әкімдіктің түрлі бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандар, мәслихат депутаттары қатысты. 

Жалпы, аудан әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмыстары оң бағаланды. Мұны әсіресе, жарыссөзге шыққан «Сәуле» шағынауданының орам басшылары да ерекше атап өтті. Мәселен, алғаш болып сөз алған орам басшысы Жүрсін Раевтың айтуынша, мұндағы тұрғындардың бірлігі бекем. Аумақты бірлесе абаттандыруға деген талап зор. 

– Азаматтардың арқасында көптеген жұмыстар атқарылды. Мектеп салынды. Су, жарық келді. Шағынауданымыз өркениетке қарай бет бұрған. Былтыр көшелерімізді жөндеп бердіңіздер. Оған көп рахмет. Бір өтінішім - қыс ауасында әсіресе балалар мектептен кеш қайтады. Екінші, үшінші ауысымда оқитындар бар. Енді біздің көшемізді жарықтандырып берсеңіздер, – дейді орам басшысы. Ол сондай-ақ, шағынауданды абаттандыруға үлес қосқан әкімдіктің мамандары мен бірқатар тұрғындардың елеулі еңбегін еске салып өтті. 

IMG 20180117 120328

Қалалық мәслихат депутаты Данияр Үсенов те нәтижелі жұмыстарды жалғастыруға үндеді. Тазалық, тәртіп бар. Көп жерге бейнебақылау қойылған. Халық қалаулысы алға қойған мақсатқа қолжеткізуге жергілікті билікті де, халықты да бірге жұмыс істеуге шақырды.

Негізінен, шағынаудан тұрғындары жастар тәрбиесі, аяқжол салу, жарықтандыру мәселесін көтерді. Мәселен, Тұрсынай Барлыбаева 21 жылдан бері осында тұрады. Барлық жүзеленген жұмыстар көз алдында. Жақсы істің жаршысы бола білгендерге ризашылығы мол. Дегенмен, зейнеткердің де өз өтініші бар. Оның айтуынша, көшелерде аяқжолдар әлі аз. Оқушылар мектептен кеш қайтады. Мұнда енді жарық жүргізіліп, мектептің алдынан автобус аялдамасы мен бағдаршам орнатылуы қажет. 

Тұрсынай Орынбекқызының тағы бір талап-тілегі көпшіліктің көңілінен шықты. Шағынауданға көпшілік саялайтын аллея салу қажеттігі туындап тұр. Оған қоса, жастар үшін бір мәдениет үйі де керек. Іс-шаралар ұйымдастырып, байқаулар өткізілсе, жастарға берер тағылым сол болар еді. 

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Жүнісбеков көшелердегі жөндеу жұмыстарының сапасыз орындалғанына наразы. Жалпы, аудан тұрғындарын негізінен коммуналдық мәселелер, жастар тәрбиесі, қоғамдық көліктегі кемшіліктер жайы алаңдатады. 

IMG 20180117 121115

Тұрғындардың кейбірі апта бойы су берілмей қалған кездер болғанына шағымын айтты. «Қарасу» шағынауданының тұрғыны Нұрғали Асқаров болса, 2017 жылы жылу құбырларының изоляциясы жүргізілгенін, бұл жұмыстар 2018 жылы да жалғасса деген тілегін жеткізді. 

Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдар мен ұсыныстарға жауап берілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Н. Бектұрсынов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ж. Байдуллаев та сала бойынша бірқатар міндеттерді таныстырып өтті.

– Бұл аумақта жұмыстар 2000 жылдары басталып еді. Жарықтандыру «Сәуле», «Бадам» шағынауданындағы көптен бері айтылып жүрген мәселе. Былтыр «Текесу» шағынауданына жарықтандыру жүргіздік. 2018 жылға да жобалар бар. Аудан бойынша 11 көшеге жарықтандыру бойынша жобалар дайындалды, – деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы.

Жол мәселесі бойынша биыл Әл-Фараби ауданында 11 көше орташа жөндеуден өтеді. Бөлім басшысының орынбасары сапасыз істелген көшелерді қайта тексеретінін мәлімдеді. 

Өткен жылы аудан бойынша 26 шақырым жылу құбырлары ауыстырылған. «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің мамандарының сөзінше, 2018 жылы да жұмыстар жалғасады. 

Аудан әкімі Б. Қалжанов та тұрғындардың сауалдарына нақты жауап берді. Қазір бағдаршам, аялдама бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Демалыс орнын салу бойынша да бірқатар жобалар қарастырылуда. Жалпы, 2018 жылғы міндеттер де белгілі. Ол - аудан аумағын санитарлық тазалық сақтауды ұйымдастыру және қадағалау, балалар ойын алаңшалары, аулаларды ретке келтіру, ретсіз сауда, заңсыз жарнамамен күрес жұмыстарын күшейту, т.б. 

Әл-Фараби ауданы әкімінің келесі халыққа есеп беру кездесуі 19 қаңтар күні Н. Төреқұлов атындағы № 62 орта мектепте өтеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.