Коммуналдық мәселеге байланысты сұрақ көп

Пятница, 19 Январь 2018 05:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3206 раз

«Сайрам» тұрғын алабындағы №71 жалпы орта мектепте Қаратау ауданы әкімі Ғабит Мәуленқұловтың 2017 жылы атқарған жұмыстары бойынша аудан тұрғындарының алдында есеп беру кездесуі өтті.

DSC 2829

Жиынды қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов жүргізіп отырды. Іс-шараға жергілікті тұрғындардан бөлек Қаратау аудандық мемлекеттік мекеме басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері мен партия өкілдері қатысты. 

Ғабит Патшаханұлы күн тәртібі бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтіп, аудандағы өзекті мәселелердің бірі – ауыз сумен қамтамасыз ету екенін айтты. Қаратау ауданында жалпы 47 202 жеке тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 35 861 (75%) тұрғын үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылса, 8 010 (16%) тұрғын үй кесте бойынша, ал 4 431 (9%) тұрғын үй тасымал сумен қамтылған. 

– Ауыз сумен қамтылмаған «Асар-2», «Тұран», «Достық» шағынауданы мен «Қайнарбұлақ» тұрғын алабы (жаңақұрылыс) аумақтарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары 2018 жылғы І тоқсанда атқарылатын болады. Ал, Азат, Достық, Шапырашты, Исфиджаб және Өтеміс тұрғын алаптарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу 2018 жылға жоспарланған,– деді аудан әкімі. 

DSC 2783

Мұнан соң Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мүсірәлі Тоғызбаев, Қаратау ауданы бойынша «Өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Файзахмет Тажиметұлы, «Шапырашты» тұрғын алабының ауыл биі Нұрмахан Баймаханұлы, «Сайрам» көмекші-мектеп интернатының мұғалімі Зарибжон Сұлтанмұратұлы аудан әкімінің есебіне оң бағасын беріп, бірқатар мәселелерге тоқталды.

– Жуырда көшелеріміздің біріне тас, енді біріне асфальт төсеп бердіңіздер. Рахмет. Ендігі бір айтатын өтінішім, балаларымыздың мектепке баратын жолында аяқ жол жоқ. Соны реттеп берсеңіздер екен. Және тұрғындар дем алатын саябақ салыса, – дейді Алатау көшесінің төрайымы К.Ділбар. 

Жол мәселесі бойынша, былтыр бюджеттен 134 млн теңге қаржы қаралып, аудандағы ұзындығы 51 шақырымды құрайтын 88 топырақ көшеге шағал тас төсеу жұмыстары «Алемтрансжол» мекемесі тарапынан атқарылса, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен бюджет қаражатынсыз кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 7 шақырымды құрайтын 6 көшеге шағал тас төселген. Сондай-ақ, аудан аумағындағы әлеуметтік нысандар орналасқан 32 көшеге аяқ жол салынса, 41 көшенің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп 2018 жылдың бюджетін қалыптастыру мақсатында қалалық экономика және қаржы бөліміне ұсынылды.

DSC 2813

– Біздің мәдениет үйіміздің іші суық. Жуырда мамандар керек жарақтарды есептеп, сметалық құжаттарын жасап кетті. Енді соның тез арада шешім табуын қадағаласаңыз. Екінші мәселе, қыс кезінде жолда жүру қиындап кетеді. Жолымызға тым болмаса құм төселсе екен, – дейді Сайрам мәдениет үйінің меңгерушісі А. Құдайбергенқызы.

– Менің екі өтінішім бар. Біріншісі, кәріз жүйесі. Бұл мәселе біздің жұмыс істеуімізге өте кедергі келтіреді. Осыны 2018 жылы түпкілікті шешсек. Екіншісі, ауруханамызда екі электр трансформаторы бар. Соның екіншісіне сапалы қуат күшін тартып берсеңіздер, – дейді №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Бахыт Мырзабаев. 

Бұдан бөлек, жекеменшік электр трансформаторларының сапасы сын көтермейтіндігі және бағасы қымбат болуына байланысты тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар жолданды. Осыған орай, аталған мәселені оңтайлы шешу мақсатында аудан әкімі аппаратының ұсынысымен «Қайтпас», «Нұртас» шағынаудандарын сапалы электр жарығымен қамтуға 2017 жылы бюджеттен 85 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылысын «ЮжКазЭнергоРемонт» мекемесі жүргізуде. Сондай-ақ, «Бозарық» саяжайын сапалы электр жарығымен қамтуға 280 млн теңге қаржы қарастырылып, оның құрылыс жұмыстарын ХМСУ мелиорация мекемесі жүргізуде.

DSC 2823

Есепті кездесу барысында аудан тұрғындары аудан басшысының есебіне жақсы бағасын берді. Сонымен қатар, ойларын ашық айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Қойылған сұрақтарға Ғабит Мәуленқұлов және қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Керімбекұлы жан-жақты жауап берді. Ауызша қойылған сұрақтардан бөлек, жазбаша түрде де 20-ға жуық сұрақ жіберілді. Оның 90 пайызға жуығы коммуналдық мәселелер. 

– Бүгінгі кездесу барысында айтылған барлық сұрақтар мен ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспары түзіліп, орындалуы бақылауға алынатын болады. Жауаптар тікелей сұрақ иелеріне жолданады немесе жергілікті БАҚ беттерінде жарияланады, – деді Б. Жанбосынов.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.