Шымкентте ауа райы күрт суытуы мүмкін. Синоптиктердің мәліметі бойынша, 26-29 қаңтар күндері өңірімізде сынап бағанасы – 18-20 градусқа дейін төмендемек. Осыған орай қаладағы барлық қызмет аязды күндерге дайындықты бастап кетті. Бұл туралы қалалық бірыңғай ақпарат орталығының жетекшісі Әйгерім Жұмағұлова хабарлады.
«Құрметті шымкенттіктер! Метеорологтар 26-29 қаңтар күндері аралығында Шымкентте күн суытып, үскірік аяз орнайтынын ескертеді. Осыған байланысты қалалық әкімдік үскірік аяз орын алса, шымкенттіктер бір-біріне жылулық танытып, көшеде тоңып тұрған егде жастағы азаматтар мен балалардың, жалпы қала тұрғындарының жанынан елеусіз өтпейтініне сенім білдіреді» делінген хабарламада.
Осыған орай қалалық әкімдік қазіргі таңда аязға дайындық жұмыстарын пысықтауда. Барлық шұғыл қызметке ауа райының күрт суытатыны жөнінде хабарлама таратылды. Төтенше жағдай қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
Қала және аудандық әкімдікте коммуналды сұрақтар бойынша тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Байланыс телефондары мынадай:
Мұнымен қатар «3-Энерго орталық» АҚ мен «Қуат жылу орталығы-3» мекемелерінің мамандары да күшейтілген жұмыс кестесіне ауысқан. Қалада газ және көмірден қызу алатын бес дербес қазандық істеп тұр. Бұған қоса жылу өндіретін орталықта қазіргі таңда 2 энергетикалық қазандық пен екі турбина жұмыс істеуде дейді мамандар.
«Қуат жылу орталығы-3» мекемесі мамандарының мәліметінше, шаһарда қазіргі таңда 8 бригада жасақталған. Олар шұғыл шақыртуларға дайын. Бұған қоса қалада 4 диспетчерлік қызмет пен шаһардың бас диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істейді.