Версия для печати

Шымкент көктемгі тасқынға дайын ба? Избранное

Пятница, 16 Февраль 2018 06:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3753 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Күн жылынып, көктем жақындап келеді. Алда жауын-шашын молайып, су тасу қаупін тудыратын кезең тұр. Ал Шымкент осыған дайын ба?

Таудың етегінде, теңіздің жағасында орналаспаса да шаһарда мол жауынның салдарынан көшелер мен аулаларды су алып жататыны жасырын емес. Осы келеңсіздіктің алдын алу бойынша қала әкімінің өкімімен төтенше жағдай комиссиясы құрылған. Қалалық төтенше жағдай басқармасының бастығы Мадияр Жақсыбаев басқаратын комиссия құрамында тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары мен шаһардағы 4 аудан әкімдерінің орынбасарлары, су шаруашылығының өкілдері, төтенше жағдай қызметкерлері бар.

Күні кеше төтенше жағдай комиссиясының өкілдері алғашқы дайындықты пысықтады. Осы мақсатта қалалық әкімдіктің өкілдері мен төтенше жағдай басқармасының жетекшілерінен құралған жұмыс тобы алдымен шаһардағы коммуналды қызметке қарасты арнайы техникалардың дайындығын тексеріп шықты. Жауапты мамандар осы жерде тәулік бойы қызмет ететін диспетчерлік қызметтің жұмысын көрді.

Айта кетейік, шаһардағы коммуналды қызметті «ЛТД-Тұрмыс», «ЮгДорСервис», «Бәйтерек-ЛБ» және «СМД-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқарады. Олардың жұмыс базасында техникалар тексеруден өтіп, қажет болса, жөнделеді. Жүргізушілер мен жұмысшылардың тамақтанатын және тынығатын орындары қарастырылған.

Көктемге дайындық барысында коммуналдық сала қызметкерлері шаһардағы жалпы ұзындығы 146 шақырым болатын арық-атызды тазалап шығады. Оның арасында қала орталығындағы қоқысқа толған лотоктар мен шаһар аумағына қосылған елдімекендер арқылы ағып өтетін ірі каналдар бар.

Техникалар мен жұмысшылардың дайындығын тексерген соң жұмыс тобы комиссияның отырысында бас қосты. Комиссия мүшелерімен қоса Абай ауданы прокуратурасының прокуроры да қатысқан жиналыста шаһардағы коммуналдық және төтенше жағдай қызметінің бірлескен жұмыс жоспары талқыланды. Мамандар, әсіресе, қала аумағы арқылы ағып өтетін өзендердің жағалауын нығайту жұмыстары басты назарда екенін айтады. Жергілікті билік тарапынан бұл жұмыстарға назар аударылып, Бөген, Тоғыс және Текесу өзендерінің жағасын бекітуге қомақты қаржы бөлінуде дейді комиссия мүшелері.

Бір айта кетерлігі, мәжіліске Қазгидромет мекемесінің өкілі Ербол Қалыбеков та келді. Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, биылғы жыл суы аз жылға жатады. Сондықтан өзен-көлдер мен тоғандардағы су деңгейі аз болады деп күтілуде. Дегенмен, соған қарамастан мамандар су көздерінің деңгейін бақылап отырғандарын айтады. Жалпы, облыс көлемінде 27 гидробекет бар. Шымкентке жақыны Бадам өзенінің бойында, құс фабрикасына жақын жерде орналастырылған. Қазір сол гидробекеттер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, судың деңгейін әр екі сағат сайын тексеріп отырмыз дейді Қазгидромет мекемесінің өкілі. Су деңгейі тиісті мөлшерден асқан жағдайда кезекші бірден орталыққа хабарлап, шұғыл хабарды әрі қарай тиісті құрылымдарға жібереді.

Комиссия отырысында бұған қоса бекітілген аумақтағы мекеме басшылары су тасқынының алдын алу, болдырмау және қолайсыз ауа-райы орнаған сәтте халықты көшіру секілді сұрақтарды талқылады. Түрлі сұрақтар қаралған соң құзырлы мекемелерге тапсырмалар берілді.

Последнее изменение Пятница, 16 Февраль 2018 06:51
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.