Халық күткен тарихи шешім Избранное

Среда, 21 Февраль 2018 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 464 раз

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал мен
Сарыағаш аудандары бөлінеді.

Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында аталған ұсыныс күн тәртібінде қаралып, депутаттардан қызу қолдау тапты. Осыған орай екі ауданның өкiлдi және атқарушы органдарының аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, оларға атау беру, әкімшілік орталықтары мен шекараларын белгілеу туралы бiрлескен шешімдері қабылданды.

Нәтижесінде Мақтарал ауданын үш ауданға, яғни, Мақтарал, Асықата, Жетісай аудандарына, ал Сарыағаш ауданын Сарыағаш және Келес деп бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылды.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халық күткен тарихи шешімді негіздеу үшін тиісті ауқымда шаралардың жүргізілгенін айтты.

– Бүгінгі ұсынысты тарихи сәт деп бағалауға болады. Аталған аудандарда қазіргі таңда 630 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Бұл еліміздегі өзге облыстардың халқымен салыстырғанда едәуір көп саналады. Енді ұсынысымыз Елбасы тарапынан толық қолдау тауып жатса, екі аудандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жүктемесі азайып, әкімшілік аумақтағы барлық бағыттағы жұмыстардың сапасын көтеруге өз септігін тигізеді деп есептеймін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Енді жаңа құрылатын аудандарға атау беру мәселесі республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылмақ. Мақтарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент кенті, Асықата ауданының әкімшілік орталығы Асықата кенті, Жетісай ауданының әкімшілік орталығы Жетісай қаласы болып белгіленіп отыр. Ал Сарыағаш ауданының әкімшілік орталығы - Сарыағаш қаласы, Келес ауданының әкімшілік орталығы ретінде Абай ауылы белгіленді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.