Жерұйық іздесең, Шымкентке кел! Избранное

Вторник, 20 Март 2018 10:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 324 раз

Туризм әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналғаны қашан. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметіне сүйенсек, қазіргі әлемдік туризм өнеркәсібінен түскен табыс мұнай экспорты мен мұнай өнімдері және автокөлік табысынан кейінгі 3-орында тұр екен. Бұл саланы дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын көптеп ашып, ұлттық табысын молайтып отырған елдер көп. Осы орайда елімізде, оның ішінде Оңтүстікте де қарқынды дамып отыр деп айта алмаймыз. Десек те, соңғы жылдары туризм саласын дамытуға деген талпыныс күшейіп келеді.

DSC 1952

Батыс Тянь-Шань сілемдері мен Қазығұрт және Ордабасы тауларының етегіндегі тамаша табиғат аясында орналасқан Шымкент ежелден-ақ саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне аударған. Терең тарихы бар шырайлы Шымкент шаhарының табиғаты мен ауа райы адамдардың өмір сүруіне және саяхаттап келген туристерге де өте қолайлы.

Шымкент өмір сүруге қолайлы өңір болғандықтан, қаладағы халықтың саны да жыл сайын өсуде. Оған дәлел ретінде 1913 жылы Шымкентте 19 000 адам тұрса, биыл жыл басында қаладағы халық саны миллионға жуықтап, жүз жылда қала тұрғындарының саны 46 есеге өскен. Шаhар шекарасының аумағы да жылдан-жылға ұлғайып, халықтың тұрмысы да жақсарып келеді.

Сонымен, туған қаламыз жайлы бір ауыз сипаттап өтсек. Шаһарда бірнеше үлкен саябақ пен техносаябақ, Бәйдібек би ескерткіші маңындағы 42 гектар алқапта серуендеп, демалатын орындар мен тарихи саябақ, көптеген үлкен ойын-сауық орталықтары және арнайы «Көрме» орталығы бар. Сәулеті ерекше айрықша «Түркістан» салтанат сарайында концерттерді тамашалай аласыз. Көрнекті ғалым, мәдениет, спорт майталмандары мен халық батырларына, билерге, қоғам қайраткерлеріне арналған ескерткіштер орнатылған. Шымқалада 3 спорт кешені мен 7 стадион және 5 жүзу бассейні, 100-ге жуық спортзал жұмыс істейді.

IMG 5846

Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың ұйытқысы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласы инфрақұрылымы жақсы дамыған Қазақстандағы үшінші қала саналады.

Шымкентте Қазақстандағы ең үлкен әрі теңдесі жоқ дендросаябақ бар. 1979 жылы іргесі қаланған саябақта бүгінде 600-ге жуық өсімдік түрі өседі және шағын көлінде аққу, қаздар жүзіп жүреді. Туристерді бұдан кейін зообақ күтеді. Онда мыңдаған аң-құс тіршілік етеді.Қала аумағында саяхат жасап жүрген меймандар бір сәтке жаңа «Жайлаукөл» демалыс саябағына аялдай алады. Осында орналасқан Орталық Азиядағы ең биік «Altyn eye» шолу әткеншегіне шыққан адам қаланы алақандағыдай анық көретін болады.

Шырайлы Шымкенттің басқа қалалардан тағы бір артықшылығы, мұнда ежелгі шығыс тағамдарын әзірлейтін дәмханалар мен тамақтандыру орындары көп-ақ. Қалада басқа еш жерде кездесе қоймайтын алуан түрлі тағамдар бар. Соның ішінде Шымқаланың әйгілі кәуаптары, тандыры мен самсасы, хош иісті палауы, нағыз шығыс дәстүріндегі шай Оңтүстікке келген қонақтың есінде сақталып қалары сөзсіз.

Бүгінгі шұғылалы шаһардың қадір-қасиетін танытатын аса көрікті Тәуелсіздік саябағы сыртқы сәулетімен ерекшеленеді. Ордабасы алаңындағы Жер-ана монументі мен Тәуелсіздік саябағын ұзындығы 104 метрлік көпір жалғап тұр. Қала тұрғындары бұл көпірді ескі тарих пен жаңа тарихты байланыстырып тұрған «Алтын көпір» деп те атап кеткен. Ал рәміздер алаңында орын тепкен биіктігі 25 метрлік найзалардың ортасында алып көк туымыз әуелете желбіреп тұр.

Шымкентте аялдай тұруға тағы бірнеше күні бар адамның қала маңындағы көрікті де тарихи жерлерді аралап шығуына болады. Бұдан екі жыл бұрын Шымкент қаласына Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарынан 40-қа жуық елдімекен қосылған еді. Қазіргі уақытта сансыз баптардың мекені көне Сайрам мен қазақтың қасиетті Мәртөбесі және Ордабасы, Төлеби аудандарындағы табиғаты тамаша жерлер қаланың құрамына кірген. Қала аумағының кеңеюіне байланысты адамзаттың алтын бесігі, Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған киелі Қазығұрт пен бар қазақтың басын біріктірген Ордабасы тауы Шымкентке жақындай түсті. Қалаға қарасты Ақтас ауылынан Қазығұрт тауына 15-20 минутта жетесіз, ал Көкбұлақ ауылынан қол созым жердегі Ордабасы биігіне жаяу шығуға болады.

Жалпы, Оңтүстік туризмі Шымкенттен басталады. Қала Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болғандықтан, аумақтың түкпір-түкпіріне апаратын барлық туристік бағыттар шаһардан бастау алады. Қалада мамандандырылған 20 арнайы фирмалар мен мекемелер туристік қызмет көрсетумен айналысады. Туристік бағыттар тарихи орындар мен экзотикалық аудандарға барып, аң-құс, балық аулау, тау туризмі және мәдени-архитектуралық ескерткіштерді таныстыру секілді салаларды қамтиды.

Шымкентке жақын аймақта орналасқан, табиғаты ғажайып Ақмешіт, Біркөлік демалыс аймақтары мен Сайрам-су шатқалындағы «Альтекс» спорт кешеніне, Бадам шатқалындағы «Қырыққыз» туристік базасына және табиғаттың қайталанбас інжу-маржандары, байырғы қорық - Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем ұлттық паркіне лезде баруға болады. Тау етегінде демалуға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар көне Отырар қалашығы мен қасиетті Түркістанға тағзым етіп, тарихи орындарды аралап келуге болады.

«Шымкент – Қазақстандағы ежелгі шаҺарлардың бірі. Қаланың іргесі XI-XII ғасырларда Қытайға баратын сауда жолы үстінде қаланды» деген мәлімет бар. Дей тұрғанмен, соңғы 10 жыл көлемінде Шымкенттің тарихы тым тереңде жатқаны жөнінде және қаланың негізі бұдан да ертерек қаланғаны туралы белгілі археологтар мен тарихшы ғалымдар дәлелдер келтіруде.

...Шымкент - адам жаны ләззат алатын нағыз құтты мекен. Мұнда демалысқа немесе қонаққа келген адам қаланың сұлулығына көз тоймасы анық. Қаланың қақ ортасынан бастау алатын Қошқарата өзенінің жағалауында көріктендіру жұмыстары қолға алынып, жаңадан бой көтерген демалыс аймағы тұрғындар мен қонақтардың көп жиналып серуендейтін жайлы орындарының біріне айналды. Бұдан бөлек, Шымқаладағы тарихи-мәдени орындар мен жоғары дәрежедегі қонақ үйлер, заман талабына сай дәмханалар мен мейрамханалар, демалыс орындары туристер мен демалушыларға қызмет көрсетуге әзір. Бұған әрі көне, әрі жас Шымкент шаҺары тұрғындарының ақжарқын жүздері мен ақкөңіл пейілдерін және қонақжайлығын қосыңыз. Сонда сіздің іздеген жерұйық осы Шымқала боп шығатыны анық! Оның бәрін көру үшін Шымкентке келу керек.

Осы ретте Елбасымыздың «бұл қаланы шырайлы Шымкент деп атау абзал» деген сөзі ойға оралады. Қазақы қаймағы бұзылмаған қалың жұрт мекендеген Шымқалаға халықтың сүйіспеншілігінің осылай үйлесе өрілуі бар қазақтың арманын бір атауға сыйғызып тұрғандай...

Последнее изменение Вторник, 20 Март 2018 11:30