«Кемерово қасіреті» сабақ болсын деп... Избранное

Пятница, 30 Март 2018 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4685 раз

Шымкенттегі ірі сауда орталықтарының
өрт қауіпсіздігі қай деңгейде?


Ресей еліндегі қайғылы оқиға іргелес отырған Қазақстан халқын да бейжай қалдырмағаны белгілі. Біздегі сауда-ойын-сауық орталықтарының жағдайы қандай? Қауіптің алдын алуға дайын ба? Осы сұрақтардың жауабын анықтау мақсатында «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілері және қалалық мәслихат депутаты  Е. Нұрмаханов «Мега Планет», «Шымкент Плаза» сауда-ойын-сауық орталықтарына барып, қауіпсіздік шараларымен танысып қайтты.

shemkala-25-1

Ресми дереккөздердің соңғы мәліметі бойынша, 64 адамның өмірін жалмаған Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда-ойын-сауық орталығындағы өрт кинотеатр және балалар ойын залдарынан басталған. Өкінішке қарай, қазақстандық Марина Баранова да оқиға орнында қаза тапқан. «Павлодар-Водоканал» ЖШС-інде жұмыс істейтін М. Баранова еңбек демалысын алып, Кемероводағы қызына қонаққа барған. Ал сауда-ойын-сауық орталығында өрт болған күні қызы және үш немересімен қаза болды.

shemkala-25-2

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ресей президенті В.Путин «қылмыстық немқұрайдылық пен жауапсыздық» деп бағалаған оқиғадан сабақ алу керек деді. Еліміз бойынша ірі нысандар мен көпшілік орындарды тексеруді тапсырды. 

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Мадияр Жақсыбаевтың айтуынша, шаһардағы барлық нысандар ережеге сай бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы түрде бақыланады.

DSC 4039

– 10 адамнан артық жиналатын кез келген ғимарат көпшілік орын болып саналады. Сондықтан, мұндай орындардың барлығында дерлік апатты жағдайда шығуға арналған қосымша есік болуы тиіс. Көптеген ғимаратта қосымша есік болғанымен, ол құлыптаулы тұрады және кілті есікте болмайды. Яғни, ашылмайды. Үлкен ғимараттарда халықты жаппай құлақтандыру, дабыл қағу жүйесі жұмыс істеп тұруы шарт. Эвакуациялау жолдары анық, өрт сөндіруге ғимараттың сыртынан және ішкі дәліздерден су берілу гидранттары толық әрі дайын болуы керек, – дейді басқарма басшысы. – Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында қалада ойын-сауық орталықтары мен сауда-саттық орындары ғана емес, барлық кеңселер, жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар, білім мекемелері мен көпқабатты тұрғын үйлер жоспарлы түрде жыл сайын тексеруден өтеді. 2017 жылдың соңында «Шымкент-Плаза» сауда-ойын-сауық орталығында оқу-жаттығу жиыны өткен болатын. Ғимарат соңғы технологиямен жабдықталған. Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген.

М.Жақсыбаевтың айтуынша, қалада жоғары тәуекел тобына жататын 1217 нысан бар. Оның 408-ін 2018 жылдың алғашқы жартысында тексеру жоспарланған. 

DSC 4132

– Бірінші тоқсанда 127 нысанның өрт кезіндегі қауіпсіздік шаралары тексерілді. 127 нысанның басым көпшілігі – мектептер, балабақша, білім беру мекемелері. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 410-бабымен 86 нысанда орын алған кемшіліктерге орай акт толтырылды. Кемшіліктер үшін 15 АЕК көлемінде айып төлеуге акт түзілсе, 1 аптаның көлемінде оның 50 пайызын төлеу жеңілдігі қаралған. Шара қорытындысы бойынша 673 400 теңге көлемінде айып салынды, – дейді М. Жақсыбаев.

Десек те, бұл жоспарлы түрде жүргізілетін жұмыстар.

– Халық жайлы өмірді сезінуі үшін мекемелердің тексеру кезінде ғана емес, барлық уақытта қауіпсіздік шараларымен толық қамтылғанына сенімді жүруі керек. Сондай-ақ, кез келген апатты жағдай үшін негізгі жауапкершілік сол нысанның басшысына жүктеледі, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Ерболат Нұрмаханов. 

DSC 3986

Шымкент қаласында да кинозалдар мен балаларға арналған ойын алаңшалары бар сауда-ойын-сауық орталықтары аз емес. Олар – «Мега Планет», «Фиркан сити, «Әл-Фараби», «Гипер Хаус», «Юг сити», «Рахима Плаза», «Шымкент Плаза» және тағы басқа орталықтар. Аталған сауда орындарының барлығында автоматты өрт сөндіру жүйелері, апаттан шығуға арналған қосымша есіктер, дабыл қағу түймесі және өрт сөндіруге арналған су беру гидранттары талапқа сай орнатылған. 

Мәселен, біз кешкі сағат 19:00 шамасында барғанда, бұған дейін куә болғанымыздай, «Шымкент Плаза» сауда-ойын-сауық орталығының барлық есіктері ашық тұрды. Эскалатор жоғарыға және төменге екі бөлек бағытта да жұмыс істейді. Ғимараттың кез келген бөлігінде спринклерлер бар. Ал адам көп жиналатын «Cinemax Shymkent Multiplex» кинотеатрында 7 кинозал бар. Кинотеатр директоры Бауыржан Бисимбаевтың айтуынша, адам лық толы болғанның өзінде небәрі 7-15 минутта ғимаратты тастап шығуға болатыны сынақтан өткен. Ал дәл осы эвакуациялық дәліз арқылы бір адам 30 секундта далаға шығып үлгереді. Бір ғана 4-кинозалда 15 су себу спринклері бар. Түтін шығып немесе ауа температурасы қалыпты жағдайдан артық (70-75 градуста) қызғанда су себу қызметі автоматты түрде іске қосылады екен.

– Кинозалдардағы орындар саны әртүрлі, 114-тен 214-ке дейін. Ең үлкені 5-зал, онда 214 орын бар. Ал 7 VIP-залда 44 орын бар. Кинотеатрдағы есіктердің барлығынан ішке кіру мүмкін емес, кілтсіз ашылмайды. Бұл кино жүріп жатқанда кездейсоқ адамдардың кірмеуі үшін тиімді. Ал кинозалдан сыртқа шығу үшін кез келген есік кілтсіз ашылады, – дейді Б. Бисимбаев.

Кинотеатр директорымен бірге есіктердің сыртқа оңай ашылатынына көз жеткіздік. Есіктердің құлпы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әдейі осылай жасалған. Мұндай бір құлыптың ғана бағасы – 180 000 теңге.

Ғимараттан шығуға ең аз уақыт кететін сауда-ойын-сауық орталығы – «Мега Планет». Бізді аталған сауда-ойын-сауық орталығы және «Шымкент» ОӘД бас инженері Анатолий Железняков күтіп алып, қауіпсіздік шараларымен толық таныстырып шықты. 

DSC 4097

– Меніңше, Кемероводағы сауда орталығының есіктері біздегідей оңай ашылмайды. Автоматты өрт сөндіру технологиясы да қай деңгейде жұмыс істейтіні белгісіз. Біздегі су себу қуаттылығы 1 секундта 20 литрге тең, – дейді А. Железняков.

«Меганың» үшінші қабатында бірнеше тамақтану орны бар. Демек, бұл жерде шоғырланған адамдарға да ғимараттан тез арада шығу қажет. Ол үшін ғимараттың аппатты жағдайға арналған қосымша есіктері ашық тұр. Біз алдымен балалардың ойын алаңшасына бас сұқтық. Мұндағы жағдаймен балалар ойын алаңшасының әкімшісі Гүлназ Тілегенова таныстырды. 

Ал «Kinopark 5 Mega Planet Shymkent» кинотеатрының директоры Еркебұлан Рахмет кинозалдарда көрсетілім жүріп жатқанына қарамай апатты жағдайда шығатын есіктердің бірден далаға алып шығатынына көзімізді жеткізді. Мұнда да есіктерді іштен сыртқа қарай ашу оңай да, сырттан ішке қарай тек кілтпен кіру керек. 

DSC 4203

– Біз осы орталыққа келген әрбір адам үшін жұмыс істейміз. Сондықтан олардың өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі басты назарда болады. Кемерово оқиғасы бізде қайталанбасын деген тілек үшін қызмет етеміз. Күнделікті таңертең 5 минуттық жиында қосымша нұсқаулықтарды пысықтап отырамыз, – дейді Еркебұлан Рахмет.

Тағы бір маңыздысы, өрт болған жағдайда жарық сөніп қалса да сыртқы есіктер бір топ адамның бір соғуымен-ақ тез ашылады екен.

DSC 4221

«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілерімен бірге жүрген қалалық мәслихат депутаты Е. Нұрмаханов қауіпсіздік шаралары техникалық жабдықтаумен бітпейтінін ескертті.

– Кез келген ғимараттың техникалық жабдығы сақадай сай болғанымен, мұнда келушілер де эвакуациялық жолдарға мән беріп, апатты жағдайда шығып кетуге болатын қосымша есіктерді біліп жүруі тиіс. 

DSC 4107

Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарға эвакуациялық жолдарға сілтейтін қызыл түсті бағыттау белгілері жетіспейді. Абыр-сабыр кезінде адамдар қай бағытқа қарай жүру керегін нақты білуі тиіс. Сонымен қатар су себу құрылғысы орнатылғанымен, су жинақталмаған болуы әбден мүмкін. Осындай кемшіліктердің орын алмауына ғимарат қожайындары жауапты, – дейді Ерболат Жақыпұлы.

Қалай болғанда да ата-ана мен тәрбиеші, оқытушы ертіп жүрген баласына жауапты десек те, кез келген ғимарат иесі өрт қауіпсіздігі тетіктерінің дер кезінде кәдеге жарауына жауапты. «Сақтансаң, сақтаймын» деген бар...

 

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік Қосай

Последнее изменение Пятница, 30 Март 2018 02:51
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.