Өрт 33 минутта «сөндірілді» Избранное

Среда, 04 Апрель 2018 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 139 раз

Тактикалық өрт жоспар бойынша орталықтағы кинотеатрдың 214 орындық 5-ші залында шықты деп белгіленді.

DSC 4778

«Өрт шықты» деген дабыл соғылғаннан кейін нысан қызметкерлері мен күзетшілер «101» қызметіне хабарласып, адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіре бастады. 10:30-да соғылған дабылға орай орталық маңына 12 арнайы техника мен облыстық-қалалық төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы, офицерлер, апатты медицина орталығы және жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, әкімшілік полиция қызметкерлері – барлығы 86 адам бірнеше минутта келіп жетті. 

Жол-патрульдік қызметі Әл-Фараби алаңындағы жолды жауып, өрт сөндіру техникалары нысан аумағына кедергісіз жақындауын қамтамасыз етті. Электр желісінің авариялық бригадасы және «КазТрансгазАймақ» бригадасы нысанды шартты түрде газдан және электр жүйесінен ажыратып тастады.

Ал өрт сөндірушілер ғимарат ішінде қалған адамдарды толығымен далаға эвакуациялап, төтенше жағдай кезінде кері қарай жүгіріп, сабырсыздыққа жол берген адамдарды құтқарды. Оның бірі ғимараттың шатырына шығып кетсе, тағы жетеуі газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны арқылы 3 қабатта қалып қойған. Мұндай кезде сақтауға тиіс ереженің бірі, ешқашан жоғарғы қабаттарға көтерілуге болмайды. Дегенмен, құтқарушылар жасағы АЛ-30 және АЛ-50 автосатысының арнайы лифті арқылы оларды қауіпсіз аймаққа көшірді. Медициналық көмек көрсетілді. Жалпы, аталған жасақ дабыл соғылғаннан бастап, 24 минуттың ішінде адамдарды түгел құтқарды.

DSC 4778

– Өрт-тактикалық жаттығуға қатысушылардың алға қойылған мәселелерді шешу үшін қолданған шаралары нәтижесінде шартты түрдегі өрт 10 сағат 54 минутта оқшауланып, 11 сағат 03 минутта толық сөндірілді. Өрт сөндірушілер өз жұмысын тиянақты атқарды, – дейді «Өрт сөндіру жəне авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Қуаныш Арсланов.

Айта кетейік, кезектен тыс оқу-жаттығу жиынын өткізуге «Шымкент Плаза» жобасының директоры Марат Қалдыбаев ұсыныс жасаған.

– Тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтау үшін қауіпсіздік жұмыстарын пысықтап отырған дұрыс. Біз мұндай жаттығуды 2017 жылдың қыркүйегінде өткізгенбіз. Бүгін орталықта 400-ге жуық қызметкердің және басқа да келушілердің қатысуымен жаттығуды тағы бір қайталадық, – дейді ол.

DSC 5528

Осы оқу-жаттығу жиыны мен қауіп кезінде халықтың дұрыс бағытта әрекет жасауын сырттан бақылаған қалалық мәслихат депутаттары қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы М.Жақсыбаевқа өз ұсыныстарын айтты.

– Қаладағы нысандар дәл осы өрт қауіпсіздігі мәселесіне байланысты мемлекеттік немесе жекеменшік деп бөлінбеуі тиіс. Олар қала тұрғындары үшін қызмет етеді. Тойхана, сауда орталықтары, дәмханалар мен дүкендер, әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан коммерциялық нысандар өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Сондай-ақ, оларды қалалық төтенше жағдайлар басқармасы тексеруге толық құқылы болуы тиіс, – деді қалалық мәслихат депутаты Е. Нұрмаханов

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.