Версия для печати

Қара түтіні будақтаған көлік иелеріне айыппұл салынады Избранное

Пятница, 06 Апрель 2018 06:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4969 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

shymkala-27-2

Шымшаһарда қоғамдық көлік сапасын арттыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Жауапты мамандар тұрғындармен байланыс үшін WhatsApp, Instagram желілерін пайдаланады. Сонда келіп түскен арыз-шағымдар талқыланып, шешу жолдары қарастырылады. Осыған орай желідегі және редакцияға келіп түскен бірқатар сұрақтарды Шымкент қалалық көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевке қойған едік.

 shymkala-27-6

– Наурыз Болысбекұлы, №103 бағыттағы қоғамдық көлік қызметіне тұрғындар тарапынан бірқатар арыз-шағым келіп түсуде. Осы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бірден айта кетейін, қаладағы қоғамдық көлік арасында ең ұзақ жүретіні №103 бағыт болып есептеледі. 1-2 ай бұрын осы бағыттағы автобустарда біраз мәселе туындаған. Алайда қазіргі таңда біршама ретке келтірілді. Нақтырақ айтатын болсақ, аталған бағытта жүретін шағын автобустарға ірілері де қосылды. Енді жолаушылардың сыймай қалатын жағдайлары кездеспейді деген үміттеміз. Қозғалыс жиілігі де түзетілді. Шағымдар бойынша бірнеше рет тексеру жұмыстарын жүргіздік. Сол кездерде автобустардың өз уақытынан кешігіп келу мәселесі туындаған. Бұл келеңсіздік таңертеңгі, түскі және кешкі уақыттардағы кептеліс уақыттарында орын алатыны анықталды.

 

– Жолаушы ретінде байқағаным, кейде автобустардың келмей қалатын кездері болады. Оны қалай түсіндіресіз?

– Оны жекеменшік компаниялар адам санының аздығымен байланыстырады. Мысалы, кешкі уақытта 20-30 адамдық автобуста 3-4 адам ғана отырса, ол жүрген шығынды ақтамайды дейді. Сондықтан, бірқатары адам аз деп соңына дейін жүрмей қояды. Егер бір автобус күніне 10 айналым жасау керек болса, ол 7 айналым жасаса, жоспардың 70 пайызын орындаған болып шығады. Бұл нормаға сәйкес болғандықтан, соңына дейін бармай-ақ қоя салады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бұған да қадағалау жүргізіледі. Алайда, кей кездері қоғамдық көлік бұзылып немесе басқа да проблемаларға байланысты тоқтап қалуы да мүмкін.

 

– Жуырда Азат шағынауданының тұрғындары да қоғамдық көліктерге байланысты шағымдардын жеткізген болатын. Осы мәселе шешімін тапты ма? 

– Бастапқы кезде Азат шағынауданында мүлдем көлік жүрмейтін. Алғаш рет №103 бағыттағы автобус қатынай бастады. Ол теміржолдың қасына келіп тұратын. Адамдардың өзі сол жерге келіп мінетін. Біраз уақыт өткен соң халық бөлек бағыт ашуды сұрады. Біз теміржолдан өтіп, Азат шағынауданының ішіне кіретін №17 бағыттағы автобусты жүргіздік. Алайда №103 автобус басшылары «Бізге халық баяғыдай келмей қойды. Адам мүлдем азайды. Шығынды ақтамай жатыр» деп жүрмей қойды. Сөйтіп №17 автобус жүріп жатқанда тұрғындар «Бұл автобус базарға ғана барады. Бізге ана жаққа, мына жаққа баратын автобус керек» деді. Сөйттік те №82 бағыттағы автобусты қосқан едік, №17 автобус бірден тоқтады. Тұрғындар 82-ші бағыттың жақсы жүріп жатқанын айтты. Бірақ базарға қатынай алмай қалды. Кейіннен біраз ойланып, №1 бағытты аштық. Дәл қазір конкурсқа дейін солай жүріп жатыр. Шағын автобус түрінде. Бірақ, №82 бағыт басшылары біршама тиімсіз болып жатқанын айтты. Қазірше осылай жүріп жатыр. 

Жалпы Азат шағындауданының бір ерекшелігі – ауданның екі жағында да теміржол тұр. Арал секілді. Көліктер тек бір шетімен кіріп, бір шетімен ғана шығады. Бұдан да басқа шағынаудандар көп бізде. Мысалы, халық басында бір бағыт болса, жетеді деп сұрайды. Оны орындаймыз. Жүріп жатқан кезде басқалары да өзінің баратын жағына қарай тағы да сұрай бастайды. Жалпы, қалада 1090 көлік, 70 бағыт бар. Халық саны миллионға жуықтады. Олардың әрқайсысын үйінен жұмысына дейін, үйінен базарға дейін, үйінен емханаға дейін тасымалдауды ұйымдастырып беру мүмкін емес. Үлкен мегаполис болып жатқандықтан ондай болады. Автобустарға ауысып отырып баруды үйрену керек.
Біз жуырда әлеуметтік маңызы бар 10 бағыт ашамыз деп жоспарлағанбыз. Олар шалғай аудандарға қатынайды деп күтілуде. Ал бұл бағыттардың шығынын бюджеттен қарастыратын боламыз.

 

– Әкімдік тарапынан қоғамдық көлік компанияларына қаржылай көмек көрсетіледі ме?

– Әкімдік субсидия түрінде көмек көрсету үшін жеке компаниялар өздерінің шығыны мен табысын көрсету керек. Өйткені, шығын әдеттегіден аз немесе жоқ та болуы мүмкін. Осы үшін электронды билет жүйесін енгізуді қарастырып жатырмыз.

 

– Кейде кондукторлар бір көліктен екіншісіне ауыстырып мінгізеді. Бұның себебі неде?

– Кей жағдайларда техника болған соң бұзылады. Бірақ кондукторлар жолаушыларға сол жерде қалып қоймайтындай жағдай жасауы керек. Сондықтан, басқа көлікке отырғызады. Ал егер еш себепсіз өзгесіне ауыстырылып жатса, жолаушылар бізге хабарлауы керек. Негізінде көлік жолаушыларын соңғы аялдамаға дейін алып баруға міндетті.

 

– Тағы бір көп шағым түсетін мәселенің бірі – қоғамдық көліктердің қара түтіндетіп жүруі. Әсіресе, шағын автобустарда. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Техникалық байқаудан өткен көлік жарамды болып есептеледі. Біздің тарапымыздан көлік газ, бензин немесе дизельмен жүрсін деген талап жоқ. Оған шектеу қойсақ, жеке кәсіпкерге қысым көрсетіп жатыр деп шағымданады. Негізінен автокөліктің экологиясын жергілікті полиция тексереді. Көліктен шығып жатқан түтіннің зияндылығын солар өлшейді. Қазіргі таңда қара түтін шығып жатқан қоғамдық көліктердің тізімін полицияға өткізіп жатырмыз. Жуырда рейд ұйымдастыру жоспарлануда. Айтып өтейін, қара түтін шыққан автобус, көліктердің жүргізушілеріне 2 АЕК көрсеткіш көлемде айыппұл салынады. Ал көлік иелері «Кейбір жанармай бекеттерінен жанармай құйсақ, түтін шықпайды. Басқаларынан құйсақ шығып кетеді» деген уәждерін айтуда.

 

– Келіп түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі қандай мәселеге байланысты?

– Келіп жатқан шағымдар көп. Көбі жарамсыз. Мәселен, «Е, автобус тола ғой е», «Автобус қашан келеді, е?» деп жазып жіберетіндер де бар. Маңызды шағымдар да келеді. «Осындай автобус, мына аялмадмаға тоқтамады» деген секілді. Біз осыған қарай тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Кондуктор, жүргізушілердің де мәдениеттілігіне байланысты көп шағым түседі. Ол уақыттың еншісінде. Барлығын бірдей жұмыстан шығара да алмаймыз. Бұл жалпы мәдениеттілікке қатысты. Осы тұрғыда қоса кетерім, тек кондуктор, жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да мәдениетін арттыру керек.

Последнее изменение Пятница, 06 Апрель 2018 08:17
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.