80 мың түп жеміс ағашы отырғызылды Избранное

Среда, 18 Апрель 2018 05:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3936 раз

Елордада басталған «Бірге жарқыраймыз!» эстафеталық эко-фестиваль Шымкент қаласында жалғасты. Фестивальдің басты идеясы – ақылды технологияларды қалаларда тұрақты түрде дамыту, суды үнемді пайдалану, экологиялық таза өнімді арттыру, тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау және энерготиімділікті арттыру.


Акцияға орай облыс және қаланың 6 мыңнан астам тұрғыны сенбілікке шығып, саябақтар мен өңірдегі бірқатар білім ошақтарында өткен көшет егу жұмыстарына қатысты. Ал эко-фестивальдің салтанатты ашылуы облыс және қала басшылары, БҰҰ Даму бағдарламасы өкілдерінің қатысуымен Шымкент қаласындағы «Самал» саябағында ұйымдастырылды.

– Өңірімізде бірегей «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Дәл қазір біз осы бағдарлама аясында бой көтерген қаладағы 11 саябақтың бірінде тұрмыз. Алдағы уақытта Шымкент «жасыл қала» атауын одан әрі нығайта түседі деп сенеміз, – деген Жансейіт Қансейітұлы барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Самал» саябағының іргетасы «Шатқал» бағдарламасы аясында 2017 жылдың қаңтарында қаланған. Содан бері 38 гектар жерді алып жатқан сай-сала қоқыс қалдықтары мен қураған шөптен тазартылып, көшет егу жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Сондай-ақ, саябақтың бұған дейінгі ағаш отырғызылған бөлігі тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған. 

«Шымкент – менің қалам – менің бақшам!» бірыңғай ұранымен өткен фестиваль аясында оңтүстікқазақстандықтар 80 мың түп жеміс ағашын отырғызды. Жеміс ағаштарының көбі алма және шие көшеттері.

Экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында мұндай бастамалар Қазақстандағы колледжер, мектептер мен балабақшалар үшін білім беру бағытында жалғаса бермек.
Акция соңында эстафетаны Ақтөбе қаласына жолдады. Ал эко-фестиваль жыл бойы еліміздің 14 облысы және республикалық маңызы бар қалаларында өтеді деп жоспарланған.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.