Версия для печати

Шырайлы шаһарда туризмді түлетудің жолы қандай?

Среда, 25 Апрель 2018 06:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4859 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Туризм – әлемдік экономикада маңызы зор, ауқымы кең сала. Қазақстандағы туристік сала негізінен сыртқа шығу туризмінің дамуына бағытталған. Ал сырттан кіру жəне ішкі туризм баяу дамып келеді. Халықаралық туризм нарығы түрлі елдердің экономикасы үшін шешуші сала болып табылады, ал туристік қызмет барған сайын сұранысқа ие болып келеді. Ал бұл саланың еліміздің шырайлы аймағы Оңтүстікте – Шымкентте даму деңгейі қандай?

shymkala-32-14

shymkala-32-18

Улуқбек ХАМИДОВ, Гид:

Еуропалықтарға еуропа асханасы жаңалық емес!

– Шымкентте туризм саласы нашар деп айта алмаймын. Десек те дамыту қажет. Кемшіліктер де жетіп артады. Атап айтар болсақ, біріншіден – миллионға жуық халқы бар қаламызда шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсететін, ағылшын тілінде жақсы сөйлей алатын үш-ақ гид бар. Жапон, қытай тілдерін айтпай-ақ қоя салайын. Қалада ешкім шет тіліін білмейді деуден аулақпын, бірақ олар гид ретінде қаланы таныстыра алмайды. Ары кетсе аудармашы болуы мүмкін. 

Екіншіден, туристердің қауіпсіздігі қорғалмаған. ТМД елдерінің ішінде көрші өзбек елін мысалға алсақ, оларға шетел туристерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін туристік полициялар жұмыс істейді. Олар туристердің терористік қауіпсіздігін, алаяқтық қауіпсіздігін және тағы да басқа келеңсіз жағдайларды болдырмаудың алдын алады. Ал біздің елде ондай штат қарастырылмаған. Соның салдарынан туристердің такси жүргізушілерінен, дүкен сатушыларынан және басқа да қызмет көрсету саласындағы адамдардан алданып қалған кездері де болды.

Шымкентке шеттен келушілердің басым бөлігі бизнес-туристер. Қаламызбен арнайы танысып, тамашалауға келетін туристер некен саяқ. Басты олқылығымыздың бірі – шымқалалықтардың мәдениеті туристерге қызмет көрсетуге дайын емес – дөрекі. Өзбекстанға барсаңыз халқы деген иіліп қарсы алады. Сервистік қызмет көрсетуі бізге қарағанда жоғары деңгейде. Ал, Түркияда бірер дәмханаға шәй ішуге кірсеңіз, сіздің турист екеніңізді білсе, бір шынаяқ шәй немесе кофесін тегін сыйлайды. Көбінесе шетел азаматтарымен жұмыс істеймін. Шеттен келген қонақтардың басым бөлігі біздің этно-мәдениетімізді көргісі келеді. Мейрамханалардағы еуропа тағамы еуропалықтарға жаңалық емес. Олар ұлттық тағамдарымыздан дәм татқанды, ұлттық аспаптарда ойналатын күй мен дәстүрлі әндерімізді тыңдағанды ұнатады. Сондықтан қаламызда ұлттық дәмханалар мен онда жанды дауыспен дәстүрлі әндерді орындайтын ансамбль көп болса екен.

Шымкент қаласы халқының саны жылдан жылға артып, аумағы кеңейіп, шаһардың әлеуеті жоғарылап келеді. Жақында облыс әкімі Ж. Түймебаев қалада арбат салынатынын мәлімдеді. Енді сол арбат жағасын ұлттық нақыштағы қолөнер шеберханалар мен тарихымыз бен мәдениетімізден дерек беретін декоративті мүсіндермен көріктендірсе екен. Мәселен, Самарқант қаласында ұлттық шеберханалар өте көп. Бір қызығы ол орындарды әкімшілік тегін берген. Шеберлердің міндеті – ағаштардан әртүрлі бұйымдар жасайды. Мұны туристер қызыға тамашалап, сатып алады. 

Қалаға туристерді тарту үшін ең әуелі этно-мәдениетімізді көтеру қажет. Қала шетінен этно-ауыл құрып, сырттан келген шетелдіктер мұнда зергерлік бұйымдарын сатып алып қана қоймай, киіз басудың түрлі технологияларын өз көздерімен көретін еді. Сонда Шымкентке шетелдіктер логистикалық немесе бизнес қызмет үшін ғана емес, этно-мәдениетімізді тамашалау үшін де келер еді.

 


shymkala-32-15

Ғани НАЗАРБЕК, 
«Arsha travel» туристік агенттігінің маманы, гид:

Шымкент сияқты қала әлемде жоқ шығар

– Кей қалаларда өзен қаланың шетінен кіріп, екенші жағынан шығып кетеді. Ал Шымқалада Қошқар ата бұлағы қаланың ортасынан бастау алып, қаланы қақ жарып ағып өтеді. Шаһарда тіршіліктің бастауы да сол бұлақ басынан басталған. Халық бірінші орында әулиесін емес, тарихын білуі керек. Шымкент – Кеңес үкіметі кезінде құрылған деген түсінік көпшілікке қалыптасып қалған. 2мың жылдық тарихы бар қаланың қазба жұмыстары 2 жыл бұрын қолға алынған еді. Қазір тоқтап қалды. Көне қалашықтың қазба жұмыстарын қайта жандандырып, қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы тарихи мұражай етсе, шетелдіктерді өзіне баурап алар еді. Мәселен, Тараз қаласында осындай көне қалашық бар. Ондағы мұржайды көруге туристер Тараз шаһарына арнайы барады. Жалпы, Шымкентке ТМД елдерінен Ресейден мұсылман халықтары және еліміздің өзге өңірлерінен көптеген адамдар зиярат жасау үшін келеді. Тоғыз жолдың торабы болған Шымқаланың әсем табиғаты мен тарихи орындары шетелдіктердің назарында. Облыстың таулы аймақтарында, қорықханалардағы өсімдіктердің алуан түрлерін тамашалауға келушілердің саны көп. Жақында қаламызға бір топ жапон туристері оңтүстіктегі қызғалдақтарды тамашалауға келді. Қонақтарды қала орталығына көрік беріп тұрған қызғалдақтар емес, қырда өскен жабайы қызғалдақтар көбірек қызықтырды. Тянь-Шянь тауының етегі әлем бойынша қызғалдақтың отаны болып саналады. Қырдағы жабайы қызғалдақтар ежелгі тұқымның түп нұсқасы болып табылады. Жабайы қызғалдақ тұқымын Қошқар ата бұлағының басындағы қырға ексек, көктемде бұлақ жағасына көрік беріп, келген туристерге қаланы таныстыруды осы жерден бұлақ басынан бастар едік.
Біз шетелдік туристерді ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз арқылы қызықтыра аламыз. Ол үшін қала төңірегіндегі жайылым жерлерде жайлау туризмін дамытуымыз қажет. Табиғат аясына киіз үй тігіп, ішін ұлттық нақышта безендіріп, қонақ үй ретінде пайдалансақ, құба-құп болар еді. Шетелдік қонақтар күбі пісіп, құрт-майдың қалай дайындалатынын көріп, атқа мініп, көкпар тартып, бал қымыздың дәмін татса, үлкен әсер алары анық. Туризмнің бұл түрі Қырғызстанда жақсы дамып келеді. Жайлау туризмін тамашалауға жылына мыңдаған шетелдік турист Қырғыз даласына қарай бет алады. Мұны біздің елде неге қолға алмасқа!

 


shymkala-32-17

Асанхан ДАРХАН,
«Ontustik tourism center» туристік ақпараттық
орталығының жоба менеджері:

Әуе рейстерінің аздығы келушілердің қызығуын төмендетеді

– Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында туристтер саны 204 485-ті құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 636-ға немесе 44,16%-ға (141 849) өскенін байқаймыз. Орналастыру орындары саны 209 құрап 42-ға немесе 25,4%-ға (167) өсімді көрсетсе, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 2,76 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 770 млн-ға немесе 38,69%-ға (1,99 млрд) артқанын көрсеткен.
Қазіргі таңда өңірдегі туристік саланы дамыту негізгі 3 бағытта жүзеге асырылып келеді. Олар – инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристік әлеуетті маркетингтік жылжыту.
Инфрақұрылымды дамыту бойынша облыс аумағындағы туристік нысандарға алып барар жол бойларына бірыңғай жол сілтегіштері, әжетханалар орнатылды. Туристік нысандар аумағында төлқұжаттар орналастырылды. Сонымен қатар, облыс аумағындағы 35 туристік нысанға «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес QR-кодтар орнатылды.
Қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша Туристік Ақпараттық орталық тарапынан жыл сайын «Мейрамхана ісі», «Мейрамхана даяшылары», «Қонақ үй шарушылығы», «Гид-экскурсовод қызметі», «Туризм менеджменті стандарттары» бағыттарында семинар-тренингтер өткізілді.
Сонымен қатар облыс және қала тұрғындарына арналған түрлі мастер-кластар, курстар, викториналар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Туристік әлеуетті маркетингтік жылжыту бойынша Қазақстан және шетел қалаларында роуд-шоулар, презентациялар, көрмелерде туристік әлеуетті таныстыру жұмыстары үнемі жүргізіліп, одан бөлек шетел және қазақстандық ірі туроператорлар мен турагенттер және бұқаралық ақпарат құрал өкілдеріне арналған ақпараттық турлар ұйымдастырылып, өткізіледі.
Қазіргі кезде, облысқа және қалаға келуші туристердің басты бөлігі көршілес жатқан Ресей, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен келеді. Одан өзге, Еуропа мемлекеттері мен Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен келуші азаматтар саны артуда.
Келуші туристердің қызығушылығын негізгі 3 бағытқа бөлуге болады: тарихи-мәдени туризмі (сакралды жерлер), экологиялық туризм және емдік-сауықтыру туризмі.
Шымкент қаласынан әлем қалаларына әуе рейстерінің аздығы да туристердің қызығушылығын төмендетеді. Шымкент қаласының әуежайын жаңарту және кеңейту жұмыстары бұл мәселені шешеді деп ойлаймын. Әуежайдың кеңеюі жаңа әуе бағыттарының көбеюіне және барлық әуе рейстерінің жиілеуі туризмді дамытуға оң ықпал бермек.

 


shymkala-32-16

Кеңес ИСМАЙЛОВ,
Қазақстан республикасының туризм
саласындағы құрметті қызметкері:

Біздің қазақ қызмет көрсетуге намыстанады

– Бүгінгі таңда өңірімізге келіп кететін туристер үшін Шымкент жалғыз логистикалық орталық. Сондықтан міндетті түрде шетелдік туристер Шымкентке келеді. Ары-бері Жібек жолынан өтетін туристер, Қырғызстан, Қытай, Ресейге бара жатқан туристің барлығы міндетті түрде Шымкентке аялдайды. Шаһардың құдыреттілігі де сол тоғыз жолдың торабы. 

Шымкентте бүгінгі таңда кез келген туристің талабына сай қонақ үйлер бар. Екі бес жұлдызды қонақ үй, оншақты 4-5 жұлдызды қонақ үйлер және қарапайым хостелдер туристтерге қызмет көрсетуге әзір. 

Туристерге тағы бір қажеттілік – бұл тамақ мәселесі. Бұл жөнінде еліміз бойынша Шымкентке тең келері жоқ. Бізде мейрамхана мен әртүрлі этнос өкілдерінің асханасы өте көп.
Әлемде туризмнің бірнеше түрі бар – Эко туризм, бизнес туризм, тарихи туризм, медициналық туризм т.б. Ал Шымқалада туризмнің барлық түріне жақсы жағдай жасалған. Оның ішінде тарихи туризмді енді дамытып келе жатырмыз. Тәуелсіздік алаңы жанындағы көне қалашықтың орнын қайта қалпына келтірілсе – Қазақстан бойынша жалғыз көне қалашық болар еді. Бұл да бір-екі жыл көлемінде шешіледі деп үміттеніп отырмыз. Жалпы, облысымызға тарихи туризм үшін келетіндер үшін де Шымкент логистикалық орталық ролін атқарады. Сонымен бірге шетелден арнайы келетін туризмнің бірі – бизнес туризм. Қалада конференциялар, семинарлар ұйымдастырылып жатыр. Оның барлығына шетелдік қонақтар қатысуда.
Екі жылдан бері бізде мәдени туризм де жақсы жолға қойылды. Мәселен, жақында қала аралап жүргенімде басқа өңірден келген туристермен танысып қалдым. Олардың айтуынша қалаға қызғалдақты тамашалауға келген екен. Бұл өте қуанарлық жәйт. Ақпарат таратуда миллионнан астам қызғалдақтың егілгені жайлы әлеуметтік желілерде жақсы пияр жасадық деп ойлаймын. Алдағы уақытта Шымқалада қызғалдақты туризмнің негізі деп алатын болсақ, бұл үшін қаржыны аямау керек. Қаржы жұмсалмаған жерге, қаржы келмейді. Сәуір айының ортасында Шымкентке қызғалдақты тамашалау үшін өзге өңірлерден және шетелден қонақтар келеді деген ұғымды қалыптастыру керек. Халық та мұндай сәтке дайын тұрады.
Туризм – қызмет көрсету деген ұғымды білдіреді. Ал біздің қазақтар қалаға келушілерге қызмет көрсетуге арланыды. Қызмет көрсетуді құлдық деп біледі. Ең әуелі осындай психологиядан арылуымыз керек! Одан арылмайынша елімізде туризм дамиды деп айта алмаймын!