Қошқар ата көрікті мекенге айналсын десек... Избранное

Пятница, 11 Май 2018 05:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4206 раз

Суы мөлдір әрі шипалы Қошқар ата бұлағы – Шымкенттің мақтанышы. Қазір өзен бастауында тұрғындар сейіл құрады. Саялы орын. Өзен маңын одан әрі абаттандыру жұмыстары да қолға алынып, бірқатар жобалар жасалған. Осы орайда жергілікті тұрғындардың да өз ұсыныстары бар. «Қошқар ата бұлағы» қорының төрағасы Есенгелді Лесбаев таяуда редакциямызға келіп, өз ұсыныстарын айтты.

Қошқар ата дизайны

Жақсы бастамалар жалғасуы тиіс

«Біле білсек, Қошқар ата – Жаратқанның бізге берген сыйы. Оны қаперден шығармаған жөн» дейді зейнеткер. Расында адамдар жыл он екі ай осы бұлақтың суына түсіп, дертіне шипа табады. Ал енді бірі шынығып, қуатына қуат қосуда. Тіпті басқа өңірлерден келетіндер бар. Әсіресе, жаз маусымында бұлақтың суына бір күнде 5-6 мың адам келіп түседі екен.
Бірегей нысанды халықтың игілігі үшін сақтап, қорғау жөнінде БАҚ-та бірнеше рет мақалалар жарияланды. Қор төрағасының да бұл орайда айтар уәжі бар екен. Мұқият тыңдадық. Өзінің бұл өтініші мен ұсыныстарын облыс және қала әкімінің назарына жетсе екен дейді.
– Біздің мақсатымыз – осы киелі бұлақты болашақ ұрпақ үшін сақтап, көрікті мекенге айналдыруға өз үлесімізді қосу. Облыс әкімі бұлақтың төңірегіндегі тұрғын үйлерді бұзуға тапсырма бергені мәлім. Біз алдымен осы жұмыстардың қолға алынғанына алғыс айтамыз. Облыс әкімінің жылдық есебінде де Қошқар ата бұлағы жөнінде өте жақсы жобалар қолға алынғаны айтылды. Бұған ерекше қуанамыз, – дейді қор төрағасы ақсақалдардың атынан өз алғысын білдіріп.
Зейнеткердің қолында өздері дайындаған дизайн макет те бар. Яғни, бұлақ бойын абаттандыруда өздері де жоба әзірлепті. Алдымен ол кісінің негізгі ескертпелеріне зер салайық. Айтуынша, бұрынырақ бұлақтың басынан есептегенде Ордабасы алаңына дейін 102 бұлақ көзі болған. Қыста аумақты абаттандыру кезінде салмағы ауыр техникалардың кесірінен көптеген бұлақтың көздері жабылып қалыпты. Енді Қошқар ата бұлағының қазіргі арнасына тиісті шаралар қолданылмаса 4-5 жылда басқа арнаға ауып кетуі мүмкін. Өйткені, осыдан 3-4 жыл бұрын өзеннің Ордабасы мешіті тұсында қала тұрғындары қайықпен серуендеп демалатын. Қазір су деңгейі біршама азайған. Енді бұлақтың суын қалыпқа келтірудің бірден-бір жолы – оң қанаттағы бұлақтардың көздерін бітеген тастарды алып тастау дейді зейнеткер.
Ақсақалдарды алаңдататын осы жағдай. Сондай-ақ, төраға Ордабасы алаңынан Тельман бөлімшесіне дейінгі аралықтағы жан-жақтан ластап жатқан монша сулардың жолын жабу керегін тағы да еске салды. Екі жағынан халық жүретіндей аяқжолдар салып, ағаш егу және үш жерден халық шомылатын арнайы орындар талапқа сай істелуі қажет. Бұл салауатты өмір салтын насихаттаудың тиімді жолы болмақ.

«Ұсыныстарымыз орындалса екен...»

Мұндағы жобалардың бәрі де бұлақ аумағын абаттандыру мақсатында қолға алынған. Көктемнің басында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев бұлақ басын аралап, тиісті тапсырмаларды жүктеген еді. Қор төрағасы осы ретте бірқатар ұсынысын алға тартады. Оның айтуынша, бірінші кезекте бұлақ көздерін тазалау керек. Өйткені, өзен суы мен ондағы шармай (маринка) балығының қоры азаюда. Сәуір айынан бастап бұлақ аумағына гүлдер мен көгал егу, сәндік ағаш-бұталарды отырғызу, бұзылатын үйлердің айналасындағы ағаштардың кесілмеуін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуі тиіс (алғашқы кездегі көріктендіру жұмыстарын жүргізу барысында көптеген ағаш кесіліп кетіпті).
Қор төрағасы сонымен қатар бұлақ көздерін ашып, тастарды жоғары көтеріп, қайта орнына қоюды, бұлақ басын тазалап әрі екі жерден су алатындай етіп қолайлы орын жасауды ұсынады. Бұған қоса бұлақ бастауының үстіндегі 17 үйді көшіріп, бұлақтан шыққан суды бірден бассейнге түсіру және ашық алаңқай жерлерге көгал шөптерінің тұқымдарын себу, гүлдер мен ағаш-бұта көшеттерін отырғызуды айтып отыр. Оған қоса су шығаратын диірмен ағашын орнату, сол арқылы шағын субұрқақтар орнатып, гүлдер мен ағаштарды суару, жастарға үлгі беретін патриоттық, тәрбиелік маңызы бар, кең байтақ жерімізді қорғап қалған батырларымыздың суреттері мен мүсіндерді орнату да өте құптарлық.
– Киелі бұлақ аумағында, үйлердің арасында төртінші бұлақ көзін біз ұсынған дизайн бойынша кафельдеп, үлкен бассейн салынса, дейді ақсақал. Бұған қоса халыққа қызмет көрсететін, ұлттық оюлармен нақышталған ақ киіз үйлер орнатып, қымыз, қымыран сусындарын сату, ал алкогольдік ішімдіктерді алып келуге тыйым салдыру керек. Себебі, кей кездері бұлақ басында масаң халде жүретіндерді кездестіріп қалатынымыз рас.
Келешек жастардың қолында десек, мұндағы бұзылатын үйлердің орнына жас ұрпақтың денсаулығын нығайту үшін спорт кешенін салу да ізгілікті іс болмақ. Ал бұлақ арнасына әйелдерге бөлек бассейн салу туралы ұсыныс та маңызды.
Айта кету керек, «Қошқар ата бұлағы» қоры әділет басқармасынан тіркеуден өткен. Қордың жанашыр ақсақалдары ендігі ретте бұлақ көздерін таза ұстап және осыған байланысты тиісті жұмыстарды ұйымдастырмақ ниетте.
Бар мәселе – қаржыда. Жомарт азаматтардың мәрттік танытатыны да осы кез ғой. Қор төрағалары да осынау жұмыстарды атқару үшін қаржылай қолдау көрсетуді сұрайды. Кәсіпкерлер халық арасында қорды қолдау жөнінде акцияның ұйымдастырылуына ықпал етсе дейді.

DSC 3520

Қаланың абаттануына
баршамыз жауаптымыз

Қошқар ата өзені қанша ғасырлар бойы тоқтаусыз ағып, қала тұрғындары үшін тазалықтың бастауы болған өзен. Елімізде қаланы ортасынан кесіп өтетін өзендер санаулы-ақ. Соның бірі де бірегейі – осы Қошқар ата.
Осыдан екі жыл бұрын «Қошқар атаның қадірін білсек» деген дүние жазғанбыз. Расында, бұл аумақта салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарына көңіл бөлген жөн. Саялы орынды абаттандыру уақыт күттірмейді. Осы орайда туған жерді түлетуді перзенттік парызы санайтын азаматтар табылса игі.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларының негізі демеушілер есебінен атқарылуда. Бұл бастамалар жалғасын табуы тиіс.
– Өз тарихымызды танып білуіміз керек. Соның ішінде қасиетті орындарға барып, ата-баба рухына Құран бағыштаймыз. Бұл – имандылықтың белгісі. Рухани жаңғыру демекші, Қошқар ата бұлағының басында бұрыннан келе жатқан шырақшының Құран оқитын үйі болған. Шырақшы бұлақ басын таза ұстауға, ластамауға шақыратын және Құран оқып, жастарға үгіт-насихат айтып отыратын. Абаттандыру кезінде бұл имандылық орны бұзылған. Жауаптылар оны кейін талапқа сай істеп беруге де уәде берген. Осы бұлақ басын тазалауға үлес қосқан шырақшы Әмірбек ақсақал дүниеден өтерде кесененің орнын бізге көрсетіп кетті. Бұл орынды да келешек ұрпаққа сақтауымыз керек. Бұны да қаперден шығармаған жөн, – дейді ақсақал.
Сөз соңындай айтарымыз, жоғарыда сөз етілген мәселелердің бәрі де бірлесе шешетін, жұрт болып жұмылатын шаруалар. Ендеше, туған қаламыздың тазалығына, абаттандырылуына барлығымыз жауаптымыз.