Арбат – жанға жайлы орын Избранное

Среда, 16 Май 2018 05:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4541 раз

Шымкентте қала тұрғындары көптен күткен Арбат ашылды. Сейіл мекені Бекет батыр көшесінің бойынан орын тепкен. Жанға жайлы орын. Әрі бұл нысан 15 мамыр – халықаралық отбасы күніне орай ел игілігіне беріліп отыр. Қала әкімдігінің жауапты мамандары 1 шақырымға созылған Арбат құрылысын 2 айдың ішінде аяқтады. Жақсы істің ашылу рәсіміне көпшілік куә болды.

10

Дамыған қалалардың бәрінде халық демалатын орындардың көптеп орналасуы заңдылық. Қаланың келбетіне көрік қосатын, тұрғындардың сейілдейтін орнына айналар мұндай жобалар көптеп керек-ақ. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жақсы істің ашылу рәсіміне қатысып, өз қуаныштарын жеткізді.
– Қаланың әрбір көшесін осылай абаттандыруға болады. Мұндағы басты мақсат – қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасау, демалатын орындардың санын көбейту. Бұл жер қаламыздың ең тартымды демалыс орындарының бірі болмақ.

2

Мұндай игі қадам қала тұрғындарының және жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда әсері мол. Жұмысты лезде қолға алып, дер кезінде аяқтаған қала әкімдігіне алғысымды айтамын, – деді облыс әкімі Ж. Түймебаев.
Қаланың жасыл желегіне рең қосқан арбат әдемі гүлдермен көмкеріліп, жарық шашатын шамдармен безендірілген. Ландшафт дизайны көз тартады. Мұндағы 3600 шаршы метр аумақ көгалдандырылса, 2000 шаршы метр аумақты аяқжол алып жатыр. 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды ағаш түрлері мен 1000 түп раушан гүлі егілді. Түнгі арбатты жарық етуге 76 көше шамы мен 45 торшер қойылды. Демалыс аймағында, сонымен қатар, велосипед жолағы да қарастырылған.
Қазіргі таңда мамандар арбаттың ерекше келбетін аша түсетін арканы құру жұмыстарын аяқтауда. Жуық арада Бекет батыр көшесінің бұл бөлігі нағыз шығармашылық адамдарының орталығына айналмақ. Келешекте бұл аумаққа Суретшілер үйін салу да жоспарда.
Облыс әкімі мұндай демалыс орны алдағы уақытта А.Асқаров пен Бейбітшілік көшесінің бойынан да орын тебетінін атап өтті. Мінекей, осылайша көптен күткен Арбат жобасы да бастау алды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ж. Түймебаев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жансейіт Қансейітұлы бұл аумақ та саялы орынға айналуы тиістігін қадап айтты. Бүгінде аталған жоба аясында Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі өзен бойымен жүріп өтетін 300 метрден астам аяқ жол көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Последнее изменение Среда, 16 Май 2018 06:18
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.