Энергия үнемдеу: жаңғырту жұмыстарының барысы қалай? Избранное

Среда, 30 Май 2018 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3001 раз

БҰҰ мәліметіне сәйкес, XXI ғасырдың ортасында қалалардағы халықтың саны 7 млрд-қа жетпек. Бұл үрдіс жалғаса беретіні де мәлім. Жуырда өткен  ХІ Астана экономикалық форумында осындай деректер айтылды. Яғни, қазір қалалар бәсекеге түскен кезең. Жасыл энергетикаға бет бұру, баламалы қуат көздерін пайдалану, мегаполистегі соңғы трендтерге дайын болу сынды мәселелер өзекті бола түспек.

22d89aa697e71ca0107ad263ac7ef1c6

Қалалар тартысқа түсетін уақыт жақындады

Рас, мегаполистер дәуірі басталды. Бүгінде урбанизация процесінің қарқыны мен сипатының өзгеруі байқалып отыр. Елбасы да мегаполис дәуірінде қалалар инвестиция, білікті мамандар мен технологиялар бойынша тартысқа түсетінін айтқан-ды.
– Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан агломерацияны дамытудың стратегиясын қолға алды. Егер бізде бұрын 1 млн адам тұратын тек бір қала, яғни Алматы болса, енді оған Астана, Шымкент шаһарлары қосылды. Осылайша, бізде 3 миллионер қала бар. Бұл процес жалғаса береді, – деген еді Мемлекет басшысы экономикалық форумда сөйлеген сөзінде.Жалпы, он бірінші рет өткізілген форумда экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелері талқыға түсті. Жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелері сөз болды. 

ҚР Президентінің айтуынша, бүгінгі ғаламдық дамудың басты бес мегатренді – адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі.
«Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі елде жасыл экономиканы жүйелі дамытудың базасын қалыптастырды. Жалпы, 2030 жылға қарай біздің энергиялық баланстағы баламалы энергия үлесі 30 пайызға дейін жетуі тиіс. Биыл жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 460 МВт-қа, қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу 31 пайызға ұлғаймақ.

maqsat

Есептеу құралдары жаңғыртылуда

Шымкент – Елбасының назарындағы шаһар. Халықтың саны миллионға жетуі жаңаша бағытта дамуды талап етеді. БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Үкіметі «Төмен көміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасын іске асырып жатқаны мәлім. 2015 жылы Шымкент қаласының әкімдігі мен Даму бағдарламасының өкілдері арасында меморандум түзілген. Соның негізінде 2018-2020 жылдар аралығында экология саласы мен қалалардағы төмен көміртекті жобаларды дамыту, сол арқылы қала инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шара жоспары қолға алынды.
Бұл бағытта Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) ОҚО бойынша үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Жетекшісі Әбдімәлік Балбаевтың айтуынша, бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Шымкент – Қазақстандағы пилоттық жобаның қатарына кірген 7 қаланың бірі. Көпқабатты үйлердегі жылу тұтыну, су, электрмен жабдықтау қызметі жүйесін жетілдіру – басты бағыттардың бірі. Тұрғын үйде энергияны бақылау және басқарудың арнайы автоматтандырылған жүйесін енгізу, энергия мен суды есепке алу құрылғыларын жаңғырту арқылы ғана энергияны үнемдей аламыз. Мамандардың есебінше, жүйелерді жаңғыртқан кезде жылу – 10 пайызға, электр энергиясы – 20 пайызға, суды пайдалану 40 пайызға дейін үнемделеді екен.
Қала әкімінің шешімімен былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Шымкент тұрғын үй қызметі» мекемесін құрылды. Яғни, жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстау жұмыстары қолға алынуда. Басқарушы компания мемлекеттің қатысы бар жалдамалы үйлерді күтіп-ұстайды. Үкімет пен тұрғындардың мүдддесін қорайды.
Жаңадан қабылданып жатқан үйлерге бірден осы жаңғырту жобалары енгізілуде. Әзірге Нұрсәт шағынауданындағы № 90, 89, 94 және 95 үйлер осы жүйеге көшкен. Бәріне де заманауи электронды қондырғылар орнатылыпты. Олар Ресей, Беларусь және Украина елдерінен әкелінген. Басқарушы компанияның құрамындағы бұл үйдің тұрғындары төлемдерді электронды түрде біле алады. «Шымкент тұрғын үй қызметі» мекемесінің сайтына кіріп, төлем қызметінің жағдайынан толық хабардар болады.
Ендеше, жылу, су, электр энергиясымен қоса көгілдір отынның өлшегіш құралдары да жаңаша жұмыс істей бастады. Бұрын жылудың ақысын шаршы метрге төлейтін болса, енді пайдаланғаны бойынша ақы төлейді. Құрылғылар 2017-2018 жылы салынған үйлердің бәріне орнатылмақ. Жаңа коммуналдық басқару жүйесінің бір қыры осындай.
– Бүгінде әрқайсымыз өз жағдайымызды өзіміз істегеніміз жөн. Елбасы да осыны меңзеп отыр. Біз де халыққа солай ұғындырып келеміз. Халық тек қана менің жекеменшік пәтерім деген ойдан арылу керек. Қалада көлік көбейді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу де басты мәселенің бірі. Қаладағы үйлестіру орталығының бір өзінің жұмысы аз. Ең алдымен бұл бағыттағы жұмыстарды халыққа көбірек насихаттау керек. Төрт аудан әкімдігі халықтың сауатын арттыру жұмыстарын ширататын кез келді. Қала – бәріміздің ортақ үйіміз. Сол себепті ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандырайық, – дейді Ә. Балбаев талап-тілектерін жеткізіп.
Жасыл энергияны дамытудағы басты бес бағыттан қала тұрғындары хабардар. Қаламызда «Shymkentbike» велостанциялар жүйесі іске қосылып, қала тұрғындарының оған деген қызығушылығы да артып келеді. Бір айта кететіні, мегаполис шаһарға алғашқы электромобиль де әкелініпті.

85 пайызы – энергия үнемдегіш лампалар

Қалада қоғамдық орындардағы жарықшамдарды энергоүнемдейтін диодты шамдарға ауыстыру жұмыстары қолға алынған-тын. Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, қала бойынша 32 692 дана жарықшам бар. Оның ішінде 16 226 данасы саябақтар мен гүлзарларда, 16 466 данасы 162 көшеде орналастырылған. 2016-2017 жылдары аралығында 89 көшедегі 11565 дана жарықшам диодты шамдарға ауыстырылыпты. Нәтижеде пайдаланылған электр энергиясы 40 пайызға төмендеген. Жалпы, бүгінге дейін қала көшелеріндегі және саябақтар мен гүлзарлардағы 32 692 жарықтандыру шамының 27 791-і немесе 85 пайызы энергия үнемдегіш лампаларға ауыстырылды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша да негізгі жұмыстарды атап өтсек. Қалада ПЭТ ыдыстарды бөлек жинау қызметімен айналысатын «Тутеев» жеке кәсіпкерлігі қоқыс алаңшаларында 100 дана қосымша контейнер қою арқылы осы уақытқа дейін 40 тонна қатты қалдық жинаған.
Коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының мәліметінше, Ақтас-1 елдімекеніндегі қуаттылығы жылына 200 000 тонна қоқыс сұрыптау зауыты қала әкімдігі тарапынан «Гринлайн» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген. Қазіргі таңда қоқыс зауыты іске қосылып, сұрыптау жұмыстары да басталып кетіпті. Нәтижесінде, қоқыстарды сұрыптау жұмыстары 9%-ы құрап отыр.