Үшінші мегаполис мәртебесінің мәні неде? Избранное

Среда, 06 Июнь 2018 04:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 313 раз

14555

Данат Жумин, «Нұр Отан» партиясының саяси жұмыс департаментінің директоры:

Данат Жумин

«Қаланың жаңа мәртебесі экономика үшін маңызды»

Жуырда Астана экономикалық форумында Елбасы «Бізде бұған дейінгі миллион тұрғыны бар бір қала Алматы болса, енді бұл қатарға Астана мен Шымкент те қосылды» деген болатын. Бұл – өте маңызды мәлімдеме. Яғни, Шымкент миллионер-қала ретінде ресми жарияланып, республикалық маңызы бар қала атанатын күн алыс емес деген сөз. Егер Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы республикалық маңызды қала мәртебесіне ие болса, онда Қазақстанда 17-аймақ – Шымкент қаласы пайда болады. Шымкент пен Оңтүстік Қазақстан облысы қазіргі Алматы қаласы мен Алматы облысы сияқты, бір-бірінен бөлек және дәрежесі бойынша тең өңірге айналады. Ал бұл – еліміз үшін де, облыс пен қала үшін де өте жақсы жаңалық.
Шымкент әкімдігі қазіргіден де қарқынды даму үшін қажет мәртебеге ие болады. Себебі, қазір Шымкент өз бетімен ештеңе істей алмайды, барлық жұмыс облыстық үнемі әкімдікпен келісіледі. Ал бұған қосымша уақыт қажет. Барлық іс-әрекет қажет деңгейінде шешілмей, әр қадам облыс басшылығы арқылы шешіледі. Мысалы, қалалық жолаушылар көлігі бөлімінің жұмысын алайық. Қаладағы автобус бағыттарының жұмысын оңтайландыру үшін шаһардағы жолаушылар ағымын зерделемек болдыңыз. Жауапты мамандар облыс әкімдігіне барып, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Мүмкін, бұл қадам қолдау тауып қалар.
ОҚО-ның жалпы ішкі өнімін алып қарар болсақ, оның көп бөлігі Шымкент қаласы мен Созақ ауданына тиесілі. Созақта уран өндіріледі. Ал басқа аудандардың облыс экономикасындағы үлесі өте аз. Шымкенттің облыстан бөлінуі нәтижесінде аудандардың дамуы өңір басшыларының басты мақсатына айналады. Яғни, ол аудандар мегаполистің «көлеңкесінен» шығады. Түркістан, Сарыағаш және басқа да аудандардың дамуы қарқын алады.
Қазақстанмен көрші Өзбекстанның экономикасы да дамып келеді. Шымкенттен 100 шақырым жерде көрші елдің астанасы – Ташкент орналасқан. Бұл, бір жағынан, мол мүмкіндіктер ашқанымен, екінші жағынан, біраз тәуекел туындауы мүмкін. Қазақстанның солтүстік аймақтарының тұрғындары Ресейдің дамыған өңірлерімен көрші өмір сүрудің қандай екенін жақсы біледі. Челябинск, Екатеринбург, Новосібір секілді қаладарға еліміздің Қостанай, Петропавл, Өскемен қалаларынан қаншама адамдар кетті... Егер Астана болмағанда, елден көшіп кеткендер саны одан да көп болар ма еді. Қазақстанның оңтүстігінде біз кем дегенде Ташкенткен кем түспейтін жағдай құрып, ал ең дұрысы, синергия құруымыз керек. Ал республикалық мәртебесі бар қала осы бағыттағы маңызды қадам болмақ.

 

Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері:

18487554845 6572e6848b b

«Жарқын болашаққа өткенді ұмытпай қадам басу керек»

Шымқала мегаполис атанды дегенде өте қатты қуанғандардың бірімін. Себебі мегаполиске халықтың көзқарас ерекшелеу ғой. Көп жылдан бері қаланың миллионды қалаға айналуы баспасөз беттерінде жазылды. Елбасының өзі де облысқа келген әр сапарында Шымкенттің оң имиджін қалыптастыру жайында сөз қозғайды. Мінеки, көпшіліктің көңілінде жүрген жағдайдың ресми жағдайда шешімін тапқаны қуантарлық. Себебі, мегаполис атанып, республикалық деңгейге жоғарыласақ, біраз өзгерістер болады: жұмыс орындары көбейеді, инвестицияға жол ашылады. Талаптар үлкейеді, жұмыс ауқымды бола түседі. Одан бөлек, қалалық мекемелердің де қолдары ұзарып, мәселе шешу оңтайланады. Яғни, бұл орайда министрліктермен тікелей байланысуға да жол ашылмақ. Үшінші қалада, әсіресе, құрылыс қарқынды дами түсетіні анық. Республикалық маңызға ие шаһарда халықты тұрғын үймен қамту, жолдарды жөндеуге, инженерлік коммуникацияларды түгендеу мәселелері басты бағдар болатыны да анық. Халыққа да ең керегі осы ғой.

Мегаполис дәрежесіне сай болу үшін бізде барлық жағдай бар. Әлеует жеткілікті. Дегенмен, көптен бері шешілмей келе жатқан бірқатар мәселелер де бар. Соның бірі – Қошқар ата өзені. Облыс әкімі бастаған іскер азаматтар оны да абаттандыруға кірісіп жатыр. Бастамасы жаман емес. Одан кейін «Ескі шаһар» аумағын реттеу уақыт күттірмейтін іс. Себебі, қазіргідей жаһандану дәуірінде өткенімізді ұмытпай жарқын болашаққа қадам басу аса маңызды. Осы бағытта Шымқаланың көне орындарын келешек ұрпаққа қаз-қалпында сақтап, тарихты қастерлеу біздердің – аға ұрпақтың міндеті деп едім. Бұған қоса Шымкентті алда халықаралық іс-шаралар күтіп тұр. Соның бірі - қаламыз 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болмақ. Сол себепті де туристерді жұмылдыру, ұлттық құндылықтарымыз бен руханиятымызды дамытатын мәдени орындарды тезірек жаңғыртуымыз керек. Осы жұмыстар тезірек қолға алынса деймін.

 

Марат ТАМАБАЕВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

Тамабаев депутат

«Мегаполистің шеті мен шегі деген ұғым болмауы тиіс»

Шымкенттің үшінші мегаполис атануы туралы жаңалықты, әрине, қуана қабылдадық. Бұл - қаламыздың өсуі, жаңа белеске шығуы. Ол үшін әрбір шымқалалық қуанса, жарасады. Себебі осындау жаңа дәреже Шымкентке ең әуелі «республикалық маңызы бар қала» статусын береді. Бұл – жаңадан ашылатын бос жұмыс орындары, жұмыспен қамту саласындағы бірқатар мәселелердің шешімін табуы деген сөз. Кез келген салада ілгерілеушілік орын алмақ. Сонымен қатар Шымқала мегаполис дәрежесін алғаннан кейін тікелей Елордамен байланыс жасайды. 14 облыс және Алматы, Астана сынды маңызды қалалардың қатарында Шымкентке де қаражат республикалық бюджеттен қаралады. Бұның барлығы оң ілгерілеушілік әкелетініне барлығымыз сенеміз.
Жалпы, «Мегаполис» сөзі гректің «үлкен қала», «орталық» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан. Яғни, тұтас орталық. Демек, осы орталықтың шеті болмайды, яғни, «қаланың шеткі шағынаудандары» деген түсінік болмауы тиіс. Ол түгел бір мегаполис болғандықтан, ең әуелі шеткі елдімекендер мен тұрғын алаптардағы мәселелерді ретке келтіру қажет. Қазір облыс аумағынан қалаға енген ауылдар тұрғын алапқа айналды. Қаладағы жер беру тәртібі 10 соттықтан аспайды. Ал аталған тұрғын алаптарда 15, тіпті одан да көп жер телімдерін иемденіп отырғандар бар. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жүйеге байланысты жерді пайдаланудың бастапқы мақсатын өзгертуге тура келеді. Осы жағын заңдастыру жұмыстары толық аяқталса, дайынбыз деп айта аламыз.

 

Жанат Тәжиева, ОҚО білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы:

Тажиева-3

«Мегаполис тұрғындары білімді болуы керек»

Шымкент қаласының тұрғыны ретінде сүйікті қаламыздың өсіп-өркендеуі, еліміздегі әйгілі қалалар қатарына қосылуы туралы жаңалықты асқан мақтанышпен қарсы алдым. Мұның барлығы барлық шымқалалықтардың еңбегі деп білемін. Миллион тұрғынға жету жүрекке қуаныш сыйлайды. Ұлттық салт дәстүрімізді жоғалтпаған, батыл да, абыройлы ер-азаматтарымен, ақ жаулығын қастерлеген асыл аналарымен, ибалы қыздарымен ерекшеленетін Шымқаламыз ерекше қала екені бесенеден белгілі. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың есінде xалқының қонақжайлылығы, дәмі тіл үйіретін жеміс-жидегі мен жайған дастарxаны мәңгі есінде қалатын қасиетті Шымқаламыз кез келген марапатқа ие.
Білім беру саласының маманы ретінде айтарым – қазіргі заманда әлем оқығанның қолында. Жай ғана оқып қоймай, сапалы білім алып, заман көшіне ілескен жандар ғана мегаполис қарқынына үлес қосады. Қарыштап дамитын экономика үшін, алып қаланың көшінен қалмай жүру үшін миллионды қала тұрғындары білімді болуы тиіс. Себебі, «Ілімді білген әлемді басқарады» деген сөз бар. Енді еліміздің үшінші мегаполисі атанғалы отырған Шымкентте білім беру нысандарының саны арта түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде кей аудандарда оқушылар саны артып, мектептеріне әрең сыйып жүр. Балабақша кезегіндегі сәбилер қаншама. Орайы келгенде айтайық, қала билігі жыл сайын жаңа білім ошақтарын салу көлемін арттыруда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балалақшалар көбейіп, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі әлдеқайда жақсарды. Мектептер де көбейіп келеді. Жуырда ғана Шымкентте 4 қабатты мектеп салуға рұқсат берілді. Осылайша бір мектепте оқитын оқушылар санын да көбейтуге қадам жасалды деген сөз.

 

Рамазан БЕКТҰРҒАНОВ, Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері:

дәрігер Рамазан

«Денсаулық сақтау саласы жаңа белеске көтеріледі»

Мегаполис дегенде ойға бірге оралатыны - дүниежүзінде миллионер қалалар саны көп. Жалпы, миллионер қалаларда сәулет құрылысы, технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып, өркениетттің шыңына жеткен дүниелерімен дара. Сол секілді Шымкенттің жаңа статусы ерекше құндылықтармен толығатыны анық. Тұрғындардың да білім мен мәдениет көшіне ұмтылысы артады. Денсаулық сақтау саласында да соны өзгерістер болады деп сенеміз.
Соңғы жылдары Шымшаһарда көптеген өзгерістер болды, жаңа шағынаудандар құрылып, инфрақұрылымдар салынып, сәт сайын қала жаңа ғимараттармен толығуда. Сондай-ақ, қаламызда Арбат құрылысы басталып, Қошқар ата өзені қайта көріктендірілуде, шатқалдарға жасыл желектер отырғызылды. Мұның барлығы өз кезегінде халықтың денсаулығына, салауатты өмір салтын ұстануына оң ықпалын тигізеді. Сондықтан шаһар бұдан да көркейіп, ерекше келбетімен дамитынына сенімдімін.
Шымкентке енді республикалық дәрежедегі қала атауы ресми түрде бекітілгеннен кейін нақты жұмыстар атқарылады. Миллионды қала халқының әл-ауқаты жақсы, денсаулығы мықты болып, ел игілігі үшін қызмет етуі маңызды. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласындағы жаңа реформалар бірінші кезекте халықтың саулығын жақсартуға негізделген. Және жүйені жүзеге асыруда мегаполис тұрғындарының белсенділігі маңызды. Сол себепті миллионға жуық шымқалалықтардың денсаулығын жақсарту ісі жаңа белеске көтерілуі тиіс. Ауруханалар мен емханалар санын көбейту және ірілендіру, оларды жаңа технологиялармен толыққанды қамтамасыз ету арқылы сапалы медициналық қызмет көрсету ісін қолдау қажет.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.